Аршалыда су қоймасына түскен 3 баланың екеуі суға батып кетті
Аршалыда су қоймасына түскен 3 баланың екеуі суға батып кетті
377
оқылды

Аршалы ауданында кәмелет жасына толмаған екі бала суға батып кетті, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Соңғы аптада басталған аптап ыстық солтүстік облыстағы тұрғындарды су бойын жағалауға алып келді. Өкінішке қарай арасында қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан жайттар көп айтылуда. 25 мамыр сағат 17.23-те Аршалы ауданында полицияның кезекші бөліміне телефон шалған адам №42 разъезде екі бірдей баланың суға батқанын хабарлады. «Оқиға орнына дереу Аршалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен екі адам және полиция бөлімінен бес адам, сондай-ақ Нр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаментінен төрт адам жетті», – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. Анықталғандай №42 разъезд станциясынан 200 метрдей қашықта су қоймасына түскен сегіз жасқа жаңа толған оқушылар белгісіз жағдайда суға батып кеткен. Аршалы «Үш бала ата-анасының рұқсатынсыз үйлерінен шығып кетіп, суға түскен. Ал шамамен 16.30-да кіші баласы әкесіне ағаларының суға түсіп жатып көмек сұрап «құтқарыңдар!» деп айқайлағанын айтқан. Бірден жүгіре жеткен әке судан еш тіршілік белгісі байқалмаған ұлын алып шыққан. Ал шамамен 18.34-те Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар қызметкерлері суға батып кеткен баланың жиенін де алып шықты», – деп толықтырды Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Төтенше жағдай бөлімінің мамандары суға түсу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үйлер мен аулаларды аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Тек осы мамыр айында ғана 373 үйді аралап, 429 адаммен тілдестік. Сондай-ақ үш мәрте жиын өткіздік. Әлеуметтік желілерде, газеттер мен интернет ресурстарда мақалалар орналастырылды.  Екі бейне ролик әзірленіп, 1000-нан астам үгіт-насихат өнімдері таратылды. Оның ішінде дәл осы №42 разъезде де 23 мамырда үгіт-насихат материалдары беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бастысы қауіпсіздік ережесін сақтап, балаларға аса абай болу керек», – дейді ТЖ департаметінен.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы.