Жылыжайдың жыры таусылмас
Жылыжайдың жыры таусылмас
316
оқылды

Бұрын базарда өзіміз өсірген жеміс-көкөністің 2-3 қана түрі тұрушы еді, қазір сауда орта­лықтарының өзіне 15 шақты түрін самсатып қойдық. Соның көбі – жылыжай өнімдері. Алайда жы­лыжай мен сауда сөресінің ара­сына кесе-көлденең тұра қала­тын делдалдың көмегін пайда­ланбасаң, бизнесіңе жол жабық. Соның салдарынан отандық өнімнің бағасы өсіп кетеді.

Бұл салада оңтүстік қана озып тұр

Коронавирус пандемиясы әлемдік на­рықты қатты өзгеріске ұшыратып, бизнесті бір сілкіп алды. Осынау сын сағатта нарықта шын мықтылар мен төзімділер ғана қала бастады. Өйткені олар экономикалық тиімділікті арттыруды көздеген кей бағыттар бойынша жаңа шешімдер қабылдауға тәуекел ете білді. Соның бірі – жылыжай бизнесі. Қазір еліміздегі жалпы аумағы 500 гектар болатын, негізінен қызанақ пен қияр өсірілетін ең үлкен жылыжай Түркістан облысында салынып жатыр. Келес ауданын­дағы ол кешеннің 5 жылдық құрылысына ресейлік инвесторлар 1,2 миллиард доллар жұмсамақ. Нәтижесінде, жылына ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталатын 200 мың тонна өнім жинау көзделген. Келес ауданы аумағын инвесторлар оңтүстіктегі ең ыстық нүкте болғаны үшін әдейі таңдап алыпты. Екіншіден, егістік іргесінде өзен ағып жатыр. Өйткені оны суаруға жылына 7 мил­ли­он текше метр су кетеді. Сондай-ақ саға­тына 100 текше метр газ, тәулігіне 40 МВт жарық тұтынылуы тиіс көрінеді. Бүгінде Түркістан облысы аумағында жалпы көлемі мың гектардан асатын жылы­жайлар бар. Өңір шаруалары жылына 500 миллиард теңгеден астам ауыл шаруа­шылығы өнімін өндірсе, оның 5/1 бөлігі жылыжай шаруашылығына тиесілі екен. Бір ғана Сайрам ауданының өзінде жалпы аумағы 50 гектардан асатын ірілі-ұсақты 125 жылыжай жұмыс істеп тұр. Мысалы, ауданның Қарамұрт ауылындағы польшалық инвесторлардың қаржысына салынған 11 гектардан асатын жылыжай биыл қызанақ­тың бірнеше сортын экспорттап үлгерді. Оның әр көшеті бір-бір уыс топырақта өсіп-өнуде. Соңғы үлгідегі нидерландтық технологиямен жабдықталған жылыжайдың бір ерекшелігі – қызанақтың әр түбінен жылына 60 келіге дейін өнім алынады екен. Әр келісі 550 теңгеден өтіп жатыр. Сондай-ақ Шымкентте 5 жыл ішінде жалпы құны 21 миллиард теңге болатын 10 жылыжай кешенін ашу жоспарланған. Алматылық Ербол Нотай атты азамат тіпті қаладан үй алуға жинап жүрген ақша­сы­ның бәрін Тұрар ауылынан жылыжай ашуға салып жіберген. Қазір жерін кеңейтіп, тағы бірнеше өнім өндіруді жоспарлап отыр екен. Себебі Алматы қаласының тұрғындары күніне 370 тонна картоп, 60 тоннаға жуық пияз, 50 тоннадан астам сәбіз, 45 тонна қызылша, шамамен 75 тонна қызанақ, 40 тонна қияр және 25-30 тонна алма тұтынады деп есептелген. Ал жергілікті өндірушілер соның тек 23 пайызын картоп, 36 пайызын пияз, 33-35 пайызын сәбіз, 34 пайызын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Оның себеп-салдары келесі тақырыпшада.

