Алматы қалалық Қоғамдық Денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң 69 адамның ауруханаға түскенін айтты.
Оның айтуынша, бұл пациенттерге қатысты эпидемиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ вакцина салдырған соң екі адам көз жұмған.
"Олардың біреуі 4-перзентхананың қызметкері, Алматы облысының тұрғыны. Өлім себебі жүрек жеткіліксіздігі екендігі анықталды. Екіншісі - 42 жастағы Алматы тұрғыны. Оның өліміне қатысты тергеу жүргізілі жатыр", - деді ведомство басшысы.
Нариман Табынбаев вакцина салдырған соң жағдайы күрт нашарлағандар 1 ақпанннан бастап есепке алынғанын айтты.
"Біз 296 мыңнан астам адамға вакцина салдырдық. Олардың ішінен 69 адам ауруханаға түсті. Вакцина салдырған соң бірден ауруханаға жатқызылған жоқ. Науқас ауруханаға түскен бойда оның вакцинаның 1 және 2-компонентін қашан алғанын тексереміз. Әлі күнге дейін бірнеше қала тұрғыны ауруханада жатыр", - деді ол.