Мемлекет басшысы Тоғжановты қабылдады
Мемлекет басшысы Тоғжановты қабылдады
185
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орын­басары Ералы Тоғжановты қабылдады.

Мемлекет басшысына қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай, әлеуметтік мәселелер, Жер комиссиясы жұмысының қоры­тындылары туралы баян­далды. Ералы Тоғжанов Президентке еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде айтты. Биылғы 1 мамырдан бастап коронавирус індетін жұқтыр­ған­дардың саны 0,9 пайыздан 0,49 пайызға төмендеген. Ауруханаға түскен адамдар 41 пайыздан 34 пайызға азайған. Сонымен қатар елімізге COVID-19 індетіне қарсы вак­ци­наның 2,3 миллион дозасы жет­кізілгені айтылды. Мамыр айының соңына дейін қосымша 2 миллион доза екпе жеткізу жоспарлануда. Шілде айынан бастап отандық «QazVac» вакцинасын өндіру 500 мың дозаға дейін ұлғаяды. Премьер-Министрдің орын­басары Мемлекет басшысына Ashyq жобасының енгізілуі жайында мәлімет берді. Бүгінде 1,5 миллион қазақстандық атал­ған қосымшаны белсенді пай­да­лануда. Ал жобаға 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъек­тілері тір­келген. Ashyq жоба­сының ен­гізілуі кәсіп­керлердің үздіксіз жұ­мыс істеуіне мүмкіндік берді. Сон­дай-ақ індет жұқтырған 2,5 мың­нан астам адам және дертке шал­дыққан науқас­тармен бай­ланыста болған 2 мың аза­маттың карантин режимін бұз­ғаны анық­талған. Президент бұл бағытта атқарылған жұмысқа оң баға берді. Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына фармацевтика өнер­кәсібін, ғылымды дамытуға, Са­лауатты өмір салтын сақтау тұ­жырымдамасы мен Әлеуметтік кодексті әзірлеуге, жұмыссыз­дық­тың алдын алуға қатысты қолға алынған шаралар туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Түркістан облысының Бағыс және Хиябон ауылдарындағы жағдайды реттеуге қатысты Үкі­мет­ке тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, елді мекендерге ресми мәр­тебе беріліп, шекара­лары нақты­ланып, тұрғындардың жер учаске­лері мен дүние-мүлік­терінің тізімі жасалды. Шілде айында аймақтағы 6 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етіледі, келесі жылы Бағыста 300 орындық мек­теп салынады. Президентке Жер комиссия­сының жұмыс қорытындылары жайында да есеп берілді. Комиссия жұмысында 121 мәселе қарасты­рылды. Қазір түзетулер ен­гізілген тиісті заң жобасы Пар­ла­мент Мәжілісінің қарауында жатыр. Кездесу соңында Мемлекет басшысы білім және ғылым, ден­саулық сақтау, мәдениет, әлеу­меттік қорғау мәселелеріне қатыс­ты бірқатар тапсырма берді.