Бүгінде туған топыраққа ту тігіп, өскен өлкесі үшін қайырымдылық жасап жүрген жандар аз емес. Атымтай жомарт азаматтардың игі істері, әсіресе карантин кезінде көп көрініс тапты. Мұндай тұлғаларға тұрғындардың алғысы шексіз екені даусыз. Одан бөлек, Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» және «Жомарт түлек» жобасы аясында көптеген қайырымды іс атқарылып жатыр.
Жалпы, «Асарлатып үй салу» жобасы былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жанданып, 100-ден аса адам баспана бақытына кенелген болатын. Енді, міне оқу жылы аяқталар тұста Байзақ ауданының 20 жыл толып отырған мектеп түлектері мұқтаж отбасына асарлатып үй салып берді. Көптерек ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылының 1984 жылы туған азаматтары жұмыла Қайрат Каленовтың жанұясына тұрғын үй кілтін табыс етіп, қоныстойын тойлатып отыр. Каленовтардың қуанышына аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ортақтасып, баспаналы болған отбасына ізгі тілегін жеткізді. Ол өңірде бастау алған «Асарлатып үй» салу жобасының мән-маңызына тоқталып, жобаға түлектер де жұдырықша жұмылып үн қосып жатқаны бірлігіміздің белгісі екенін баса айтты. Сондай-ақ Дәуір Дәулетов түлектердің ерен еңбегіне деген аудан әкімінің ризашылығын жеткізіп, оның алғысхатын табыс етті. Айта кетейік, Кеңес ауылының жастары осымен екінші жыл қатарынан осындай қайырымды іске ұйытқы болып жатыр. Ал биыл жалпы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында облыста тағы 100 үй бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бердібек Сапарбаев мұрындық болған тағы бір игі жоба – «Жомарт түлек» бастамасы. Жоба аясында бұған дейін Тараз төрінде аймақтың атымтай жомарт түлектері бас қосса, енді мұндай шаралар барлық аудан орталықтарында ұйымдастырылуда. Осындай жиын Талас ауданы Қаратау қаласында да өтіп, кәсіпкер Досан Рымтаев иелігіндегі бос тұрған қонақүй ғимаратын аудан әкімдігінің теңгеріміне тегін тарту етті. «Жомарт түлек» жобасының негізгі мақсаты – туған жерден түлеп ұшқан, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген түлектердің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп, олардың атсалысуымен туған жердің әлеуметтік мәселелеріне қатысты шаралар мен маңызды жобаларды іске асыру. Бұл тұрғыда жоба өз функциясын толықтай орындап жатыр. Оған кәсіпкер Досан Рымтаевтың ауданның экономикалық дамуы үшін бүтін қонақүй ғимаратын тегін тарту етуі дәлел бола алады. Қаратаудағы «Жомарт түлектер» форумында жиналғандардың өлкенің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өткен Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек шаһарда қашаннан бері қараусыз қаңырап бос қалған ғимараттарды кәдеге жарату бастамасын көтерді. Осы орайда қайырымды істердің қасынан табылып, халықтың алғысын арқалап жүрген кәсіпкер, ауданның «Құрметті азаматы» Досан Рымтаев көтерілген бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосып, өзі басқаратын серіктестік меншігіндегі жоғарыда аталған ғимаратты «Қаратау» қонақүйіне айналдыру үшін жергілікті билікке берді. Бұл сөз жоқ, қос қолдап қолдауға тұрарлық шешім. Енді өзге аудандарда өтіп жатқан «Жомарт түлек» жиындарында да осындай көпке үлгі болар қайырымды істер жасалса игі. Өйткені жобаның басты мақсаты – жиылып жиын өткізу емес, ел үшін тамшыдай болса да пайдаңды тигізу.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы