Елде қысқарту науқаны қыза түсті. Президент меморгандардағы және квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлер армиясын 25%-ға азайтуды жүктеген-тін. Нәтижесінде, өткен бір жылдың өзінде шенеуніктер саны 10 мыңға азайыпты. Дегенмен «қысқарту қайшысы» шенділерді биыл азайтпақ. Себебі 2021 жылы меморгандар мен квазисектор аппараты тағы 15%-ға ықшамдалуы тиіс. Сонымен бірге персоналды аутстаффингке шығарып, оны қысқартудан құтқару секілді қулық та қолданылады.
Қысқартудан құтылу амалы – аутстаффинг
Қысқарту шаралары ұлттық компанияларда, холдингтерде, министрліктер мен әкімдіктерге қарасты кәсіпорындарда да жүріп жатыр. Бірақ мемқызметке жатпайтындықтан, әр ұйымға қарайтындықтан, бұлар бойынша ортақ статистика жоқ. Квазимемлекеттік сектор қағаз жүзінде персоналын қысқартқанымен, іс жүзінде оның үлкен бөлігін бәрібір сақтап қалмақ. Осы мақсатта аутстаффинг, яғни персоналды компания штатынан тыс шығару тетіктері қолданылады. Атап айтқанда, өз мамандарын басқару агенттіктеріне табыстап, артынша персоналды солардан жалға алады. Жұмыскерлерінің тағы бір бөлігін штаттан шығарып, олармен азаматтық-құқықтық сипаттағы (ГПХ) келісімшарт бекітеді. Болмаса бизнес-процестерін мердігер компаниялардың қызмет көрсетуіне тапсырады. Тиісінше, қызметкерлер де осы мақсатта құрылған жеке компания штатына көшіріледі. Бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында делдал қызметін атқаратын жеке сайттар ұлттық компанияларға аутстаффинг мәртебесінде жұмыс істеуге мамандарды шақыратын хабарламаларға толып тұр. Сондай-ақ Samruk Qyzmet порталында да «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына кіретін ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың вакансиялары жетерлік. Атап айтқанда, олар аутстаффинг аясында қазақ тілін оқытушыдан бастап, стратегиялық модельдеу жөніндегі бас маманға дейінгі қызметкерлерді іздеді. Осылайша, ұлттық компанияларда құжат жүзінде штат саны қысқарғанымен, олардың біраз экс-қызметкері аутстафф режиміне ауысып, жоғары жалақысын, бонустарын және әлеуметтік қолдау топтамасын негізінен сақтап қалады. Оның бәрі бәрібір ұлттық компаниялар есебінен қаржыландырылады.ҚМГ қызметкерлері қаншаға қысқарды?
Мысал үшін «Самұрық-Қазына» тобындағы ең салмақты әрі ауқатты ұлттық компанияны қарастыралық. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы еліміздің әр өңірінде жалпы саны 60 мыңнан астам адамды қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Нақтылай кетсек, 2020 жылдың қорытындысында ҚМГ компаниялар тобының персоналы 60 173 адам болды. Соның 57 073-і штатта қалған. 3 100 адам аутстаффингке шығарылды. Салыстыру үшін айтсақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобында 2017 жылы – 68 757, 2018 жылы – 66 110, ал 2019 жылы 61 587 адам жұмыс істепті. Ендеше қысқарту шаралары қарқынды жүріп жатқандай. Ал егер ҚМГ-нің 50% және одан көп үлесі бар еншілес және тәуелді ұйымдарын қоса алсақ, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлерінің іс жүзіндегі саны әлдеқайда көп болып шығады. Бұл көрсеткіш 2017 жылы – 83 360, 2018 жылы – 79 441, 2019 жылы – 74 956, ал 2020 жылдың қорытындысында – 73 066 адам болған. Бұл дерек ҚМГ-нің жылдық есебінде (фактическая численность Группы компаний КМГ (включая ДЗО и СКО 50 и более %)» көрініс тапқан. Демек, 73 066-дан қазір штатта қалған 57 073-ті шегергенде, ҚМГ компаниялар тобына негізгі штат сыртында, тағы 15 993 адам еңбек ететінін байқауға болады. Аталған ұлттық компаниядағы қызметкерлердің 92 пайызы өндірістік персонал. 9 пайызы ғана әкімшілік-басқарушылық персонал. Бүгінде ҚМГ тобында жұмыс істейтіндердің 81 пайызы – ерлер, 19 пайызы әйелдер екен. Барлық деңгейдегі басқарушылық құрам құрылымы да осыған ұқсас: басшылар арасындағы ерлердің үлесі – 82%, әйелдер – 8%. Бүкіл персоналдың шамамен үштен бірі немесе 28%-ы жасы 50-ден асып кеткен мамандар болып шықты. Яғни, кадрдың қартаю процесі бой көрсетуде. Осы ұлттық компаниялар тобында жасы 30-ға толмаған қызметкерлер үлесі 12%-ға дейін азайыпты. Әйтпесе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін жететін. ҚМГ компаниялар тобына Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қаражанбасмұнай, Қазақтүрікмұнай, ҚазТрансОйл, ҚазТрансГаз, Интергаз Орталық Азия, Қазақтеңізкөлікфлоты, Batumi Oil Terminal, KMG-Security, KMG EP-Catering, Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ, ҚазМұнайГаз-Аэро секілді көптеген отандық және шетелдік компания-кәсіпорын кіреді.Биліктегі айымның мансабын сәби сақтайды
Қысқарту науқанының «көрігі» мемлекеттік органдарда да қызды. Айта кету керек, 2020 жылы бұл науқан негізінен бос тұрған орындарды, яғни вакансияларды жою, сондай-ақ қартайған мемқызметшілерді зейнеткерлікке шығарып, қош айтысу есебінен жүргізілген деседі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, 2019 жылғы жағдай бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 98 мың 726 бірлік болды. Ал 2021 жылғы жағдай бойынша республикамызда 88 409 мемлекеттік қызметші ғана қалған. Нәтижесінде, бос тұрған орындарды жоюды қоса алғанда, бір жыл ішінде 10 317 мемқызметші оңтайландыруға іліккен көрінеді. Осы орайда сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: бос орындар бойынша конкурстарда ол лауазымның декреттегі шенеунікке тиесілі екені, сәйкесінше сол орынға уақытша маман ізделетіні көрсетілген.Бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында делдал қызметін атқаратын жеке сайттар ұлттық компанияларға аутстаффинг мәртебесінде жұмыс істеуге мамандарды шақыратын хабарламаларға толып тұр.
Мұның мәнісі бар екен. 2020 жылғы қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова қызықты мәлімдеме жасады: қысқартудан балалы аналар және жүкті әйелдер құтылады: «Қызметшілердің әлеуметтік осал санаттарын қорғауды қамтамасыз етуіміз қажет. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары бар аналар қысқартуға жатпайды. Осыған байланысты бұл санаттағы мемқызметшілердің осы құқығының сақталуын бақылау жүзеге асырылатын болады», – деді ол. Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түсініктеме сұраған көптеген хат түседі. Өтініштердің жалпы мазмұны келесідей: «Министр мырза, мемлекеттік қызметкерді жүктіліктің қандай мерзімінен бастап жұмысынан қысқартуға тыйым салынған?». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ресми блогы арқылы жауап берді. Сөйтсе, анықтама әкелсе, жеткілікті екен. «Еңбек кодексінің 54-бабының 2-бөліміне сәйкес, жүктілігі туралы анықтама ұсынған жүкті әйелмен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек келісімшартын бұзуға жол берілмейді. Бұдан бөлек, 3 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерді, 14 жасқа дейінгі баланы немесе 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналарды, осы балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған ерлерді қысқартуға рұқсат етілмейді», – деді министр. Әрине, кейбір жұмыс беруші мұндай анықтаманы мемлекеттік емханадан әкелуді талап етуі мүмкін. Бірақ бұл талабы заңсыз. «Жұмыс берушіні, мемлекеттік қызметшіні аталған санатқа (жүкті) жатқызу медициналық ұйым берген анықтама арқылы жүзеге асырылады. «Жүкті» диагнозын растайтын анықтаманы кез келген меншік формасындағы медициналық ұйым беруге құқылы! Тек ол медұйымның «акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болуы тиіс. Осыған байланысты қолында жүктілік туралы анықтамасы бар әйелдер соны ұсынғаннан кейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмысынан қысқартыла алмайды», – деді С.Шәпкенов. Осылайша, сәби сүюді таңдаған мемқызметшілер қысқарту құрығынан құтылады және кейін мансабына қайта орала алады. Бұл тұрғыдан алғанда, шенеуніктерді қысқарту науқаны демографияның жақсаруына игі ықпал етуі мүмкін.Санды қысқарту сапаны құлдыратуға соқтырмасын
Әйткенмен дүниеге тіршілік иесін – нәресте әкеліп, оны мәпелеп, әлдилеген, аналық махаббаттың кәусар бұлағынан сусындаған бірқатар әйел шенеуніктер мемлекеттік қызметке енді оралмауға бел буыпты. Бірақ өз еркімен кеткісі келмейді, кетсе, қомақты қаражаттан айырылады. Мемқызмет істері ведомствосының мәліметінше, қысқартуға іліккен және мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар мемқызметшілерге 4 орташа айлық жалақысы мөлшерінде «жұмыстан шығу жәрдемақысы» төленіп жатыр. «Бала күтіміне арналған 3 жылдық демалысым біткен жоқ. Мен «Б» корпусының мемлекеттік қызметшісімін. Бүгінде жүріп жатқан қысқартуға ілігуді және 4 айлық көлемінде жұмыстан шығу жәрдемақысын алуды қалаймын. Бірақ кардлық қызмет бұдан бас тартты: оның түсіндіруінше, мен әлеуметтік қорғалатын санатқа жатады екенмін. Сондықтан заң бойынша жұмыс беруші жұмыстан шығара алмайды. Егер менің келісімім болса, неге жұмыс берушіге қысқартуға рұқсат етпеске?» – дейді бөбегін бағып, үйінде отырған мемқызметші Нұрила А. Қалай болғанда да, қаншама мемқызметшіге еңбек нарығында, аутстаффинг және аутсорсинг қызметін көрсететін фирмаларда жұмыс іздеуге тура келеді. Кейбірі бизнеске кетпек ниетте. HR-менеджер, облыстардың бірінде департаменттің кадр бөлімінің басшысы болып қызмет атқаратын Г.Байжанова осы бағытта бас көтеріп отырған бірнеше проблемаға мән беру керегін жеткізді. «Жарлыққа сәйкес, меморгандарда штат санының 25%-ы қысқартылуға жатады. Қазіргі кезде біздің департаменттің штат саны – 234 бірлік. Яғни, оның 25%-ы немесе 58 бірлігі қысқартылады. Департаментте 10 бос орын бар. Соны қосқанның өзінде 48 жұмыс істеп жүрген мемқызметші қысқартылуы тиіс. Пандемия және дағдарыс жағдайында онсыз да халықтың күнкөрісі нашарлауда. Қысқартылған мемқызметшілер күнкөрісіне қажетті қаражатсыз қалуы ықтимал. Сондықтан ерікті түрде қысқартылуды бәрі бірдей қаламайды», – дейді ол. Ол мемқызметшілердің қайсысы қысқартылуы керегін нақты анықтайтын критерийлер заңнамада белгіленбегеніне назар аудартты. «Еңбек заңнамасында жүкті әйелдер, 3 жасқа толмаған баласы бар ата-ана, сондай-ақ зейнет жасына 2 жыл қалған азаматтар секілді қысқартылмайтын әлеуметтік осал топ бекітілген. Мемлекеттік қызметке жаңадан кірген жас қызметкерлер жетерлік. Олар кіре сала мемқызметтен шығып қалайын деп тұр», – дейді сала маманы. Туындап жатқан мәселелерге Мемқызмет істері агенттігі ден қойып, дереу, дер кезінде шешімін ұсынып отырса, жөн. Әйтпесе, мемаппаратты және квазисекторды оңтайландыру, ықшам ету секілді маңызды шара бейберекет немесе көзбояу тірліктер кесірінен тиісті тиімділік әкелмеуі, тіпті мықты кадрлардың кетуіне ықпал етіп, зиянын тигізуі ғажап емес.Елдос СЕНБАЙ