Каспий бойлаған қамыс өрті сөндірілді
Каспий бойлаған қамыс өрті сөндірілді
242
оқылды

Атырауда қамыс өрті – жиі болатын құбылыс. Жыл сайын адам қо­лынан, болмаса табиғи тұтану еке­ні белгісіз, теңіз жағалап өскен ну қамыстың жалынға оранып тұра­тыны бар. Бұл жолғы өрт қала маңындағы Кеңөзек ауылдық окру­­гі Тасқала ауылынан шамамен 40 шақырым қашықтықта Каспий теңі­зінің жағалауында болды.

Исі қолқа қаптырып, қалаға жетіп-ақ келді. Өрт сөндіру бойынша іс-қимылдарды үйлестіру үшін Атырау облысы Төтенше жағдайлар қызметінің күш-құралдары бірден лаулаған қамысқа аттанды. Жолсыз, ми батпақ теңіз жағалауы сөндіру жұмыстарына кедергі келтіріп, оның үстіне қосыла соққан жел қызыл алаудың «арынын» арттырды. «Жалпы, 19 мамыр күні тұтанған өртті сөндіруге Атырау қалалық өртке қарсы гарнизонының жеке құрамы күшейтілген қызмет бабына көшіріліп, 10 өрт сөндіру автокөліктері қатыстырылып, 40-қа жуық қызметкер жұмылдырылды және өрт орнында үздіксіз байланысты қамта­ма­сыз ету үшін КШМ (командалық-штабтық машина) өрістетілді», – деп хабарлайды Атырау облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобы. дес бермей бара жатқан жалынды тоқтатуға жердегі көліктерге қиын соғып, әуеден «МИ-8» тікұшақтары іске араласып, 33 мәрте аспаннан төніп, 127 тоннадай су шашқан. Осындай жанкешті іс-әрекеттер арқа­сында өрттің күші әлсіреп, қаусаған ну қамыс бықсып барып бір басылды. 19 мамырдан 23 мамырға дейінгі қызыл жалынмен айқасқан өрт сөндіру мамандарының бұл еңбегіне өңір халқы дән риза. Төтенше жағдайлар департа­менті тарапынан әлі де кезекшілік жал­ғасып, жағдайды толықтай бақылап отыр. Тілсіз жаудың тізгінін осылай тартып отырмаса, онсыз да экологиядан зәрезап болған өңірге бұл қатты әсер етері сөзсіз. Бүгінде  «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының мә­ліметіне сәйкес, Атырау облысының аумағында өте жоғары өрт қаупі сақталып отыр екен. Осыған орай,  Атырау облысының Төтенше жағдайлар департа­менті жұртшылыққа ауа райының аптап ыстық кезінде орман-тоғайларда жанып тұрған сіріңкелерді, темекі тұқылдарын, бықсыған шүберектерді тастамауға,  күн сәулесімен жарқыраған бөтелкелерді немесе әйнектің сынықтарын қалдыр­мауды ескертіп жатыр. Өрттің басым бөлігі  күн сәулелерін бойынан өткізіп жанатын шөлмек қалдықтарынан бола­тыны белгілі.  Сондықтан Каспий теңізі бөлігінде қамыстың өртенуі аптап ыстық­та автокөліктер мен тұрғын үйлерде өрт оқиғасымен жалғасып кету қаупін құ­зырлы орган өкілдері тұрғындарға үздіксіз түсіндіріп жатыр.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы