Спорттың серті – жеңіс! Жеңістің де жеңісі бар. Мәселен, жеңіл атлетшілер мен жүзушілердің айтулы жарыстарында әлем және олимпиада рекорды, ұлттық рекордтар жиі жаңғырады. Күрес пен бокста рекорд өте сирек жасалады. Мысалы, грек-рим күресінің баһадүрі, орыс алыбы Александр Карелин дүние жүзі бойынша 9 мәрте әлем чемпионы атанған жалғыз балуан! Карелиннің бұл рекордын бұзатын балуан дүниеге келді ме, келмеді ме, ол жағы бір Аллаға аян. Еркін күрестен атақты Александр Медведьтің рекордын жарты ғасырға таяу уақыттан бері әлі ешкім өзгерте алған жоқ. Медведь олимпиада ойындарының 3 мәрте, дүние жүзінің 7 дүркін чемпионы! Ал 100 метрге жарысқан ұшпа жүйріктер кейінгі 50 жылда дүниежүзілік рекордты 23 рет аударып-төңкеріп тастаған екен. Жүзудегі рекордтар да жыл сайын суша сапырылып жатады. Ауыр атлетикадағы рекордтарға да әзірге тоқтау болмай тұр.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ жастары да спортқа ден қоя бастады. Алаш ұландарынан рекорд жасаған бірінші спортшы ретінде желаяқ Хамза Мұхамеджанұлы аталады. Хамза ағамыз 1937 жылы 100 метрді 11,2 секундта жүгіріп өтіп, Қазақстан рекордын жаңғыртумен қатар, Кеңес Одағының таңдаулы жүйріктерінің қатарына қосылыпты. Деректерге жүгінсек, Хамза Мұхамеджанұлымен үзеңгі қағыстыра жүгірген Жамал Әлметова, Зоя Нүсіпбекова секілді жүйрік қыздарымыз сол жылдардың өзінде талай жарыстарда олжа салған екен.Иә, ХХ ғасырдың ортасынан бастап қазақ жастары заман ағымына қарай спорттың әр түрін тізгіндей бастады. Солардың арасынан маңдайы жарқырап талай дүлдүлдер шықты. Талай рекордшылар топ жарды. Енді ұлтымыздың намыс туын биікке көтеріп, тыңнан түрен тартқан саңлақтарымыздың бір шоғырын атап өтейік. КОНКИШІ ОРАЗ ҚАҢЛЫБАЕВ. Ораз Мұсағалиұлы бірнеше қашықтыққа жарыста Қазақ елінің бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы атанып, 1953-1957 жылдары Кеңес Одағы құрамасы сапында сынға түсті. Қаңлыбаев олимпиялық спорт түрлерінен совет құрамасына алынған бірінші қазақ спортшысы. Қазақстан конькишілерінен тұңғыш «КСРО спорт шебері» Ораз Мұсағалиұлы 1952-1953 жылғы қысқы спорт маусымының қорытындысында дүние жүзі бойынша 10 000 метрге жүгіруде 17 минут 22.4 секунд нәтижемен - алтыншы, 500 метрде 43.7 секундпен - жиырма екінші, үлкен көпсайыста 194.650 ұпаймен - он үшінші орынға табан тіреді. Бұл жөнінде «Советский спорт» газетінің 1953 жылғы 9 мамырдағы санында нақты дерек бар. Сол маусымның соңында Қаңлыбаев әлемдегі ең таңдаулы 25 конькишінің қатарына енді. Ораздың жоғарыдағы көрсеткіштері сол тұстағы Қазақстан рекордтары десек, қателеспейміз. Ораз Қаңлыбаев Кеңес Одағының чемпионы атағына «Динамо» спорт қоғамы құрамасы сапында бірнеше мәрте қол жеткізді. 1955 жылы Қытай Халық Республикасының ашық біріншілігінде 2 мәрте жеңімпаз атанды. Қазақстанның 12 дүркін чемпионы. Яғни, коньки спортынан тұңғыш жеңімпазымыз да, рекордшымыз да Ораз ағамыз екені дау туғызбайды. [caption id="attachment_139671" align="alignnone" width="950"] Ораз Қаңлыбаев[/caption] ЖҮЗУШІ БАҚИ ЕЛҒОНДИЕВ. 1950 жылдары 800,1500 метрге жарысудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы. Нағыз бесаспап спортшы. Қазіргі бессайыстан, қазақ күресінен, грек-рим күресінен республика чемпионы. 1967 жылы Бақи Елғондиев баптаған Қазақстан бессайыс құрамасы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасында командалық үшінші орынға ие болды. МЕРГЕН ГҮЛШАТ МАЙЛЫБАЕВА. 1953 жылы мылтық атушы Гүлшат Майлыбаева қазақ қыздарынан бірінші болып «Кеңес Одағының спорт шебері» атағына қол жеткізді. Гүлшат апамыз Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы атанумен бірге, 1956 жылы Кеңес Одағының спорт қоғамдары арасындағы чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Жатып атудан 200 мүмкіндіктен 200 оқты нысанаға дәл тигізіп, Қазақстанның абсолютті рекордын орнатты. АТШАБАР КӘСТЕКБАЙ РАХМЕТЖАНОВ. 1953 жылы астындағы жүйрігімен 24 сағатта 311,6 шақырымды артқа тастап, Кеңес Одағының жаңа рекордын ауыздықтады. Осы тамаша спорттық нәтижесі үшін Кәстекбай ағамыз спорт шебері атағына ие болды. Алматы облысы, Қастек қой совхозының тұрғыны. АТШАБАР РАЙХАН ӘБІЛАХАТОВА. 1958 жылы 11 мамыр күні Мәскеудегі орталық ипподромда қылқұйрықтардың 1800 метрге ұшпа жарысында қазақ қызы Райхан ауыздықтаған тұлпар 2 минут 03,3 секунд нәтижемен бүкілодақтық жарыстың бас бәйгесін жеңіп алды. Райхан апамыздың бұл нәтижесі Кеңес Одағының жаңа рекорды болатын. Райхан Әбілахатова - 1959 жылы Хелсинкиде болған жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде ат жарысынан бас бәйгені жеңіп алды. Қысқасы, қазақ қыздарының ішінен ат спорты бойынша халықаралық аренада топ жарған ең алғашқы сплортшымыз Райхан Әбілахатова екені дау туғызбайды. [caption id="attachment_139673" align="alignnone" width="479"] Райхан Әбілахатова[/caption] ЖЕЛАЯҚ ҒҰСМАН ҚОСАНОВ. 4х100 метрге эстафеталық жарыста Рим олимпиадасының күміс жүлдегері. Яғни, қазақтан шыққан бірінші Олимпиада жүлдегері Ғұсман ағамыз екен. Қосанов 1962 жылы 100 метрді 10.2 секундта артқа тастап, одақ рекордын қайталады әрі Қазақстан рекордын жаңғыртты. Қосановтың бұл нәтижесі жетпісінші жылдардың соңына қарай өзгерді. Ғұсман аға осы рекордымен сол жылдары әлемдегі ең ұшқыр спринтерлердің қатарында тұрды. ( 1960-1968 жылдарда 100 метрдегі әлемдік рекорд 10.00 секундқа тең болды). Ғұсманның 1962 жылы 200 метрдегі республикалық рекорды (21.2 секунд) бірнеше жыл сақталды. 1965 жылы құрамында Ғ.Қосанов пен Ә. Тұяқов жүгірген Кеңес Одағының эстафеталық құрамасы 4х100 метрге жарыста АҚШ жүйріктерін артқа тастаумен қатар, жаңа одақ рекордын өмірге әкелді. [caption id="attachment_139675" align="alignnone" width="1200"] Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов[/caption] ЖЕЛАЯҚ ӘМИН ТҰЯҚОВ. 4х100 метрге эстафеталық жарыста 1965 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы. Осы бәсекеде совет жүйріктері 39.4 секунд нәтижемен Еуропа рекордын ілгері жылжытты. Яғни, Әмин Елемесұлы Еуропа рекордын ауыздықтаған бірінші қазақ желаяғы. Әмин Тұяқов 1965 жылы Кеңес Одағының чемпионатында 200 метрді 20.6 секундта зулап өтіп, одақ рекордшысы атанды. Тұяқовтың бұл рекорды 1968 жылы ғана өзгерді. Әмин Тұяқов - 200 метрге жарысуда 1962, 1965, 1966, 1967 жылдардағы, 4х100 метрге эстафеталық сында 1962,1963 жылдардағы Кеңес Одағының чемпионы. Білген адамға бұл да рекорд. Өкінішке қарай, содан бері алпыс жылға таяу уақыт өтсе де, Әмин Елемесұлының деңгейінде бір қазақ желаяғын баптауға жарамадық. Тұяқов 1965 жылы 100 метрді 10.2 секундта жүгіріп өтіп, одақ рекордын қайталады. 100 метрге жүгіруде Кеңес Одағы чемпионатының 3 дүркін күміс (1963,1965,1967 ж.ж.), 2 мәрте қола жүлдегері (1962,1964 ж.ж.). ЖЕЛАЯҚ СОВЕТ ИСАМБАЕВ. 1958 жылы Рига қаласында Кеңес Одағының оқушылар спартакиадасында 800 метрге жарысуда топ жарды. 1959 жылы советтің жастар арасындағы біріншілігінде 800,1500 метр қашықтықтарда алтын медальді қанжығаға байлады. Кеңес Одағы мен Қазақстанның рекордшысы. Кросс жарысынан «Правда», «Известия» газеттерінің жүлдесі үшін бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы. Ересектер арасында Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. АТШАБАР МЕЛС ЕЛГЕЗЕРОВ. 1958 жылы 13 жасында бәйге атымен 16 шақырымды 23 минут 25 секундта шауып өтіп, Қазақстанның жаңа рекордының тұсауын кескен қазақ баласы. Мелс Елгезеров 14 жасында ат спортынан республиканың спорт шебері атағына қол жеткізді. БИІКТІККЕ СЕКІРУШІ САРА НАРМЕТОВА. ХХ ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардағы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы. С. Нарметова 1959 жылы Кеңес Одағы халықтарының спартакиадасында республика намысын қорғады. ЖЕЛАЯҚ ЕСКЕНДІР ЖАМБЫЛОВ. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары 400 метрге кедергілер арқылы жарысудан Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы әрі рекордшысы. ЖЕЛАЯҚ БЕКЕН КҮРЕҢКЕЕВ. 1967 жылы оқушылардың бүкілодақтық спартакиадасында 3000 метрлік қашықтықты 8 минут 34 секундта артқа тастап, Кеңес Одағының рекордшысы атанды. ЖҮЗУШІ ӘЛИХАН ШОРТАНБАЕВ. 1964 жылы 100 метрді баттерфляй әдісімен жүзуде Қазақстан рекордын (1минут 05.8 секунд) орнатты. Ә. Шортанбаев сол жылдардағы республиканың мықты жүзушілерінің бірі. АУДАРЫСПАҚ ШЕБЕРІ ТАЛАПХАН ҚАМЫСБАЕВ. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үйгентас ауылының тумасы. Аударыспақтан 1966 жылға дейін аса ауыр салмақта Кеңес Одағының 7 дүркін чемпионы болған жампоз спортшы. Қамысбаевтың бұл рекорды одақ тарқағанша сақталды. Сол кезеңде қазақ аударыспақшылары одақтағы ең тегеурінді құрама болғанын мақтанышпен еске аламыз. ВОЛЕЙБОЛШЫ ЖӘНІБЕК САУРАНБАЕВ. Доп ойындарынан Кеңес Одағының ұлттық құрамасына енген бірінші қазақ спортшысы. 1963-1969 жылдарда Кеңес Одағының ең таңдаулы 24 волейболшысының қатарына 6 мәрте кірген жалғыз қазақ волейболшысы. Жәнібек Нығметұлының бұл рекордын қазақ волейболшылары одақ тарқағанша жаңғырта алмады. Волейболдан әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966), Әлем кубогының жеңімпазы (1965), Еуропа чемпионы (1967), Кеңес Одағының чемпионы (1969), Еуропа чемпиондары кубогының екі дүркін жеңімпазы (1970-1971) және совет құрамасының дәнекері (связующий) болған атақты спортшы. Жәнібектің осы жетістіктері күні бүгінге дейін біздің волейболшыларға жеткізбей келеді. БАСКЕТБОЛШЫ ӘЛЖАН ЖАРМҰХАМЕДОВ. Әлжанның доп ойындарынан Олимпиада ойындарының екі бірдей медалін олжалаған рекордын ХХ ғасырда баскетболдағы, басқа ойын түрлеріндегі бауырларымыз өзгерте алған жоқ. Жармұхамедов 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасының жеңімпазы, 1976 жылы Мехико олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Әлжан Мүсірбекұлының баскетболдан Кеңес Одағының 10 дүркін чемпионы (1970-1974,1976-1980 ж.ж.) болған рекорды енді бұзылмайды. Себебі, одақ тарқады, совет чемпионаты өтпейді. Зер салып, тереңдей үңілсек, Жармұхамедовтың 1967-1980 жылдар арасындағы жетістіктері қазақ баскетболшылары үшін әрі рекорд, әрі қол жетпейтін асқар шың тәрізді. Мәселен, Әлжан Жармұхамедов Еуропаның үш мәрте чемпионы (1967, 1971, 1979 ж.ж.). Қазір Қазақстан баскетболшылары Азия чемпионатында бақ сынап жүр. Сондықтан Әлжан ағаның еуропалық рекорды қазақ халқының спорттық тарихындағы құнын жоймайтын белес. БАЛУАН ШӘМІЛ СЕРІКОВ. Шәмілдің грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы болған рекорды 43 жылдан бері бұзылмай тұр. Шәміл ағамыз 1978,1979 жылдары дүние жүзі чемпионатында топ жарды. Бұл нәтиженің осынша уақыт өзгермеуі қазақтың күрес мектебінің талапқа сай дами алмай отырғанын көрсетеді. Мысалы шешеннің даңқты балуаны Бувайсар Сайтиев 1995-2005 жылдар аралығында әлем чемпионатын 6 рет ұтып алса, жеңіл салмақтағы болгар балуаны Валентин Иорданов дүние жүзінің 7 дүркін чемпионы (1983-1995). Ал қазақтың грек-рим күресі балуандары 1998 жылдан бері әлем чемпионатының алтын медалін ұтқан жоқ. КӨГАЛДАҒЫ ХОККЕЙШІ МҰРАТ ЖЕКСЕНБЕКОВ. Осы спорт түрінен Кеңес Одағының 18 рет чемпионы атанған тарихтағы жалғыз хоккейші. Яғни, Марат бұл көрсеткіш бойынша Кеңес Одағының және Қазақстанның рекордшысы болып табылады. Жексенбеков 1971-1992 жылдары Алматының «Динамосының» сапында совет чемпионатының кестесіне сай 540 ойынға қатысты. Кешегі азуы алты қарыс Кеңес Одағының көгалдағы хоккей чемпионатының тарихын қанша парақтасаңыз да, жоғары топта алаңға Мұраттан көп шыққан ойыншы болған жоқ. Тоқ етері, бұл жағынан да Мұрат Жексенбеков Кеңес Одағының рекордшысы болып табылады. Мұрат Жексенбеков 1977-1986 жылдардың қорытындысы бойынша Кеңес Одағының ең таңдаулы 22 ойыншысының қатарынан табылды. Одақ кубогының 5 мәрте, Еуропа чемпиондары кубогының 2 дүркін жеңімпазы. Ұзақ уақыт Алматының «Динамо» командасының капитаны болды. БАЛУАН ДӘУЛЕТ ТҰРЛЫҚАНОВ. 1986-1992 жылдары грек-рим күресінен Кеңес Одағының қатарынан 7 мәрте чемпионы атанып, одақ бойынша рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Дәулеттің бұл рекордын советтің айтулы балуандарының өзі бұза алған жоқ. Дәулет Болатұлы қатарынан үш бірдей олимпиада ойындарында қазақтың намысын қорғаған бірінші спортшы. Дәулет Болатұлы – әлем чемпионы (1989 ж.) Сеул олимпиадасының күміс (1988 ж.), Барселона олимпиадасының қола (1992 ж.) жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы (1994 ж.), Азия (1995,1996 ж.ж.) және Еуропа (1987 ж.) чемпионы. [caption id="attachment_139676" align="alignnone" width="1131"] Дәулет Тұрлыханов[/caption] КӨГАЛДАҒЫ ХОККЕЙШІ БЕРІКҚАЗЫ СЕКСЕНБАЕВ. 1990-1992 жылдары Кеңес Одағы чемпионатының 3 мәрте үздік мергені атанды. Бұл қазақ хоккейшілері арасындағы рекордтық нәтиже. Берікқазы одақтың 6 дүркін чемпионы. Көгалдағы хоккейден Олимпиада ойындарына қатысқан бірінші қазақ спортшысы. ШАБАНДОЗ ӘБІЛХАН ДАУЫЛБАЕВ. Көкпар тартудан Кеңес Одағының 9 мәрте чемпионы болған тұңғыш әрі жалғыз қазақ спортшысы. Әбілхан аға ұзақ жылдан бері ұлттық спорт саласында еңбек етіп келеді. МАРАФОНШЫ МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ. Азия, Африка, Австралия және Америка құрылықтарындағы байтақ шөлдерді жалғыз кесіп өткен тарихтағы бірден-бір марафоншы. 1992 жылы сәуір айында Марат Азиядағы 1200 километрге созылған атақты Қарақұм шөлін 20 күнде кесіп өтсе, 1993 жылы ақпан-наурыз айларында дүние жүзіндегі ең үлкен шөл Сахараны (1700 километр) 24 күнде жүгіріп өтті. 30 жастағы Марат Жыланбаев осы жылдың қараша- желтоқсан айларында Австралияның Үлкен Виктория шөлін – 1600 километр шөлейт даланы 22 күнде артқа тастады. Араға жарты жылдай уақыт салып Марат Америка Құрама Штаттарының Невада шөліне аттанды. Кеудесі желкөрік қазақ 1994 жылдың сәуір айында 1218 километрге созылған Невада шөлін жалғыз өзі 17 күнде желе-жортып өтті. Арғы-бергі тарихқа көз жүгіртсек, аталған төрт ірі шөлді жалғыз кесіп өткен бірінші адам – біздің Марат Жыланбаев екен. Марат Төлегенұлының жоғарыдағы нәтижелері спорт шежіресіне әлемдік рекордтар ретінде тіркелді. Марат осы ғажап жетістіктерімен Гиннестің рекордтар кітабына енумен қатар, қазақ халқының спорт әлеміндегі мәртебесін бір көтеріп тастады. Енді Мараттың марафондағы дүниежүзілік рекордтарына тоқталайық. Жыланбаев 1990 жылдың басынан аяғына дейін 42 километр 195 метрлік классикалық марафонды 226 рет жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд жасады. 1991жылдың наурыз айында Марат Төлегенұлы 23 күнде 23 марафонды ауыздықтап, екінші әлемдік рекордына иек артты. Ал 1991жылдың маусым айында 15 күнде 30 классикалық марафонды артқа тастап, үшінші әлемдік рекордты жалынан ұстады. Біз Марат Жыланбаевтың жер шарының небір мықты мамандары таңдай қаққан жетістіктерінің қадіріне жетіп жүрміз бе? Біле білсек, Марат Төлегенұлы Алла Тағала қазақ халқына сыйға тартқан біртуар дарын. Спортты терең түсінетін мамандар Маратты дүние жүзіндегі ең төзімді, ең білікті, ең мықты марафоншы деп бағалайды. Оны АҚШ пен Ресейдің, басқа да елдердің майталман мамандары өздеріне шақырған екен. Марат болса, кіндік қаны тамған топырағын, ата жұртын қимаған екен. МҰЗБАЛАҚ МАҚСҰТ ЖҰМАЕВ. Мақсұт бауырымыз 2011 жылы тамыз айында биіктігі 8000 метрден асатын 14 шыңның бәрін бағындырған дүние жүзіндегі 27-ші мұзбалақ атанды. 2007 жылы 30 сәуірде әріптесі Василий Пивцовпен бірге жер шарындағы ең биік шың Эверестке сол қапталынан шықса, 2018 жылы 18 мамыр күні Эверестің ұшар басына оңтүстік жағынан өрмелеп жетті. Эверестке оңтүстік қапталдан шығу қиынның қиыны. Бүгінге дейін дүние жүзі бойынша солтүстік және оңтүстік беткейден Эверест шыңына табан тіреген оншақты альпинист бар екен. Солардың қатарында қазақ жігітінің болғаны – алаш жұрты үшін зор мәртебе. Рекордқа келсек, қазақ мұзбалақтарынан 14 «сегізмыңдықтың» шыңына табан тіреген әзірге жалғыз Мақсұт екенін айта кетейік. Біле білгенге, Мақсұттың көкпен таласқан әрбір шыңға сәтімен шығып, аман-есен оралуының өзі үлкен олжа. БОКСШЫ БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ. Қазақ елінде жекпе-жек спортынан 20 жасында Олимпиада жеңімпазы атанған тұңғыш, әзірге жалғыз спортшы. Бекзат 2000 жылы Сидней олимпиадасында 57 келі салмақта үздік шықты. Содан бері жазғы төрт Олимпиада ойындары өтсе де, Бекзаттың рекорды өзгеріссіз тұр. БОКСШЫ СЕРІК СӘПИЕВ. Дүние жүзінің 2 дүркін чемпионы, әлемдік чемпионаттың күміс және қола жүлдегері. Олимпиада жеңімпазы. Қазақ спортшыларының олимпиялық спорт түрлерінен бүгінгі таңдағы ең үздік нәтижесі Серіктің үлесінде. Алла қаласа, маңдайы жарқыраған бір бауырымыз Сәпиевтің бұл рекордын жаңғыртатын сәтті де көретін шығармыз. Бірақ Серік мұндай асқар шыңға табан тіреген тұңғыш саңлағымыз ретінде қазақ спортының тарихында қалды. [caption id="attachment_139677" align="alignnone" width="1200"] Серік Сәпиев[/caption] Иә, 1916-1945 жылдар аралығында қанды қасаптан көз ашпаған, қызыл империя бар қаймағын сыпырып алған халықтан осындай саңлақтардың шыққаны үшін Аллаға шүкір дейміз. Себебі, спорт саласы Қазақ елі тарихының ажырамас бөлігі, бейбіт майданның шежіресі іспетті. Сол жылдардағы газет тігінділерін парақтайтын болсаңыз, отарлық жүйе спорт саласына да шеңгелін аямай салғанын айқын аңғарасыз. Соның өзінде кеудесінде намыс оты маздаған қазақ жастары әр тұстан атойлай шығып, ту көтеріп жатты. Олардың әрбір жеңісі өз топырағында азшылыққа ұшырап, рухы жаншылған ұлттың еңсесін көтеруіне сеп болды. Сондықтан жоғарыдағы әрбір дерек, әрбір мерейлі сәт біз үшін өте қымбат. Ең бастысы, ел аман болып, халқымыздың саны молая түссін, деп тілейік. Себебі, көптің аты – көп. Қазақтың саны өскен сайын биік белестерге тәуекел қылатын жастардың да қатары молая түседі. Ішкі бәсеке де күшейеді. Мұндай ортада талай саңлақтардың тұсауы кесіліп, талай рекордтардың шідері ағытылатыны заңды құбылыс. Ендеше бұл бағыттағы дүниелерге жете мән беріп, шама жеткенше жинақтап, жүйелеп отырғанымыз абзал.Өкінішке қарай, қазақ ұлты қынадай қырылған сол бір кезеңнің спорттық мағлұматтары там-тұм ғана. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жарыстардың хаттамалары сақталмаған. Әр жерден үзіп-жұлып жинаған нәтижелерді сүзіп қарасақ, көңіл аударар біршама дерек бар екен. 1959-1971 жылдары қазақ спортын басқарған Қаркен Ахметовтың 1960 жылы жарық көрген «Қазақстанның физкультура мен спорты 40 жылда» атты кітабындағы: «1948 жылы ат спортынан екі бірдей қазақ баласы СССР спорт мастері атанды. Республика чемпиондары мен рекордшылары арасында қазақ жастарының есімдері жиі естіле бастады. Олардың ішінде ТАШМАТОВ, ТӨЛЕНҒАЛИЕВ, РАХМЕТЖАНОВ ат спортынан СССР рекордшылары болды», деген жолдар көңілді бір тоғайтып тастады. Яғни, қадым заманнан бері жылқының жалында, түйенің қомында өскен қазақтардың ат спортынан олжалы болуы заңды дер едік.
Қыдырбек Рысбек, спорт тарихшысы.