Кейінгі жылдары елімізде құрылыс саласы ерекше қарқын алып, шаһарлардың шырайы кіре түскені жасырын емес. Әсіресе, бизнес нысандар көптеп салынып, жеке кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсті. Алайда аталған ғимараттардың қожайындары бас жоспардағы «қызыл сызықты» көзге ілмей, тіпті жылу құбырларының үстінен сауда орындарын салып жатыр. Осылайша, біреулер еркінсісе, енді екіншілер «сақалды құрылыс» нысандарын көбейтіп, көзге шыққан сүйелдей қылып отыр. Жамбыл облысында жанға батып тұрған мәселені аймақ басшысы майшаммен қарап, «бауын тапса, байлауын таппай жатқан» жайтты талқыға салды.
123 нысан заңсыз салынған
– Өңірде нысан салу үшін жер алып, оны жылдар бойы пайдаланбай жатқандар аз емес. Аталған мәселе бойынша бірнеше мәрте ескерту жасасақ та, түйткілдің түйіні тарқамады. Бір ғана Тараз қаласының өзінде 15-20 жылдап құрылысы аяқталмай тұрған ғимараттар жетерлік. «Сақалды құрылыс» нысандары бала үшін де, басқа үшін де қауіпті болып тұр. Ал иелері мұны ескеріп, құрылысты аяқтағысы келмейді. Кейбір нысандар «қызыл сызықтан» асып кеткен. Тіпті, облыс орталығында жылу құбырының үстіне салынған үлкен сауда орталығы бар. Егер жылу құбырынан ақау шығып, жазатайым жарылыс болса, арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Сол себепті билік өкілдері бұл мәселені жіті бақылауына алғаны жөн. Еркінсіп кеткен кәсіпкерлерді сабасына түсіру керек, – деді Бердібек Машбекұлы облыс әкімдігінде өткен жиында. Шынында бүгінде бизнесмендер басынып кеткені рас. Түрлі мораторийлерді алға тартатын олар «қызыл сызығыңа» да, басқаңа да бағынар емес. Облыс әкімдігі Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің айтуынша, Тараз қаласы мен аудан орталықтары бекіткен Бас жоспарға сәйкес жүргізілген зерделеу барысында заңсыз салынған 123 нысан анықталған екен. Оның 85-іне заң талабына сай шара қолданса, 46 нысанның иесі өз еркімен ғимараттарын бұзыпты. Ал 39 нысан бұзылса, қалған 38 нысанды бақылауы тиіс аудан әкімдері оларға ешқандай шара қолдана алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, Арман Әшімбекұлы өңірдегі 371 елді мекеннің 61-і Бас жоспарын дұрыс жобаламағанын айтып, олардың бірқатарының атын атап, түрін түстеп берді. – Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы тиімсіз жоспарланған. Сондай-ақ Қордай ауданындағы Масаншы, Ауқатты, Қордай ауылдарында неке қию сарайы, банк бөлімшесі, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты нысандар мақсатсыз жобаланған. Меркі ауданындағы Қостоған, Ақтоған, Жамбыл, Рысқұлов ауылдарындағы неке қию сарайы, аудандық сот, бос уақытты тиімді өткізу орталығы сияқты бірқатар нысандар артық жоспарланған. Осындай кемшіліктер барлық ауданда кездеседі, – дейді басқарма басшысы.7,9 миллион теңге айыппұл өндірілген
Облыс әкімдігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев жыл басынан бері құрылыс нысандарының сапасын бақылау мақсатында 17 тексеру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Нәтижесінде, 55 нысанға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалса, 7,9 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Алайда Айтқазы Дәулетқұлұлы бизнес нысандарды өз бетінше тексеру заңсыз болғандықтан аудан әкімдері шарасыз отырғанын ашып айтты. Бірақ бұл жүйесіз жұмысқа жұбату болмайтынын облыс әкімі шегелеп тұрып жеткізді. – Заң бәріне бірдей ортақ. Сондықтан біз «қызыл сызық» үстіне ғимарат салған әрбір кәсіпкермен