БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 26 мамырдағы үкімімен Болат Аймағамбетов ҚР ҚК 124-бабы 2-бөлігімен (жас балаға қатысты азғындық) және 121-бабы 4-бөлігімен (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті) айыпты деп танылды.
Аталмыш соттың баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны Б.Аймағамбетов 2007 жылы туған өгей қызына күш қолданбай, азғындық және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, заңды өкілдің, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау, алу, сараптама қорытындыларымен дәлелденген.
Прокурор Аймағамбетовке түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, жәбірленуші тарап мұнымен келісті. Сот заң талаптарын ескере отырып, Аймағамбетовке ең жоғары жаза кесті. ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігімен 15 жыл, 124-бабы 2-бөлігімен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.
Бұл жазалар ішінара қосылып, түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар Б.Аймағамбетов педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты қызметтермен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.