Абай ескерткішін ластаған павлодарлық жігіт 7 тәулікке қамалды
Абай ескерткішін ластаған павлодарлық жігіт 7 тәулікке қамалды
179
оқылды
Абай ескерткішіне жұмыртқа мен дәретхана қағазын лақтырған павлодарлық жігіт бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті тәулікке қамалды. 21 жастағы жігіттің ісін Павлодардың мамандандырылған әкімшілік соты қарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Павлодар тұрғыны ұсақ бұзақылық үшін кінәлі деп танылды. Сотта оқиғаның мән-жайы анықталды.
"Сотта павлодарлық әрекетін мойындады, өкінетінін айтып, бұзақылық ниетпен дүкеннен жұмыртқа мен дәретхана қағазын алдын ала сатып алып, Павлодардың орталық алаңына барғанын, сосын ондағы ескерткішке жұмыртқа мен дәретхана қағазын лақтырғанын айтты", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметіндегілер.
Сот мәліметінше, жігіт қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде бармен болып жұмыс істейді және бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.
"Сот Павлодар тұрғынын ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамау тағайындады. Бұған дейін ол 2018 жылдың қарашасында көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ бола тұра, жол-көлік оқиғасын жасағаны және оқиға орнынан кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған", – деп атап өтті соттың баспасөз қызметіндегілер.