жұмыс жүргізуіміз қажет. Қазірдің өзінде «қызыл сызықтың» үстіне нысандар салынып кетіп жатқанын ескерсек, бизнесмендер заңнан именбей отырғанын көрсетіп тұр. Одан бөлек, кейінгі кездері ауыл мектептерін, спорт нысандарын ауылдың сыртына салу белең алып жатыр. Бұл дұрыс емес. Мәселен Айша бибі ауылының шетіне шағын футбол алаңшасын салып қойған. Аталған нысан ауыл орталығынан алыс орналасқандықтан қазір пайдаланылмай бос тұр. Мұндай келеңсіздік Меркі ауданында да кең көрініс тапқан. Сондықтан бұл мәселені де мұқият зерделеп, ескерген жөн, – деді Б.Сапарбаев.Кемшіліктен Байзақ ауданы көш бастап тұр
Жалпы, қазір «қызыл сызық» үстіне ғимарат салу бойынша Байзақ ауданы көш бастап тұр. Бұған таңғалмау керек шығар. Себебі мақсатсыз жер беру мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков Antikor алаңына шақырылып, соңында сөгіс арқалаған болатын. Жергілікті биліктің жаза басқан тұсын тарқатып айтсақ, 2018 жылдан бастап Байзақ ауданы әкімдігі 44 433 829 теңгеге жерді аукционмен сатқан. Алайда аталған жерлердің дені мақсатты бағытта пайдаланылмаған. Мәселен, Ш. есімді азаматша аукцион арқылы алынған бірнеше жерді 1 173 800 теңгеге қайта сатып жіберген. Алайда кейіннен белгілі болғаны аталған жерлердің құны нарықтық бағадан 10 есеге дейін қымбат саудаланған. Осылайша, мемлекет меншігіндегі жерлер аукциондық жүйемен қаржы жымқыру нысанына айналған. Тағы бір сұмдығы, әкімдік аукционға шығарылып отырған жер туралы ақпаратты барынша жасыруға тырысқан. Яғни, жердің орналасқан аумағы құпия сақталып, өзге азаматтардың конкурсқа қатысуына кедергі келтірілген. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті билік «А» және «Н» атты шаруа қожалықтарына құжаттары дұрыс болмаса да, заңды белден басып бірнеше мәрте жер алып берген. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің мамандары шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы олардың ірілеріне жер бөліп беріп, одан кейін оны қайта сатып жіберу фактілерін де анықтаған. Сонымен қатар тексеріс тобы ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді де конкурссыз беріп, кейін оны бірнеше бөлікке бөліп сатып жіберген жүйені де әшкере қылған. Мұндай айлалы әдісті Бурыл ауылының Б. есімді тұрғыны қолданып, ауыл шаруашылығы мақсатында алған жерді төртке бөліп сатып, 2 миллион теңгеге дейін табысқа кенелген. Міне, осындай заңсыздықтарды тиісті деңгейде қадағаламаған Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбековке сөгіс түріндегі жаза берілген болатын. Енді міне, байзақтық шенділер «қызыл сызықтың» үстіне нысан салу бойынша да көш бастап, бас шайқатуда. Аталған ауданды биылға дейін басқарған Нұржан Нұржігітов облыс әкімінің орынбасары болып ауысып кеткенін ескерсек, енді кеткен кемшіліктерді түзету жуырда тағайындалған жаңа әкім Бақыт Қазанбасовқа қалып отыр.P.S
Айтпақшы, Тараз қаласында қатты жауын жауып, үйлер мен аулаларды су алған кезде жергілікті билік бар кінәні арық-атыздар үсті мен каналдардың бойына салынып тастаған бизнес нысандарына аударған болатын. «Қызыл сызықты» ескермеген кәсіпкерлердің ғимараттары су ағысына бөгет жасап, нәтижесінде арнасынан асты деген байлам айтылған. Енді міне, қаладағы «қызыл сызық» пен «сақалды құрылыс» төңірегінде тағы түйткіл көтеріліп отыр. Бұдан қандай нәтиже шығатыны әзірге белгісіз. Әйтеуір, айтылған мәселе айтылған жерінде қалмаса болғаны...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы