Үздік мәдениет мекемесіне – автокөлік
Үздік мәдениет мекемесіне – автокөлік
252
оқылды

Талдықорғандағы Б.Римо­ва атын­дағы драма театрында өткен мәдениет саласы қыз­меткерлерінің күніне арнал­ған салтанатты жиында осы сала­ның май­талмандары марапатталып, үздік ұжымдар анық­тал­ды.  «Алатау әуендері» кон­церттік ұйымы өңірдегі үз­дік мәде­ниет мекемесі атанып, өнер ұжымына  «Киа Рио» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Мәдениет саласы қызметкер­лерінің күніне арналып ұйымдас­тырылған салтанатты шараға кел­ген облыс басшысы мен құрметті  қонақтар жиын алдында театр фойесіне қойылған өнер көрмесі­мен танысты. Жыл барысында қол жеткізген жетістіктер мен жақсы жаңалықтардың куәсі болып, алда­ғы жоспарлар жайы да айтылды. Бұдан соң салтанатты жиын жал­ға­сып, белгілі күйші Секен Тұрыс­бековтің дирижерлігімен «Ақ жауын» камералық оркестрі орын­даған «Көңіл толқыны» күйі сахна шымылдығын ашты. Мәдениет саласы майталман­дарын кәсіби мерекемен құттық­таған облыс әкімі Амандық Баталов қоғам өміріндегі, рухани кемел­дену­дегі өнердің рөлі туралы қысқаша айта келіп, облыста мәдениетті қолдауға көп көңіл бөлініп отырғанына да тоқталып өтті. – Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз­бен шын жүректен құттықтаймын. Тау суындай мөлдір, бекзат өнердің биігінде жүргендердің барлығына  шығармашылық табыс тілеймін. Халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайының жылдан-жылға жақсаруына  байланысты мәдени-рухани саланың дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облысымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Талдықорған қаласының Алматы облысы орталығы мәрте­бесін алуының 20 жылдығы, Жам­был Жабаевтың 175 жылдығы, Мұқа­ғали Мақатаевтың 90 жылды­ғы, Жолбарыс бидің 350 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 95 жылдығы сияқты атаулы күндерге орай түрлі мәдени-іс шаралар жоспарлы түрде атқары­лып жатыр. Біздің руханиятта же­тіп отырғын барлық жетістіктеріміз сіздердің арқаларыңыз. Халық мұрасын насихаттаудағы еңбек­теріңіз жансын! Отбасыларыңыз аман-есен болып, жақсылық, қуаныштар еселене берсін! Осы мереке күні сіздерге шалқар шабыт, сарқылмас қуат және жаңа жетіс­тіктер тілеймін» деген өңір бас­шысы осы салада еңбек етіп жүрген үздік мамандардың, түрлі байқау­ларда топ жарған жастардың есімдерін атап өтті. Салтанатты іс-шара мәдениет майталмандары мен үздік ұжым­дарды  марапаттаумен жалғасты. Жыл бойы жүргізілген жұмыстары­ның қорытындысында 14 аталым бойынша мықты  мекемелер мен үздік мамандар анықталып, оларға жеткен жетістіктеріне сай құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Үздік мәдениет үйі» аталымында Жам­был аудандық мәдениет үйі оқ бойы озық шықса, Текелі қалалық кітапханасы «Үздік кітапхана» ретінде марапатталды. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі «Үздік музей», Іле ауданын­дағы үлгілі «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік халықтық үлгілі атағы бар ұжым» атанды. Сол сияқ­ты Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алты­най» мемлекеттік халық би ансам­блінің балет әртісі Гүлнұр Қаржау­баева «Үздік биші» деп танылса, филармонияның жеке дауыстағы әншілері Сая Есенгелдинова «Үздік дәстүрлі әнші», Александра Ревкова «Үздік әнші» аталымын иеленді. М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшы әртісі Ботагөз Дүнген­баева «Үздік аспапшы», талғарлық Сайлау Ботабеков «Үздік қолөнер­ші», Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Бағдат Батыров «Үздік тех­никалық-жабдықтау қызметкері», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры әртісі Базарбек Тоқым­таев «Үздік театр әртісі», «Ба­тыр бабалар» музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үз­дік музей қызметкері», Талды­қорған қалалық кітапханасының қызметкері Аяжан Қыдыралинова «Үздік кітапхана қызметкері» ретінде марапатталды. Жеңімпаз­дарға номинация статуэткасы мен арнайы 100 мың теңгенің серти­фикаты берілді. Өңірдің «Үздік мәдениет меке­месі» атанған «Алатау әуендері» концерттік ұжымы облыс әкімінің қолынан «Киа Риа» автокөлігінің кілтін алды. Сонымен қатар 30-дан астам азаматқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғысхаты берілді. Мәдениет саласы өкілдерінің атынан Б.Римова атындағы драма театрының әртісі Руслан Сенкебаев сөз алып, әріптестеріне ақ тілегін арнады, облыс басшылығына алғысын жеткізді.  Шара мерекелік концертпен аяқталды. Биыл  мәдениет саласына облыстық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Қазір  өңірдегі архивтер мен мәдениет мекемелерінің саны – 585. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 12 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті,  481 млн теңгеге саладағы мекемелердің материал­дық-техникалық базасы жаңартыл­ды. Алматы облысының дамуына үлес қосқан жергілікті қаламгерлер мен балаларға арналған кітаптарды шығаруға, сондай-ақ облыстық бюджеттен кітап сатып алуға 67 млн теңге бөлінді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы