Жаһандану заманында мемлекеттің білім беру саясатында, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің алдына қойған басты мақсаты – кәсіби мамандарды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру. Себебі орта буын мамандары мен жоғары білікті жұмысшы кадрларды даярлау – еліміздің экономикалық дамуын тұрақты қамтамасыз ететін міндеттердің бірі. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «Кәсіптік-техникалық және жоғары білім, ең алдымен, ұлттық экономикада ағымдағы және келешектегі мамандар қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Сонымен қатар білікті мамандар даярлауда мемлекет пен бизнестің серіктестігін дамыту қажет», - деген еді. Еліміздегі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дәстүрлі әдіс-тәсілдерді қайта қарастыру керектігі анықталды. Қазақстандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заманауи нарықтық талаптарға бейімдеу мәселесі туындады. Ол үшін оқыту үрдісін ұйымдастыруда озық шетелдік тәжірибені қолдану, инновациялық технологияларды енгізу, оқыту үрдісін компьютерлендіру, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту сияқты маңызды шаралар кезек күттірмес мәселеге айналды. Күтілетін нәтиже - болашақ мамандардың біліктілік деңгейлерін жоғарылатуға ықпал ету еді. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірленді. Аталған бағдарлама қазақстандық білім беру үрдісін қоғам мен экономиканың индустриалды-инновациялық дамуына байланысты жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар, бағдарламада 2025 жылға қарай мемлекет пен бизнестің арасындағы серіктестікті, дуалды оқытуды дамыту мақсатында бірнеше тапсырма берілген болатын. Біріншісі, дуалды оқыту үрдісін енгізу мақсатында бизнес пен кәсіби қауымдастықты ТжКБ-ны дамытуға және кадрлар даярлауға белсенді қатыстыру; екіншісі, оқу процесінде Worldskills бағалау жүйесін енгізу; үшіншісі, халықаралық салалық стандарттарды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына енгізу. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында, сондай-ақ жалпы әлемде де, кәсіптік-техникалық маман иелері және білікті жұмыс кадрлары жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін бірқатар жобалар әзірленді. Солардың бірі де бірегейі ол – дуалды оқыту жүйесі. Отандық сарапшылар әлемдік тәжірибені саралай келе, дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін жоғары бағалауда. Кәсіби білім саласына біртіндеп білікті мамандар даярлау үшін бизнес пен кәсіби қауымдастықты техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға және кадрлар даярлауға белсенді тартудың маңыздылығына тоқталды. Экономикасы дамыған елдер мамандар даярлауда мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктің, соның ішінде дуалды оқыту жүйесінің тиімділігіне баяғыдан көз жеткізді. Қазақстанда «тәжірибеде бекітілген теория» форматында диплом алу қағидасын енгізу бойынша барлық 16 аймақтағы колледждер базасында (ауыл шаруашылық, көлік, металлургия мен машина құрастыру, мұнай-газ, химиялық өндіріс т.б. салалар) 24 эксперименттік алаң ұйымдастырылды. Өндіріс орындары тарапынан тәжірибеден өту үшін 170 мыңнан жұмыс орны, 5,1 мың орынға оқуға тапсырыс беріліп, жұмыс берушілер есебінен шәкіртақы төленді және саланы дамыту үшін жаңа әдістер мен жолдар іздестірілді. Ал енді бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында да дуалды оқытуды дамыту бойынша қандай істер атқарылуда, соған қысқаша тоқталайық. Елордалық білім басқармасының алғашқы қадамы ҚР БҒМ 2019 жылғы 10 шілдедегі бұйрығына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған жоспарын бекітуден басталды. Оның басым бағыттарының бірі - дуалды оқыту жүйесін одан әрі жетілдіру болып табылады. Мақсат – дуалды оқыту әдісіне астаналық оқу орындарын барынша көбірек тарту еді. Елордалық білім беру нарығында 34 колледж қызмет көрсетеді. Олардың 9 - мемлекеттік, 25 – жеке меншік нысанда. Аталған білім беру мекемелерінде жалпы саны 26 492 шәкірт білім алуда. Олардың 14 085 мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды. Қазіргі уақытта дуалды оқытуға 34 мамандық және 60 біліктілік бойынша 26 колледж қатысады. Бұл процеске елордадағы 189 кәсіпорынды тарту арқылы 3575 студент қамтылды. Дуалды оқыту аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы студенттерінің үлесі – 24,7 %, яғни 3462 студентті құрайды. Талдау көрсеткендей, соңғы бес жылда дуалды оқытумен қамтылған студенттер саны 3 424 адамға артты. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл көрсеткіш 2016 жылы бар болғаны 151 адамды құраған болатын. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы, Кәсіпкерлер Палатасы, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында өзара ынтымақтастық, жұмысқа орналасу және өндірістік практикадан өту туралы 312 келісімшарт пен меморандум жасалды. Меморандумның мақсаты – келешекте түлектерді жұмыспен қамту болатын. Дуалды оқыту аясында түлектерді жұмысқа орналастыру жұмыс берушінің талаптарына сай және өндірістің сұраныстарына толық жауап береді. Нәтижесінде түлектерді жұмыспен қамту анағұрлым артты. Мысалы, өткен жылғы елдегі пандемияға қарамастан қала колледждерін 6603 адам бітіріп, олардың 6081 жұмыспен қамтылды. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп мақтанышпен айтуға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, дуалды оқыту жүйесінің негізгі элементтері елімізде 2012 жылдан бастап енгізілді. Сол уақытта Нұр-Сұлтан қаласының Жоғары көлік және коммуникация колледжі де осы жобаға еніп, дуалды оқыту жүйесінің элементтерін енгізу бойынша алғашқы эксперименттік алаңға айналды. Осы ретте колледж қандай істер атқаруда, сол туралы қысқаша баяндасақ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ "Жоғары көлік және коммуникация колледжі" МКК-да дуалды оқытуды енгізу 2012 жылдан басталды. 2012 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, "Қазақстан темір жолы"ҰК" АҚ және Колледж арасында 4 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесін ұйымдастыру аясында ынтымақтастық туралы үш жақты келісімшарт жасалды. Бұл Келісімшарттардың маңызы - теміржол саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстарды жүргізу болып табылады. Білім басқармасының 09.12.2013 жылғы №673 бұйрығымен колледжде дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша эксперименттік жоба басталды. Осы Жоба аясында колледж студенттері ҚТЖ ҰК АҚ филиалы Теміржол қызметкерлерін бағалау және дамыту орталығында практикалық оқудан өтіп, соңында біліктілік сынақтарын тапсырды. Оның қорытындысы бойынша студенттерге ҚТЖ- ның бөлімшелерінде жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін «Біліктілікті беру туралы» куәлік тапсырылады. 2017 жылы эксперименттік алаң аяқталғаннан кейін колледждің 79 бітіруші түлегі ҚТЖ-ның филиалдары бойынша жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда колледж 14 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Осы уақытта соның 6 мамандығы дуалдық оқытумен қамтылған. Дуалды жүйенің басты ерекшелігі - оқыту үрдісінің басым бөлігі білім беру мекемесінде емес, керісінше, өндіріс орындарында өтеді. Сонымен қатар, оқу жоспарын жұмыс беруші мен оқу орны бірге құрастырады. Жоспарда білім алушының дипломдық жобаға дейінгі бүкіл білім алу траекториясы анықталады. Жұмыс берушілер білім беру мекемелерімен серіктестік орнату арқылы, болашақ мамандардың кәсіптік деңгейін ерте кезден бастап-ақ анықтап және кадрлық резервтерге тіркей алады. Оқытудың дуалды жүйесінің басты артықшылығы да сонда – бұл бизнестің, болашақ маман мен мемлекет мүдделерінің тоғысуы. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесі кәсіпорын үшін жұмыскерлерді іріктеу барысында уақытты және оларды қайта даярлауға жұмсалатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Жұмысқа қабылдау кезінде бизнес өкілдерін түлектердің теориялық білімі емес, ең бастысы олардың кәсіби біліктілігі қызықтырады. Нәтижесінде жұмыс берушілер түлектердің ішінен өздеріне керек маманды таңдап алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, дуалды оқыту жүйесі – болашақ мамандардың жұмысқа тез бейімделуіне, яғни социализациядан өтуіне де мол мүмкіндік береді. Бұл ретте «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлік палатасының да атқарып отырған қызметі өте маңызды. Тек соңғы екі жарым жылда, оқу орны 163 (Колледж, студент және кәсіпорын) үшжақты келісімшарттар жасады. Барлық келісімшарттар «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлік палатасының реестрінде тіркелген. Бұл өз кезегінде студенттердің білім сапасы, кәсіби біліктілігі және жұмысқа орналасу көрсеткіштері жоғарылады. Оқу орны қабырғасында білім алумен қатар, студенттер өндірістегі атқарған жұмыстары үшін еңбекақы алады. Бұл да өз кезегінде болашақ маман үшін үлкен мотивация. Осы тұрғыдан алғанда дуалды оқыту жүйесі – заман талабы. Білім беру мекемелері де кәсіпорындармен іскерлік қатынасты дамытуға мүдделі. Себебі олар өндірістегі үрдістердің ағымдағы жағдайы туралы жедел ақпарат алып, сол арқылы білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізуге, әрі арнайы пәндерді жетілдіру мүмкіндігіне ие болады.Сонымен бірге, оқу орны да өндіріспен тығыз байланыс орнатқан. Мысалы, тек соңғы 3 жылда оқу орнында қызмет ететін 57 арнайы пәндер оқытушылары кәсіпорындарда өздерінің біліктілігін арттырды. Бұл деген өз кезегінде ұстаздардың заманауи техникалармен танысуына жәнеде оларды теориялық сабақтарға пайдалануына мүмкіндік береді. Соңғы жылдары колледж Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен халықаралық ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайту бағытында белсенді еңбек етуде. Дуалдық оқыту және тәжірибе алмасу бойынша Беларусь мемлекетінің «Республикалық кәсіптік білім беру институты» және Е.П.Юшкевич атындағы Минск мемлекеттік темір жол көлігінің кәсіптік-техникалық колледжі, сондай-ақ Петербург Мемлекеттік жол қатынастары университетімен ұзақ мерзімге меморандум жасалды. Петербург Мемлекеттік жол қатынастары университеті жанындағы Темір жол техникумымен 2018 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғашқы болып екі жақты студенттер мен оқытушылар арасында студенттік мобилдік топ жобасы жүзеге асырылып келеді. 2020 жылы қараша айында жоғары колледж студенттері тұңғыш рет Қазақстан Республикасы атынан 3 Темір жол мамандықтары бойынша Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған Worldskills Russia - 2020 халықаралық чемпионатына қатысып жүлделі орынмен оралды. Бұл да өз кезегінде дуалды оқытуды дамытуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар жоғары колледж ұжымы республикалық «Жас маман» жобасына қатысып, жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда ұжым осы жобаны іске асыру мақсатында үлкен жұмыстар атқаруда. Мақсат- келешекте оқу орны базасында Құзыреттілік орталығын ашып, дуалды оқытудың ареалын одан әрі кеңейту және темір жол саласындағы мамандарды даярлап қана қоймай, келешекте оларды қайта даярлаудан өткізу. Тағы да бір қуанарлық және құптарлық қадам - 2021 жылғы Білім және ғылым министірлігінің «Білім туралы» заңға енгізген оң өзгерістері мен жаңалықтары. Нақтырақ айтқанда, бұрын колледждерді бітірген түлектер еңбек өтілі болмағаны үшін жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болатын. Енді, жаңа заңға сәйкес «Еңбек кодексіндегі» еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуалды оқыту туралы норма енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіретін болады. Сонымен бірге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне де бірқатар тың өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтқанда, практика кезінде студенттерге кететін қосымша шығындар мемлекет тарапынан өтелетін болды және де өндірістен тартылатын тәлімгерлерге төленетін қаржы т.с.с. Осының барлығы да қыруар қаржы мен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. Қорыта айтқанда, Елбасы, Ұлт лидері Н.Ә.Назарбаевтың «Елімізде алдағы 2-3 жылда дуалды оқытудың ұлттық моделін қалыптастыру керек» деген тапсырмасы ойдағыдай рет-ретімен жүзеге асырылуда. Дана халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз бар. Ендігі жерде осы белгіленген жоспарларды орындау баршамызға үлкен міндеттерді жүктейді.
Зулфухар Сұлтанұлы Ғайыпов,
саясаттану ғылымдарының докторы, Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы ТжКББ ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы