Аутстаффинг – қысқартудағы көзбояушылық
Аутстаффинг – қысқартудағы көзбояушылық
227
оқылды

Елде қысқарту науқаны қыза түсті. Президент меморгандардағы және квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлер армиясын 25%-ға азайтуды жүктеген-тін. Нәтижесінде, өткен бір жылдың өзінде шенеуніктер саны 10 мыңға азайыпты. Дегенмен «қысқарту қайшысы» шенділерді биыл азайтпақ. Себебі 2021 жылы меморгандар мен квазисектор аппараты тағы 15%-ға ықшамдалуы тиіс. Сонымен бірге персоналды аутстаффингке шығарып, оны қысқарту­дан құтқару секілді қулық та қол­данылады.

Қысқартудан құтылу амалы – аутстаффинг

Қысқарту шаралары ұлттық ком­панияларда, холдингтерде, министрліктер мен әкімдіктерге қарасты кәсіпорындарда да жүріп жатыр. Бірақ мемқызметке жатпайтындықтан, әр ұйымға қарайтын­дықтан, бұлар бойынша ортақ статистика жоқ. Квазимемлекеттік сектор қағаз жүзінде персоналын қысқартқанымен, іс жүзінде оның үлкен бөлігін бәрібір сақтап қалмақ. Осы мақсатта аутстаффинг, яғни персоналды компания штатынан тыс шығару тетіктері қолданылады. Атап айтқанда, өз мамандарын басқару агент­тіктеріне табыстап, артынша персоналды солардан жалға алады. Жұмыскерлерінің тағы бір бөлігін штаттан шығарып, олармен азаматтық-құқықтық сипаттағы (ГПХ) келісімшарт бекітеді. Болмаса бизнес-процестерін мердігер компаниялардың қызмет көрсетуіне тапсырады. Тиісінше, қызметкерлер де осы мақсатта құрылған жеке компания штатына көшіріледі. Бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында делдал қызметін атқаратын жеке сайттар ұлттық компания­ларға аутстаффинг мәртебесінде жұмыс істеуге мамандарды шақыратын хабар­ламаларға толып тұр. Сондай-ақ Samruk Qyzmet порталында да «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына кіретін ұлттық компаниялар мен кәсіп­орындардың вакансиялары жетерлік. Атап айтқанда, олар аутстаффинг аясында қазақ тілін оқытушыдан бастап, стратегиялық модельдеу жөніндегі бас маманға дейінгі қызметкерлерді іздеді. Осылайша, ұлттық компанияларда құжат жүзінде штат саны қысқарғанымен, олардың біраз экс-қызметкері аутстафф ре­жиміне ауысып, жоғары жалақысын, бо­нустарын және әлеуметтік қолдау топ­тамасын негізінен сақтап қалады. Оның бәрі бәрібір ұлттық компаниялар есебінен қаржыландырылады.

ҚМГ қызметкерлері қаншаға қысқарды?

Мысал үшін «Самұрық-Қазына» то­бын­дағы ең салмақты әрі ауқатты ұлттық компанияны қарастыралық. «Қаз­МұнайГаз» компаниялар тобы еліміздің әр өңірінде жалпы саны 60 мыңнан астам адамды қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Нақтылай кетсек, 2020 жылдың қорытын­дысында ҚМГ компаниялар тобының персоналы 60 173 адам болды. Соның 57 073-і штатта қалған. 3 100 адам аутстаф­фингке шығарылды. Салыстыру үшін айтсақ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобында 2017 жылы – 68 757, 2018 жылы – 66 110, ал 2019 жылы 61 587 адам жұмыс істепті. Ендеше қысқарту шаралары қарқынды жүріп жатқандай. Ал егер ҚМГ-нің 50% және одан көп үлесі бар еншілес және тәуелді ұйымдарын қоса алсақ, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлерінің іс жүзіндегі саны әлдеқайда көп болып шығады.  Бұл көрсеткіш 2017 жылы – 83 360, 2018 жылы – 79 441, 2019 жылы – 74 956, ал 2020 жылдың қорытындысында – 73 066 адам болған. Бұл дерек ҚМГ-нің жылдық есебінде (фактическая численность Группы компаний КМГ (включая ДЗО и СКО 50 и более %)» көрініс тапқан. Демек, 73 066-дан қазір штатта қалған 57 073-ті шегергенде, ҚМГ компаниялар тобына негізгі штат сыртында, тағы 15 993 адам еңбек ететінін байқауға болады. Аталған ұлттық компаниядағы қыз­мет­керлердің 92 пайызы өндірістік персонал. 9 пайызы ғана әкімшілік-басқарушылық персонал. Бүгінде ҚМГ тобында жұмыс істейтіндердің 81 пайызы – ерлер, 19 пайызы әйелдер екен. Барлық деңгейдегі басқарушылық құрам құрылымы да осыған ұқсас: басшылар арасындағы ерлердің үлесі – 82%, әйелдер – 8%. Бүкіл персоналдың шамамен үштен бірі немесе 28%-ы жасы 50-ден асып кеткен мамандар болып шықты. Яғни, кадрдың қартаю процесі бой көрсетуде. Осы ұлттық компаниялар тобында жасы 30-ға толмаған қызметкерлер үлесі 12%-ға дейін азайыпты. Әйтпесе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін жететін. ҚМГ компаниялар тобына Өзен­мұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қаражанбас­мұнай, Қазақтүрікмұнай, ҚазТрансОйл, ҚазТрансГаз, Интергаз Орталық Азия, Қазақтеңізкөлікфлоты, Batumi Oil Terminal, KMG-Security, KMG EP-Catering, Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ, Қаз­МұнайГаз-Аэро секілді көптеген отан­дық және шетелдік компания-кәсіпорын кіреді.

Биліктегі айымның мансабын сәби сақтайды

Қысқарту науқанының «көрігі» мем­лекеттік органдарда да қызды. Айта кету керек, 2020 жылы бұл науқан негізінен бос тұрған орындарды, яғни вакан­сияларды жою, сондай-ақ қартайған мемқыз­метшілерді зейнеткерлікке шығарып, қош айтысу есебінен жүр­гізілген деседі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, 2019 жылғы жағдай бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызмет­шілердің штат саны 98 мың 726 бірлік болды. Ал 2021 жылғы жағдай бойынша республикамызда 88 409 мемлекеттік қызметші ғана қалған. Нәтижесінде, бос тұрған орындарды жоюды қоса алғанда, бір жыл ішінде 10 317 мемқызметші оңтайландыруға іліккен көрінеді. Осы орайда сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: бос орындар бойынша конкурстарда ол лауазымның декреттегі шенеунікке тиесілі екені, сәйкесінше сол орынға уақытша маман ізделетіні көр­сетілген.

Бүгінде жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында делдал қызметін атқаратын жеке сайттар ұлттық компанияларға аутстаффинг мәртебесінде жұмыс істеуге мамандарды шақыратын хабарламаларға толып тұр.

Мұның мәнісі бар екен. 2020 жылғы қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова қызықты мәлімдеме жасады: қысқартудан балалы аналар және жүкті әйелдер құтылады: «Қызметшілердің әлеуметтік осал санаттарын қорғауды қамтамасыз етуіміз қажет. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары бар аналар қысқар­туға жатпайды. Осыған байланысты бұл са­нат­тағы мемқызметшілердің осы құқы­ғының сақталуын бақылау жүзеге асырыла­тын болады», – деді ол. Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түсінік­теме сұраған көптеген хат түседі. Өтініш­тердің жалпы мазмұны келесідей: «Минис­тр мырза, мемлекеттік қызметкерді жүк­тіліктің қандай мерзімінен бастап жұ­мысынан қысқартуға тыйым салынған?». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ресми блогы арқылы жауап берді. Сөйтсе, анықтама әкелсе, жеткілікті екен. «Еңбек кодексінің 54-бабының 2-бө­ліміне сәйкес, жүктілігі туралы анықтама ұсынған жүкті әйелмен жұмыс берушінің бас­тамасы бойынша еңбек келісімшартын бұзуға жол берілмейді. Бұдан бөлек, 3 жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерді, 14 жасқа дейінгі баланы немесе 18 жасқа дейін­гі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жал­ғызілікті аналарды, осы бала­лар сана­тын анасыз тәрбиелеп отырған ерлерді қыс­қартуға рұқсат етілмейді», – деді ми­нистр. Әрине, кейбір жұмыс беруші мұндай анықтаманы мемлекеттік емханадан әкелуді талап етуі мүмкін. Бірақ бұл талабы заңсыз. «Жұмыс берушіні, мемлекеттік қызмет­шіні аталған санатқа (жүкті) жатқызу медициналық ұйым берген анықтама ар­қы­лы жүзеге асырылады. «Жүкті» диаг­нозын растайтын анықтаманы кез келген меншік формасындағы медициналық ұйым беруге құқылы! Тек ол медұйымның «акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болуы тиіс. Осыған бай­ланыс­ты қолында жүктілік туралы анықтамасы бар әйелдер соны ұсынғаннан кейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмысынан қысқартыла алмайды», – деді С.Шәпкенов. Осылайша, сәби сүюді таңдаған мемқызметшілер қысқарту құрығынан құтылады және кейін мансабына қайта орала алады. Бұл тұрғыдан алғанда, шенеуніктерді қысқарту науқаны демог­рафия­ның жақсаруына игі ықпал етуі мүмкін.

Санды қысқарту сапаны құлдыратуға соқтырмасын

Әйткенмен дүниеге тіршілік иесін – нәресте әкеліп, оны мәпелеп, әлдилеген, аналық махаббаттың кәусар бұлағынан сусындаған бірқатар әйел шенеуніктер мемлекеттік қызметке енді оралмауға бел буыпты. Бірақ өз еркімен кеткісі келмейді, кетсе, қомақты қаражаттан айырылады. Мемқызмет істері ведомствосының мәліметінше, қысқартуға іліккен және мемлекеттік қызметте кемінде 3 жыл жұ­мыс өтілі бар мемқызметшілерге 4 орташа айлық жалақысы мөлшерінде «жұмыстан шығу жәрдемақысы» төленіп жатыр. «Бала күтіміне арналған 3 жылдық демалысым біткен жоқ. Мен «Б» корпусының мемлекеттік қызметшісімін. Бүгінде жүріп жатқан қысқартуға ілігуді және 4 айлық көлемінде жұмыстан шығу жәрдемақысын алуды қалаймын. Бірақ кардлық қызмет бұдан бас тартты: оның түсіндіруінше, мен әлеуметтік қорғалатын санатқа жатады екенмін. Сондықтан заң бойынша жұмыс беруші жұмыстан шығара алмайды. Егер менің келісімім болса, неге жұмыс берушіге қысқартуға рұқсат етпеске?» – дейді бөбегін бағып, үйінде отырған мемқызметші Нұрила А. Қалай болғанда да, қаншама мем­қызметшіге еңбек нарығында, аутстаффинг және аутсорсинг қызметін көрсететін фирмаларда жұмыс іздеуге тура келеді. Кейбірі бизнеске кетпек ниетте. HR-менеджер, облыстардың бірінде де­партаменттің кадр бөлімінің басшысы болып қызмет атқаратын Г.Байжанова осы бағытта бас көтеріп отырған бірнеше проблемаға мән беру керегін жеткізді. «Жарлыққа сәйкес, меморгандарда штат санының 25%-ы қысқартылуға жатады. Қазіргі кезде біздің департаменттің штат саны – 234 бірлік. Яғни, оның 25%-ы немесе 58 бірлігі қысқартылады. Департаментте 10 бос орын бар. Соны қосқанның өзінде 48 жұмыс істеп жүрген мемқызметші қысқартылуы тиіс. Пан­демия және дағдарыс жағдайында онсыз да халықтың күнкөрісі нашарлауда. Қысқартылған мемқызметшілер күн­көрісіне қажетті қаражатсыз қалуы ықти­мал. Сондықтан ерікті түрде қысқартылуды бәрі бірдей қаламайды», – дейді ол. Ол мемқызметшілердің қайсысы қысқартылуы керегін нақты анықтайтын критерийлер заңнамада белгіленбегеніне назар аудартты. «Еңбек заңнамасында жүкті әйелдер, 3 жасқа толмаған баласы бар ата-ана, сондай-ақ зейнет жасына 2 жыл қалған азаматтар секілді қысқартылмайтын әлеуметтік осал топ бекітілген. Мемле­кеттік қызметке жаңадан кірген жас қыз­меткерлер жетерлік. Олар кіре сала мем­қызметтен шығып қалайын деп тұр», – дейді сала маманы. Туындап жатқан мәселелерге Мем­қызмет істері агенттігі ден қойып, дереу, дер кезінде шешімін ұсынып отырса, жөн. Әйтпесе, мемаппаратты және квазисек­торды оңтайландыру, ықшам ету секілді маңызды шара бейберекет немесе көзбояу тірліктер кесірінен тиісті тиімділік әкел­меуі, тіпті мықты кадрлардың кетуіне ықпал етіп, зиянын тигізуі ғажап емес.  

Елдос СЕНБАЙ