Ауызсуға зәру Ақшатау
Ауызсуға зәру Ақшатау
353
оқылды

Ақшатау  түсті металл мен сирек кездесетін металдардың орталығы ретінде 1941 жылы «Ақшатауқұрылыс» болып құрылды. Сол жылдан бастап вольфрам өндірді. Ал 1942 жылдары «капитальная» шахтасы, №3 кен байыту комбинатының құрылысы салынды. 1987 жылдан «Казвольфрам» өндірістік бірлестігі болып қайта құрылды. 1996 жылы Ақшатау кен-байыту комбинаты банкротқа ұшырауына байланысты жабылды. 55 жыл бойы осы комбинаттың басты орталығы болған Ақшатау қала типтес кенті бүгінде жетімнің күйін кешіп отыр.

Су қоры жоққа тән

Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты бұл кенттен 1990 жылдардағы тоқырау уақытында өз нәпақасын басқа жерден табамын деп бірнеше отбасы көшіп кеткен. Ал ауылда қалғандар бүгінгі күні жұртта қалғандардың күйін кешуде. Бұл кент туралы жазылып та айтылып та жатыр. Бірнеше рет журналистер келіп, арнайы репортаж да түсірген. Ал шекпенділер көмек береміз дегелі де бірнеше жыл болды. Қызғалдақ Айтжан: «Ақшатау кентінің (Шет ауданы) ұрты тұщы суға тоқсаныншы жылдардан бері толып көрген жоқ. Жерасты суының бірде көл, бірде шөлдігі кент тұрғындарын титықтатқанына талай жыл. Ресми мәлімдеулерге сүйенсек, жерасты суы­ның аздығы жадау кептегі Ақшатаудың мұңына мұң жамаған. Неше жылдан бері айдың-күннің аманында Ақшатау суды өлшеп, сатып ішуге мәжбүр. Оның өзі күнәра беріледі. Обалы нешік, Шет ауданының әкімдігі бұл проблеманы жоққа шығар­майды. Ат-тонын ала қашпады. Олардың айтуынша, наурыз айында жерасты суы­ның кемуі кетеуі кеткен кентке тағы сор болған. Кенттің кез келген жерінен отыра қалып, құдық қазу – мәнсіз. Өйткені су қоры  жоққа тән. Сонда Ақшатаудың аузы аққа емес, ауызсуға қашан жариды? Жыл­дар бойы Ақшатау­дағы ағайынның көкейін тескен, жанын жегідей жеген жалқы сауал – осы. Оған дәл «Мына жылы!» деп ешкім тағы батыл жауап берген емес. Ал Ақша­тауда күнел­ткен мыңға жуық ағайын арызын әлі ай­тып келеді…»  деп толғаған.

Үміт әлі сөнбеген

Мыңдаған тонна молибден мен вольфрамды қара жер Ақшатауға су бере алмай отыр. Кейінгі жиырма жылдан бері кент судан көрешекті әбден көрді. Кент халқы қанша, кімге шағынса да, ауызсу тапшылығы жойылған жоқ. Кентке тілші қауымның табаны тисе, судың зарын айтады. БАҚ өкілдері арқылы жоғары жаққа «үніміз жетер» деген үміт әлі сөнбеген. Тұрғындардың айтуынша, мал-жанын суармақ түгілі өздері шайлық суға зар. Ақшатаудың тағдыры комбинатымен тікелей байланысты екені фабрика тоқтағанда анық сезілді. Тұрғындар комбинаттың кезінде су 35 шақырымнан арнайы тартылып, өзін де, өзгені де қарық қылғанын айтады. Комбинат тоқтағанда ауызсу да біржола құрыған. «Ақшатау комбинаты бар кезде 35 шақырым жерден су тартылған. Сол су фабрикаға да, күнделікті қолданысқа да молынан жететін. Одақ тарқап, өндіріс жабылғаннан соң су жоғалды. 1997 жылы 7-8 шақырым жерден скважина қазылды. Ол су аз халықтың өзіне жетпей отыр. 2005 жылы аудан әкімдігі жергілікті қазынадан 25 миллион теңге бөліп, алақандай ауылдың ішіне жаз бойы 23 шүмек орнатқан. Ол шүмектер бар-жоғы екі-ақ айдан соң іске жарамай қалды. Содан бері қарай суды сатып ішеміз», – дейді кент тұрғыны Бүркітбай Зікірин.

Су көзі – жаңбыр мен қар суы

Кенттіктер ауылдағы су көзі жаңбыр мен қар суы арқылы толысады деседі. «Кейінгі уақытта жауын-шашынның азаюы да су қорына салдарын тигізді. Бірақ солай екен деп қол қусырып қарап отырмай бір қарекет қажет», – дейді тұрғындар. «Ауылда екінші су сақтау қоймасы бар. Оған көрші ауылдан су тасылып, водовозбен толтырылады. Оның өзін күнәра береді. Жуынатын су түгілі ішетін суға зар боп қалдық. Бұл мәселе 1994 жылдан бері көтерілді. Нәти­же жоқ. Астымыздан су шықпаса да, бір қайран жасалу керек қой. Онсыз да радиациядан уланған халық енді қара суға жете алмай қалды. Күнәра берілетін судың өзін ай сайын адам басына шақ­қанда 145 теңгеге сатып аламыз. Мал үшін де жеке төлейміз», – дейді Күлғайша Мәкешова. Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин ауызсудың тапшылығы Ақшатауда наурыз айында ушыққанын айтады. Оның айтуынша, скважинада (ұңғымадағы) су дебиті төмендеп кеткен. Содан су тапшылығы болған. Әкімдік тарапынан дер кезінде шара қолданылған. Аудан әкімдігі арқылы тиісті қызметтер жұмылдырылып, ауылдағы 500 текше метрлік су резервуарына төтенше жағдай қызметінің техникасымен су толты­рылып­­ты. Сол арқылы ауылды күнәра сумен қам­ту қолға алыныпты. Әкім орынбасары­ның мәлімдеуінше, жерасты суы қайта шыға бастапты.

Жерасты суы енді шыға бастады

Скважина арқылы енді 1000 текше метрлік резервуар суға толтырылып жатыр. Егер су дебиті бір қалыпқа түссе, суға толған 1000 текшелік резервуардан су күнде берілмек. «Наурыз айында су болмай қалды. Енді ғана жерасты суы шыға бастады. Қазір скважинаны пайда­ланып, төбедегі 1 мың текшелік резер­вуарға күнде су жинап жатырмыз. Рас, осы күні су күнәра беріледі. Егер су дебиті тұрақталса және 100 текшелік резер­вуарды толтырып алсақ, суды күнде бе­ретін режимге көшеміз», – дейді Азамат Әбілдин. Халық күнделікті шаруашылық қажеттіліктерге ауылда мешіт құрылысы үшін арнайы қазылған скважинадан су алып отырса керек. Тапшылықта су Ақжал кентінен тасымалданған. Осылай­ша, 500 текшелік резервуар суға тол­тырылған. Бүгінде онда 450 текше метр су бар көрінеді. Кезінде дәуірі жүріп тұрған кен орнының бүгінгі сиқы осындай. Қар мен жаңбыр суымен шөл басып отырған ауыл тұрғындары, таза ауызсуға жететіндеріне сенімді. Олардың соңғы үміті журналис­терде. Көрсетіп, жазғанымыз Үкіметке жетер деп біз де үміттеніп отырмыз...  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы