Теміртауда ұры үй иелерін ұйықтап жатқанда тонап кетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
7 мамыр күні Теміртау қалалық ПБ-ға қарасты Ескі қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 58 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Жәбірленуші азамат белгісіз біреу үйіне ұрлыққа түсіп, пәтерінен ноутбук және екі ұялы телефон ұрлап кеткені туралы арызданған. Оған келтірілген шығын көлемі 195 мың теңгені құрайды.
Полиция қызметкерлері ұрлық түнгі уақытта үй иелері мен екі баласы үйде ұйықтап жатқанда болғанын анықтады. Күдікті пәтердің ашық тұрған терезесінен кіргені белгілі болды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
20 мамыр күні полицияға 23 жастағы қала тұрғыны шағымданып, белгісіз біреудің бірінші қабатта орналасқан пәтеріне кіріп, құны 275 мыңға бағаланған ұялы телефоны мен қол сағатын ұрлап кеткені туралы айтқан. Анықталғандай, жәбірленуші түнде жатар алдында үйінің терезесін ашып қойған. Екі арызды зерделеген тәртіп сақшылары бұл қылмыстарды бір адамның жасауы мүмкін деген қорытындыға келген.
Полиция қызметкерлері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 23 жастағы күдікті ұсталды. Одан алты айғақ зат тәркіленді. Күдікті ұрлыққа түскенін мойындады. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.