Сөйлемді ежіктеп оқитын мұғалімнің жұмысқа қалай қабылданғаны белгілі болды
Сөйлемді ежіктеп оқитын мұғалімнің жұмысқа қалай қабылданғаны белгілі болды
Түркістан облысында сөйлемді ежіктеп оқитын мұғалім көпшіліктің назарына іліккен болатын. Бұл жайтқа қатысты тың ақпарат жарияланды, -  деп жазады Otyrar.kz. Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылындағы Садриддин Айни атындағы №8 орта мектептің директоры Гүлсара Хасанова мұғалімді жұмысқа қабылдауға аудандық білім бөлімінің жолдамасы негіз болғанын алға тартып отыр.
“Ол тестілеуден өтті, содан кейін екінші тур – сұхбаттасудан өтті, ол да біздің мектепте өткізілмеген. Ол маған ауданнан жолдамамен келді. Мен оны, әрине, қабылдадым”, – дейді басшы.
Алайда аудандық білім бөліміндегілер барлық жауапкершілік мектеп директорында екенін айтуда. Белгілі болғандай, болашақ мұғалім университетте орыс тілі мен әдебиеті бойынша мемлекеттік емтихандарды да өте жақсы бағамен тапсырған екен. Оның мектепте 2021 жылдың наурызына дейін жұмыс істегені, кейін декреттік демалысқа шыққаны белгілі болды. Мұғалім жақында сәбилі болған. Мекеме басшысының сөзіне қарағанда, ұстаздың сөйлемдерді ежіктеп оқу жағдайы шынымен де болған, бірақ тек мектепке алғаш келген кезінде 2019 жылы болыпты. Алайда ата-аналардың бірі бұл сөздермен мүлде келіспейді.
“Балалар қашықтан оқығанда ол сабақты осылай түсіндірді. Өткен жылы барлық мектептер жабылған кезде осылай оқытты”, – дейді ата-аналардың бірі.
Директор мектепте кадр тапшылығы жоқтығын да атап өтті.
"Бізде тапшылық жоқ”, – деп түсіндірді Гүлсара Хасанова.