Жанкүйерлерімді қуантуға бар күшімді саламын – Батыр Жүкембаев
Жанкүйерлерімді қуантуға бар күшімді саламын – Батыр Жүкембаев
218
оқылды

29   мамырда бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) Лос-Анджелесте Пуэрто-Рико өкілі Сабриэль Матиаспен (16-1, 16 КО) кезекті айқасын өткізеді. Жекпе-жекке дайындық барысы туралы боксшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Батыр, сіз бұған дейінгі кездесулеріңіздің бар­лығын Канадада өткіздіңіз. Көптен күткен Америкадағы алғашқы айқасыңызға дайынды­ғыңыз қалай? Сабриэльдің мықты, осал тұсын зерттей алдыңыз ба? Қарсыласыңыз туралы не айтасыз? – Барлық қарсыласыма үлкен құрметпен қа­раймын. Аллаға шүкір, дайындық ойдағыдай өтіп жатыр. Бапкерім Мэни Роблес өзінің ақыл-кеңесін айтып, нұсқауын беруде. Со­ны­мен қатар соққы техникасы бойынша жұ­мы­сымды жақсарту үшін қазақстандық бапкер Қанат Алтаевты АҚШ-қа шақырдық. Мадияр Әшкеев те маған функционалды дайындықта көмектесуде және өзінің тә­жірибесімен бөлісіп жатыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен үшін бұл жекпе-жек АҚШ-тағы дебюттік кез­десу болмақ. Жартылай орта салмақта Әлем чемпионы титулына үміткерді анықтау үшін өтетін жекпе-жек IBF-тен «төрттіктің тур­нирі» деп аталатын кеш аясында ұйым­дастырылады. Бұл жекпе-жекті әйгілі әлемге танымал америкалық шоутайм телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Лос-Анджелестегі Dignity Health Sports Park арена 27 мың адамды сыйдыра алады. Сол кездесуді «Хабар»  телеар­на­сы да тікелей эфирден көр­сетеді. Қарсы­ла­сым қарымды. Бірақ ол да бұған дейін мен се­кілді боксшымен әлі кез­дескен жоқ. Сон­дық­тан бокс жанкүйерлері бұл күні тартысқа то­лы айқас көруге асық. Дебютті кездесуімді жеңіспен аяқтауға ба­рымды саламын.

Жылдың аяғына дейін 2-3 жекпе-жек өткізуді жос­пар­лап отырмыз. Сабриэль Ма­тиас арасындағы жекпе-жекте жеңіске жетсем үлкен кездесулерге, чемпиондық айқастарға жол ашылады.

– Бір сұхбатыңызда осы жылы үш-төрт жек­пе-жек өткізуді жоспарлап отырғаныңызды айтыпсыз. Ал өткен жылы бір кездесудің куәсі бол­дық. Алдағы уақытта қай боксшылармен кездескіңіз келеді? 2021 жылы қандай белестерді бағындыруды мақсат тұтып отырсыз? – Өздеріңіз білесіздер, жылдың басында Аме­рикаға виза жасаттық. Командада көп­теген өзгеріс болды. Ең бастысы, жаңа бап­кер­мен келісімшартқа отырдық. Қазір жаңа ме­неджермен жұмыс істеудеміз. Америкаға қо­ныс аударуға да біраз уақыт кетті. Жылдың аяғына дейін 2-3 жекпе-жек өткізуді жос­пар­лап отырмыз. Сабриэль Ма­тиас арасындағы жекпе-жекте жеңіске жетсем үлкен кездесу­лерге, чемпиондық айқастарға жол ашылады. Басты мақсатым – IBF тұ­жы­ры­мы аясындағы қойылған жоспарды орын­дау. – Бұған дейін өткізген 18 жекпе-жектің бә­рін­де жеңіске жетіп, оның 14-ін уақытынан бұрын аяқтадыңыз. Алдағы жауапты айқастарда да сәттілік тілейміз. Ендігі кездесулеріңізді АҚШ-та өткізесіз бе? Канадағы өмір ағыны, жат­тығу жұмыстары, жекпе-жектер өміріңізге қан­шалықты өзгеріс әкеле алды? – Қазір 18 жекпе-жектің барлығы бүгінге дейін­ жүріп өткен жолым десе де болады. Біз оған үлкен еңбектің арқасында жеттік. Менің бұл деңгейге көтерілуіме командаластарымның сіңірген еңбегі орасан зор. Ал Сабриэльмен кездесу – бұл менің мансабымдағы екінші бір жаңа кезең. Қазір мен әлемнің қай түкпірінде болса да жекпе-жек өткізуге дайынмын. Не­гізгі мақсаттың бірі – америкалық бокс нары­ғын бағындыру, BATYR 777 брендін дүние­жүзіне танымал ету. Бұл үшін жаңа менеджер де, бапкер де, бүкіл команда бірлесе жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесін алдағы уақытта көретін боласыздар. – Жекпе-жек алдында жанкүйерлерге айтар тілегіңіз. – Әрқашан жанкүйерлеріме үлкен құрметпен қараймын. Олардың маған қолдау көрсетіп, менің мансабымды жіті қадағалап жүргенін де сеземін. Әрқайсысының қолдауы маған үлкен шабыт сыйлайды. Көптеген қазақстандық  кезекті жекпе-жек алдында маған сәттілік тілеп, сенім артып отыр. Бұл мені шабыттандырады. Америкадағы айқасымды асыға күтіп, тақым қысып отырған жанкүйерлерімді қуантуға тырысамын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