Қиярымыз ананастан қымбат

Сырт көзге Қазақстандағы көкөніс өндірісінің көлемі жеткілікті көрінгенмен, іс жүзінде соған әлі де онша жарымай отыр­мыз. Климаттық жағдайға байланысты дала өнімі саудаға жаздың ортасы ауғанда шыға бастайтындықтан, оған дейін өзбек пен қытайдың дәріленген «шөп-шаламын» тұтына тұрамыз. Екіншіден, бізде көкөніс қоймасы жетіспейді. Бұл мәселе Мәжіліс залында талай рет көтерілген болатын. Депутаттардың дерегінше, мұндай қойма­лар­дың жеткіліксіздігі шамамен 250 мың тоннаны құрайды. Осы жағдайда Түркістан облысына салынатын 500 гектарлық жылы­жай жағдайды өзгерте ме? Әйт­песе, Поль­ша­да жылыжай шаруашылық­тарының алқабы 6 мың гектардан асса, Голландияда – 10 мың, Түркияда – 41 мың, ал Қытайда 1,5 миллион гектарды алып жатыр. Олардың бәрі жаңа технологиямен жабдықталған­дықтан, едәуір дамып кеткен. Ал біздің шаруалар халықты көкөніспен толық қамтамасыз ете алмай әлек. Қыста жылыжай шаруашылығының 80-90 пайы­зын Түркістан облысы қамтитыны айтпаса да түсінікті. Солтүстік, орталық, шығыс ай­мақ­тарда күн ызғар болғандықтан, жылы­ту мен электр энергиясына жұмсалатын шы­ғын­дар баршылық. Мысалы, 1 гектар жердегі жылыжайға шамамен 1 МВт электр қуаты мен 10 мың гекакалория жылу қажет. Оның шығынын көкөніс сату арқылы қай­та­рып алу да оңай шаруа емес. Сондықтан мамандар газ бен электр энергиясына шығынданғанша, дайын өнімді оңтүстіктен солтүстікке таси салған тиімді деп ойлайды. Алайда сол тасымалдау кезінде де тауар бұ­зылып, қосымша шығын қосылады. Соның салдарынан өзіндік құны өседі де, онсыз да аз өндірілетін отандық өнім көрші елдердің үлкен партиямен жеткізілген химикат өнімімен бәсекеге төтеп бере алмайды. жылыжай Бұл ретте Қызылорда облысының Қаза­лы ауданындағы жалғыз-ақ жылыжайдың өзі қолдауға зәру. Әйтеке би кенті мен ай­нала­дағы ауылдарға және Байқоңыр қала­сына қияр мен қызанақ жеткізіп жүрген кә­сіпкер Шалғымбек Наурызбаев былтыр­дан бері егіс алқабын ұлғайта алмай әуре. Мемлекеттік субсидиядан құр қалған ол үшін көмірмен жылытылатын кешен жүйе­сін көгілдір отынға ауыстыру да қиынға со­ғып тұр. Ал мұндай мәселемен жалпы өңір бойынша 27 жылыжай шаруашылығы бетпе-бет келген екен. Жалпы, мемлекеттен көмек жоқ емес, бар. Біріншіден, жылыжайды салуға кеткен шығынның 30 пайызын тегін өтеп береді. Екіншіден, көкөністерді сақтау шығынының 20 пайызы субсидияланады. Үшіншіден, көкөністі бір жылда екі айналымда өсіреді. Біріншісін жинап алып, қайтадан егеді. Сонда 6 ай сайын өсіру шығынына 500 мың теңгеден 5,5 миллион теңгеге дейін мемле­кеттен қолдау көрсетіледі. Төртіншіден, тыңайтқыш, әртүрлі аурулармен күресетін биогенттерге, арам шөптермен күресетін гербицидтерге де субсидия бөлінеді. Қағаз жүзінде тәп-тәуір көмек. Бірақ Шалғымбек Наурызбаев жылыжай кешені бойынша мемлекеттік қолдауға құжат тапсырса, тиісті мекеме мамандары егіс көлемі 1 гектар болуы керек депті. Ал оны 1 гектарға жеткізу үшін жылыжайға 100-200 миллион теңге кетеді. Осылайша, агронесиелеу құрылым­дары өтінімдерді ұзақ қарайтындықтан, кей шаруа мөлшерлік үстемақысы көп болса да, шағын қаржы ұйымдарына баруға мәжбүр. Бір қызығы, қыста алыстан әкелінген ананастан өзіміз өсірген қияр қымбат болады. Себебі базар біткеннің бәрін дел­дал­дар жаулап алған. Олардың көмегінсіз өнімді саудагерге өткізу мүмкін емес. Өз бетіңше әупірімдеп өткіземін дегенше, көкөнісің үсіп, шіріп кетеді. Айталық, ол кезде дүкен сөресі өзбектің құрмасы, түрік­тің апельсині, Марокконың мандарині, Из­раиль­дің алмасы мен қолжетімді импорт­тық грейпфрутқа лық толады. Мандарин – 470, ананас 570-600 теңгеден тұрғанда, сол қатар­дағы біздің отандық жылыжай қияры­ның келісі 1 200-1 800 теңге аралығында сатылады. Елордалық жылыжай басшысы Болатбек Жолановтың айтуынша, ол мы­салға 1000 теңгеге сатылатын қиярын базарға 400-500 теңгеге әрең өткізеді екен. «Делдалдар қалаған құнын қойып сатып, бағаны өсіріп жібереді. Тер төгіп еккен өнімнен пайданы біз емес, бірді-бірге қосып өткізетін сол делдалдар көреді. Олардың артында белгілі біреулер тұруы мүмкін», – дейді жылыжай басшысы. Соның салдары­нан салмақ қарапайым халықтың қалтасына түседі. Ал мереке қарсаңында бағаны көтеріп жіберетін делдалдарға ешкімнің әмірі жүрмейді. Бірақ Жаңа жылда отандық жылыжайдың 1 келіге жетер-жетпес қияры мен қызанағынан жасалған салатқа 3 мың теңге жұмсағанша, одан мың теңгеге арзан түсетін, шеттен әкелінген ананас, алма мен йогурт қосылған экзотикалық салат жеп отырғаның артық қой.

Жабық кешеннің дәрісі мен вирусы көп

Сонымен қатар көздің жауын алатын жылыжай көкөністерінің көбі адам ағзасына зиян болып келеді. Ауа мен күн сәулесінен қымтырылып өскен қызанақ, қиярды жеп көрсеңіз, олардың дәмі мен түсіндегі өзгерісті аңғару оңай. Себебі тез өнім беру үшін көкөніске азоттық тыңайтқыштар қолданылады. Ал оны мөлшерден тыс қолданғанда, өсімдікке нитраттар көп мөлшерде жиналады. Сондай-ақ фотосинтез үдерісі баяу жүргенде де нитраттар шамадан тыс көбейеді екен. Дәрігерлердің айтуынша, нитраттар ағзада нитриттарға өзгеріп, қанның транспорттық функциясы мен жүйке жүйесінің жұмысына кері әсерін тигізетін көрінеді. Сондықтан жылыжай ұстаушыларға нитраттардың қай өсімдікке көбірек жиналатынын және оның мөлшерін азайту шараларын білгені жөн. Нитраттан бөлек, таяуда Сарыағаш пен Мақтаарал ауданындағы жылыжайда өскен қызанақ пен бұрыштан қауіпті вирус анық­талды. Мамандардың айтуынша, жоғары патогенді және қоңыр қатпарлы вирус Ев­ропа мен Азия елдерінде жиі кездеседі екен. Ол өте агрессив және жылдам таралады. Сондықтан жылыжай үшін өте қауіпті дейді ауыл шаруашылығы­ның жауапты өкілдері. Қазір Түркістан облысында фитосанитарлық жағдай нашарлап кетпес үшін барлық өнім қайта өңдеу цехтарына өткізілген. Ал шы­ғын көлемі әзірге белгісіз. Еске сала кетсек, биыл Өзбекстан, Иран және Түркіменстаннан жеткізілген қыза­нақ­тан вирус 66 рет анықталған еді. Сон­дықтан да оның бәрі кері қайтарылып отыр.

Еркеғали БЕЙСЕН