Еліміздің батыс облыстарына қарасты ауыл жастары өзін-өзі тану, коммуникативтік дағдыны қалыптастыру, қаржылық сауатын арттыру, болашақ кәсібін анықтауға мүмкіндік алып отыр. Бұл бағытта оларға «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры көмектесіп жатыр. Аталған ұйымның «Жалын» жобасы ауыл жастарының жігерін жанитын сәтті іс-шараға айналып келеді.
Жоба бүгіндері Құлсары қаласындағы 12 мектеп пен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында орналасқан 3 мектептің жасөспірімдері арасында карантиндік-санитарлық талаптарды сақтай отырып, іске асырылып жатыр. Қатысушылардың жобадан алған білімін шыңдауына, өз ойын еркін жеткізуіне мотивация беру мақсатында Instagram әлеуметтік желісінде #JalyndyJazba шығармашылық байқауы ұйымдастырылып, ең үздік деп танылған қатысушыларға сыйлық табысталды.
– 2021 жылдың ақпан айында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен Маңғыстау облысының Боранқұл ауылы және Атырау облысы Құлсары қаласының мектептерінде білім алатын жасөспірімдерге өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыруға арналған «Жалын» жобасы бастау алды. Қатысушылардың белсенділігі мен қызығушылығына, ойын еркін жеткізе алатынына қарай отырып, олардың тұлға ретінде қалыптасуына «Жалынның» қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғаруға болады. Қатарынан қара үзіп, бай да қуатты, бақытты өмір сүру, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалану» өз қолында екенін түсіне алғанына тәнтіміз, - дейді жоба координаторы Нұрлыүл Рамазанова.
Бүгіндері жоба аясында 24 топта 360 жоғары сынып оқушысы оқып жүр. Жыл соңына дейін жобаға 900-ге жуық оқушы қатысады. Жоба үш кезеңнен тұрады және әр кезеңді сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталады. Жоба соңында қатысушылар тәлімгермен бірге әлеуметтік жобаны жүзеге асырады.