HRW Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекке қозғалған істі жабуға шақырды
HRW Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекке қозғалған істі жабуға шақырды
214
оқылды

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды сатиралық материал жариялағаны үшін тергеліп жатқан Инстаграмдағы Qaznews24 парақшасының жетекшісі Темірлан Еңсебекке қозғалған қылмыстық істі жабуға шақырды.

15 мамырда полицейлер Еңсебектің үйіне тінту жүргізіп, кеңсе техникасын алып кеткен. Өзін бірнеше сағат тергеп, босатқан. Қазір ол "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалған істе қорғалу құқығы бар куәгер ретінде танылған. "Пікір еркіндігін құрметтеу мен қорғау дегеніміз – бұл халыққа қорықпай сын айтып, әзілдеуіне мүмкіндік беру. Қазақ үкіметі бұған жол бермес үшін бейбіт түрде сыни көзқарасын жеткізгендерді қылмыстық жауапкершілікке тартатын (мысалы, Қылмыстық кодекстегі 274-бап - HRW) заңды өзгертуі немесе күшін жоюға тиіс" делінген ұйымның 20 мамырда таратқан хабарламасында. Мәлімдеме авторлары "бәлкім, билік Қазақстанда сатираға жол жоқ дегенді жеткізгісі келген болар, алайда өздерінің қалжыңды қабылдай алмайтынын ғана көрсетті" дейді. Бұған дейін Қазақстандағы журналистер қауымдастығы және баспасөз қорғау ұйымы Еңсебекті қудаламауды, "жалған ақпарат тарату" бабын репрессия мақсатында пайдаланбауды, істің ашық жүргізілуін талап еткен. Журналистер қауымдастығының "Сатира – қылмыс емес" атты ішкі істер министріне бағыттаған үндеуі бірнеше сайтта жарық көрді. "Шекарасыз тілшілер" де журналистер құқығын қорғау ұйымы (RSF) да Еңсебектің тергелуіне байланысты мәлімдеме жасап, Қазақстан билігін сөз бостандығын құрметтеуге шақырды. Qaznews24 паблигінде қазір ештеңе жоқ. Адвокат Жанар Балғабаева HRW ұйымына Еңсебектің аккаунтты 30 сәуірде яғни, тергеуге дейін екі апта бұрын өз еркімен жапқанын айтқан. Бұрындары онда желіде көп пікірталас тудырған даулы посттар жарияланып тұратын. Бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай статусын беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған. Пабликтің профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоғы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.