Әуе апатынан кейін жұмысы уақытша тоқтатылған Bek Air компаниясы жолаушыларына күшін жойған билеттерінің құнын қайтаруға асығар емес.
Bek Air компаниясы өкілдері: «Жолаушылардың 10 қаңтарға дейін билет құнын толығымен қайтарып алуға немесе басқа әуекомпанияларының қызметіне алмастыруға мүмкіндіктері бар» деген болатын. Бұл мүмкіндікті пайдаланбай, қаражатты қайтып алғысы келген жолаушылар Bek Air компаниясына байланысты өз шағымдарын айта бастады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сақып Құсайынова: «Ұлым мен келінім 2019 жылдың 27 желтоқсанында Атыраудан Нұр-Сұлтанға ұшып келіп, 12 қаңтарда кері қайтпақ болған еді. Олар билетті интернет арқылы сатып алған, билеттің құны 93 мың теңгесін әлі күнге дейін қайтарып ала алмай жүр», – дейді.
Жолаушылар кәсіпорынның қолдау қызметі мен билеттерді сатып алған онлайн ресурстарға, call-орталықтарға хабарласса да, еш нәтиже шықпай отырғанын айтады. Ал әлеуметтік желідегі пікірлерді әуетасымалдаушы әдейілеп өшіреді екен. Bek Air әуекомпаниясынан билет сатып алып, құнын қайтара алмағандар Telegram-да арнайы чат та ашқан. Мұнда 50-ден астам адам бар. Олардың бірі әуекомпаниясының call-орталығы жауап берген хабарламасын салған. Онда кәсіпорын билет құнын қайтара алмайтыны, әуекомпаниясының шотында ақша жоқ екені жазылған. Ал қаражат рейстер жаңартылғанда ғана болады делінген. Осы жағдайдан хабардар Азаматтық авиация комитетінің қызметкерлері: «Егер билет құнын қайтармаған жағдай туындаса, тұрғылықты жеріңіздегі сотқа шағым берген жөн. Өйткені әр жолаушы билет алып, ол рейс болмаса, ақшасын қайтарып алуға құқылы» дегеннен басқа сөз айта алмады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