Тәуелсіздік алғалы Қазақстан қоғамының бұрын асылға балап, ардақтайтын құндылықтары өзгерді. КСРО кезінде үлкен мәртебе саналған марапат түрлері маңызын жойды. Мысалы, көрнекті тұлғалардың өзі «Ленин орденінің иегерімін», «Октябрь революциясы орденінің иегерімен» деп мақтана айтуға ұялатын болды. Оның орнына қазақстандық төл награданы иелену әлдеқайда дәріпті, даңқты. Осының арқасында азаматтарымызда азат сана қалыптастыру үрдісі өркен жайды.
Мұраға қабылдауға ұяттау мирас
Наградалардың өзгеруі кез келген елде идеологияның өзгергенін білдіреді. Осы қадам арқылы билік қоғамдық сананы да өзгерте алады. ХХ ғасырдағы кеңестік Қазақстанның наградалық жүйесінің тарихы 1924 жылғы 1 тамызда басталды: осы күні бірінші кеңестік орден барлық республика, соның ішінде Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (1925 жылдан бастап, Қазақ АКСР) үшін ортақ марапатқа айналды. КСРО құрамына кірген кеңестік республикалардың «Қызыл Ту орденінің» мәртебесі «РСФСР Қызыл Ту орденіне» теңестірілді. Ал 1988 жылғы 22 желтоқсанда ең соңғы кеңестік орден – «За личное мужество» ордені тағайындалды. Ізінше тез-ақ құндылығын жоғалтқан кеңестік бұл «сөлкебай» Қазақстанда сирек кездеседі. Жалпы, КСРО-да 20 орден түрі болды. Оның ішінде ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерiне – Кеңес Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері, «Батыр Ана», «Қаһарман-қала», «Қаһарман-қамал» атақтары жататын. Сондай-ақ Кеңес Одағының мемлекеттік наградалары 55 медаль, 19 құрметті атақ түрінен тұрды. «Кіршіксіз қызметі үшін» деген ІІІ дәрежелі жалғыз ведомстволық медаль табысталатын.Саясатты ілгерілетудің пәрменді құралы
Идеология демекші, Сталин тұсында ғаламат күш алған орыстандыру саясаты аясында орыстың тарихи тұлғаларын, ұлық қолбасшыларын одаққа кіретін барлық 15 елде ұлықтау шаралары қолға алынды. Осы мақсатта 1942 жылғы шілдеде үш дәрежелі Суворов ордені, екі дәрежелі Кутузов ордені, сондай-ақ Александр Невский ордені тағайындалды. Артынша, 1943 жылғы қазанда соның жалғасы ретінде үш дәрежелі Богдан Хмельницкий атындағы орден өмірге жолдама алды. 1944 жылғы наурызда қос бірдей теңіз қолбасшылығы ордені – екі дәрежелі Ушаков пен Нахимов атындағы ордендер қабылданды. Бұл марапаттар соғыста, әскерде және бейбіт өмірде ерлігімен көзге түскен кеңес адамдарына берілетін. Осы арқылы жаңа заман батырлары Ресей тарихында із қалдырған батыл қолбасшылардың мұрагері ретінде көрсетілді. Сонымен, бір мезгілде қазақ батырларын ұлықтауға бейресми тыйым салынды, олардың есімімен Қазақстанда орден тағайындамақ түгіл, көшені атауды да қимады. Бұл ұрпақта «нағыз батырлар тек Ресейде болған» деген жаңсақ ұғым қалыптастыру үшін қажет еді. Жауынгерлік сипаттағы ордендерді енгізу тәжірибесі 1944 жылғы шілдеде бейбіт өмірге мейлінше жақын «Батыр Ана», үш дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін және екі дәрежелі «Аналық медалін» («Медаль материнства») тағайындаумен түйінделді. «Батыр Ана» атағы мен ордені кем дегенде 10 бала туып, өсірген аналарға берілетін. Бұл ретте кенжесінің жасы 1-ден асуы шарт еді. «Ана даңқы» орденіне етегінен 7-9 бала өрбіткен аналар лайық деп танылды. Ал 5-6 баласы барлар «Аналық медалімен» қошеметтелетін. Бүгінде оларды тәуелсіз Қазақстанда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ауыстырды. Бірақ азат елімізде бұл атақтың түр-сипаты ғана емес, идеологиясы да өзгерді. Халық санын өсіру, демографияға тың серпін беру мақсатында Қазақстанда «Алтын алқаны» – 7 және одан көп бала, «Күміс алқаны» – 6 бала өсірген аналар ала алады. Сонымен бірге осы атағы бар алтын құрсақ аналарға ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.Марапат эволюциясы жалғасуда
Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары Қазақстан идеологиядан гөрі, экономикаға көбірек мән беруге мәжбүр болды. Кеңес заманындағы шаруашылық байланыстардың үзілуі республиканың бейресми «экономикалық блокадаға» түсуіне соқтырды. Қазақстан жаһандық нарыққа өз тауарларымен шыға алмай қалды: одақ кезінде әлеммен сауданы біздің атымыздан Мәскеу жүргізетін. Ресей өз аумағы арқылы өтетін мұнай-газ құбырларынан Қазақстанға квота бермей қойды. Сондықтан «алдымен экономика» дедік. Дегенмен бірте-бірте мемлекетіміз идеология мәселесін де қолға алудың маңызын түсінді. Әйтпесе, Министрлер кабинетіндегі, өңірлердегі қаптаған шенеуніктің үлкен бөлігі жаңа өмір шындығын мойындағысы келмей, ескі заманды аңсады. КСРО келмеске кетсе де, оның салпыншақ-сөлкебайларын мақтана тағатын. Сол тұста жас мемлекеттің иығын ескі кеңестік идеология езіп тұрды. Осы орайда ел басшылығы Қазақстанның төл мемлекеттік наградаларын өмірге енгізуге кірісті. Кейін Елбасы айтқандай, тәуелсіздіктің таңы енді атқан шақта бұл – ұлттық мақтаныш сезімін көтеру үшін қажет. Бірден айта кетелік, тәуелсіз Қазақ елі Кеңес Одағының наградалық жүйесін мұраға алудан бас тартты. 1993 жылы азат Қазақстанның алғашқы марапаттары пайда болды. Сол жылғы 1 сәуірде Жоғарғы Кеңес (Парламент) алғаш рет «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» №2069-XII заңын қабылдады. Оған сәйкес, Қазақстанның ең жоғары дәрежелi жалғыз ерекшелiк белгiсi – «Халық Қаhарманы» атағы бекітілді. Ол «Кеңес Одағының Батыры» атағының орнын басты. Бертінде оның қатары «Алтын Қыран» орденiмен және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен толықты. Тәуелсіз елімізде енді бұлардан биік атақ жоқ. Азаттықтың 30 жылдығында 31 адам «Халық Қаһарманы» атаныпты. Олардың арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов (1994 жылы), Ұлы Отан соғысының ардагерлері Рақымжан Қошқарбаев (қайтыс болғаннан кейін, 1999) Қасым Қайсенов (1995), Бақтыораз Бейсекбаев (қаза тапқаннан кейін, 1998), Хиуаз Доспанова (2004), Алексей Кулаков, Мурдин Таипов (1995), Мәулен Қалмырза (2005), Александр Капорин (2005), өз ғарышкерлеріміз Тоқтар Әубәкіров (1995), Талғат Мұсабаев (1995), Айдын Әйімбетов (2015), Ресей ғарышкері Юрий Маленченко (1995), желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков (қаза тапқаннан кейін, 1996) әнші Роза Бағланова (1996), композитор Нұрғиса Тілендиев, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, армия генералы Мұхтар Алтынбаев (2006), сондай-ақ армия, авиация, металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы өкілдері бар. 1993 жылғы заң бойынша республикада небәрі 4 орден тағайындалды, бұлар – «Отан», «Даңқ», «Парасат» және «Құрмет». Кейін олардың қатары екі еседен астамға көбейіп, 9-ға жетті. Яғни, бүгінде Қазақстанда «Отан», «ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», үш дәрежелі «Барыс», екі дәрежелі «Даңқ», үш дәрежелі «Айбын», «Парасат», екі дәрежелі «Достық», «Құрмет», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері бар. Тұңғыш заңда үш медаль ғана қарастырылды, бұлар – «Ерлiгi үшiн», «Ерен еңбегi үшiн» және «Шапағат». Қазірде мемлекеттік медаль саны көп емес: төртеу – алғашқы үшеуіне «Жауынгерлiк ерлiгi үшiн» медалі ғана қосылды. Мұның сыртында 3 құрметті атақ бекітілді, бұлар – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы». Денсаулық сақтау министрлігі биыл осы қатарды «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағымен толықтыруды ұсынды. Ел Парламенті тиісті заң жобасын құптап жатса, бұл пандемия кезінде жаһандық індетпен күрестің алдыңғы сапында жүріп, басын бәйгеге тіккен ақ халатты абзал жандарға көрсетілген ерекше құрмет болар еді. Айтқандай, еңбек сіңірген ұстаз атағының 1 000 АЕК (биыл 2 миллион 917 мың теңге) сыйақысы бар. Еңбегі сіңген дәрігерлерге де атақпен бірге осынша сыйақы беру ұсынылып отыр.Мемлекеттіліктің маңызды рәмізі
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев мемлекеттік марапат пен басқа да белгілер жүйесінің жоғары символдық мәні барын айтады: олар мемлекеттіліктің маңызды элементі саналады.– Жаңа тәуелсіз мемлекет есебінде Қазақстанның төл мемлекеттік марапаттары қажет болды. Алғашқы ерекшелік белгілерін жасауды тікелей өз бақылауыма алдым. Талқылауға ұсынылған жобаларды мұқият зерттеп, өзгеріс енгіздім. 1993 жылғы 1 сәуірде «ҚР Мемлекеттік марапаттары туралы» заңға қол қойдым. Ерекшеліктің жоғары деңгейі Қазақстан алдындағы көрнекті еңбегі, оның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында өшпес ерлік көрсеткені үшін берілетін «Халық Қаһарманы» атағы болды. Бұл атақты Ұлы Отан соғысының батырлары – Берлинді шабуылдаған атқыштар батальонының командирі С.Нұрмағамбетов, партизан отрядының командирі Қ.Қайсенов, минометші А.Кулаков, ұшқыш Б.Бейсекбаев, Рейхстагқа алғаш ту тігушілердің бірі Р.Қошқарбаев, ұшқыш Х.Доспанова, зеңбірекші А.Капорин және басқасы алды, – дейді Елбасы.Осы саланың дамуындағы бір белес – 1995 жылғы 12 желтоқсанда жаңа заңның қабылдануы болды. Құжат мемлекеттік марапат регламентін белгіледі. Мысалы, «Халық Қаһарманы» атағына теңестірілген жоғары деңгейдегі ерекшелік белгісі – Қазақстан алдындағы айрықша еңбегі үшін берілетін «Алтын қыран» ордені белгіленді. Қазақстан президенттері осы лауазымға сайланған соң бірден ерекше үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері болады деп бекітілді. Сондай-ақ бұл марапат Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосқан шет мемлекеттердің президенттеріне де беріледі. Әрине, халық құрметінен артық сый жоқ. Дегенмен елге сыйлы, ісі ерек, болмысы бөлек тұлғалардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты дәрежеде еленгені жөн. Құрмет пен марапат қабысса, өз иесін шабыттандырады, жаңа биіктерге қанаттандырады. Ұлы даланың маңдайалды ұландарының әскери және бейбіт өмірдегі ерлігі әрқашан халқымыз бен ұрпағымыз үшін ұлағатты үлгі болмақ.
Айхан ШӘРІП