ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері 42 әкімшілік хаттама толтырды, оның ішінде 34 хаттама сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша, — деп хабарлайды zakon.kz.
Олардың арасында "Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі" бабымен — 14 тұлға, "Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау" бабымен 10 тұлға істі болды. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 5-еуі — облыстық маңызы бар басшылар, 3-еуі — аудандық және 1-еуі — қалалық.
Көп жағдайда әкімшілік жауапкершілікке жергілікті атқарушы органдардың — 19, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың — 6 және құқық қорғау органдарының — 1 қызметкері мен жұмыскерлері тартылды.
Мысалы, ӘҚБтК-нің 681-бабына сәйкес бұрын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері бойынша Батыс Қазақстан облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Есендияров, Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Ғабдуллин, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Якен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығына 50-ден 100 АЕК-ке дейін әкімшілік жаза тағайындалды.
ӘҚБтК–нің 676-бабына сәйкес жеке тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы беру бойынша:
— Павлодар облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас бухгалтері Абельдиновадан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жоғары тұрған басшысы Алтыбаеваға 10 мың теңге көлемінде заңсыз материалдық сыйақы және жалпы құны 3 600 теңге болатын кәмпит қорабы мен шарап бөтелкесі түріндегі сыйлық бергені үшін 100 АЕК мөлшерінде (291,7 мың теңге).
— Атырау облысында "Атырау облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының" басшысы Бисенғалиевтан Комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұртазинаға құны 10 мың теңге болатын балық өнімдері түріндегі заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін 100 АЕК (291,7 мың теңге) көлемінде айыппұлдар өндіріп алынды.
Осыған ұқсас фактілер Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 159,2 млн теңгені құрады, 154,3 млн теңге өндірілді. Соттар 9 әкімшілік іс жүргізуді қарады. 28 — қысқартылған өндіріс тәртібімен қаралды (ӘҚБтК 810-бабы), тағы 4-еуі — сотта қаралуда, 1-еуі ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды.
Айта кетсек, биыл 5 сәуірден бастап ӘҚБтК-не енгізілген өзгерістерге сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке Кодекстің кейіннен соттар қарайтын 15-бабы бойынша хаттамалар жасау арқылы әкімшілік істерді қозғау құқығы берілген.