Кеше Солтүстік Қазақстан облысында селфи жасап, суретке түсеміз деген екі қыз суға батып, қайтыс болды. Байқасаңыз, соңғы кездері елімізде селфи жасамақ болып, қаза тапқандардың саны көбейіп жатыр. Бұған дейін ондай жағдайлар тек өзге мемлекеттерде болатындай көрінетін. Бүгінде біз де олардың кебін кигелі тұрмыз. Тіпті, адамның селфиге түспек болып, көз жұмғаны қалыпты нәрсеге айналып бара жатқандай...
Еліміздегі бұл бірінші жағдай емес. Ақтөбеде селфи жасамақ болған қыз мерт болды. Ол түн ортасында пойыз жолында ерекше суретке түспек болған. Оқиға 2019 жылғы 4 желтоқсан күні сағат түнгі он бір кезінде болған. Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Авиа қалашық ауданында екі қыз селфи жасағысы келген. Біреуін қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыз қағып кетті. 2000 жылы туған бойжеткен ауруханаға жеткізілген. Алайда таң ата көз жұмды.
«Ол өзіне қол жұмсағысы келмеген, хабарлама арқылы анықтадық. Қыздың қалтасынан қайшы табылды, қолында телефон болған. Кейін арқаннан босағысы келіп бұлқынғанда телефоны түсіп қалған», - деді мектеп директоры.
Мысалы, сол жылдың 8 маусымында Талдықорғанда 15 жастағы қыз сегізінші қабаттан құлап кетіп, мерт болды. Қайғылы жағдай құрылысы бітпеген нысанда болған. Ресми мәлімет бойынша, жасөспірім құрылыс орнында селфи жасап, өзін-өзі суретке түсірмек болған. Бірақ абайсызда құлап кеткен. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
Жалпы, 16 мен 25 жас аралығындағы қыз балалар аптасына селфи жасауға бес сағатты жұмсайды екен. Ал орта есеппен әлемде күніне 93 миллион селфи түсіріледі. Оның қаншасы жазым болатыны белгісіз. Үндістанның ғылыми медициналық институтының зерттеуінше, бес жылдың ішінде әлемде 259 адам селфиден қайтыс болды. Негізінен 30 жасқа толмаған жастар екен. Суретке көп түсетін қыз-келіншектер болғанымен, қаза тапқанның 72 пайызы – ер-азаматтар. Оқыс жағдай көп тіркелген елдер – Ресей, АҚШ және Пәкістан. Бұл зерттеушілердің үш жыл бұрынғы көрсеткіші. Одан бері өлім саны көбеймесе, ештеңе өзгерген жоқ.