Ауылдың мәселелері қалай шешіліп жатыр?
Ауылдың мәселелері қалай шешіліп жатыр?
700
оқылды

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының ел дамуындағы рөлі зор екеніне баршаның көзі жетті. Мемлекет те ауыл-аймақтарды, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Қазақстан Парламенті  ауылдағы түйткілді мәселелерді  шешу жолдарының заңнамалық негізін қалып­тас­тыруда аянып қалған емес. Үкімет те  ауылдық аумақтарды дамытуға ар­налған парламенттік тыңдаулардың қорытындысы бойынша Сенаттың әзір­леген ұсынымдарын қолдады.

Дегенмен ауыл-аймақтарды дамыту әлі де көп жұмысты, қажырлы еңбекті қа­жет етеді. Табысы күнкөріс деңгейінен тө­мен аз қамтылған отбасылардың көп­шілігі ауылдық жерлерде тұрады, олардың үлесі қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Соңғы екі жылда ауылдан қалаға 720 мың адам қоныс аударған. Жүргізілген сауалнама нә­тижелері ауылдық жердегі ең басты қиын­дық – жұмыссыздық екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан еңбекке қа­білетті адамдардың 40% болашақта қалаға кө­шуді жоспарлап отыр. Ауылды жерлерде 137 денсаулық, 315 білім беру нысанын салу керек, 78 мектеп – үш ауысымды, 19 – апат­тағы жағдайда, 900 дәрігер, 1 860 пе­да­гог жетіспейді. Үкіметтің қолданған шаралары арқа­сын­да ауылдағы көптеген проблема ше­шілу­де, бірақ  аталған мәселе біз қала­ған­дай тез арада шешіле қойған жоқ. Маман­дар­дың есебі бойынша, ауылдық инф­ра­құры­лымды қаржыландыруға қазіргі жос­парланған бюджетке қарағанда кемін­де 2 есе көп қаражат бөлу қажет. Біз ауыл тұрғындарының ең өзекті мәселесі – олар­ды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қа­лай шешіліп жатқанына талдау жүргіздік. Мем­лекет басшысының осы мәселеге қа­тысты берген тапсырмасының сапалы орын­далуын қалай қамтамасыз етеміз? 2019 жылы 105 ауылдық елді мекенге ауыз­су тасымалдау арқылы жеткізілетін болса, өт­кен жылдың соңына қарай олардың саны азаймаған, керісінше көбейген, яғни 109 ауылдық елді мекен болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі­нің мәліметінше, сапалы ауызсумен 1 922 ауылдық елді мекен әлі қамтамасыз етіл­меген, ал бұл еліміздегі барлық ауыл­дың 30%-дан астамы. Оның ішінде 1 129 ауылда сумен жабдықтау жүйесін блок-мо­дульдерді салу арқылы жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіру көзделіп отыр. Сонымен бірге мамандар бұл жұмысты 2025 жылға дейін аяқтай алатынымызға кү­мәнмен қарап отыр, өйткені бұл ауыл­дардың көпшілігінде жерасты суларының қорлары (дебеті) және олардың сапасы әлі зерт­телмеген, ал бұл қымбатқа түсе­тін ұзақ процесс. Тағы бір мәселе, ауылшаруашылық құ­рылымдарына және ауылдағы ауыл шаруа­шылығына жатпайтын бизнеске не­сие беру. Осы уақытқа дейін ауыл шаруа­­­шылығындағы басты қаржы инс­титуты «ҚазАгро» АҚ ұлттық холдингі бол­ды. Оны «Бәйтерек» AҚ-мен біріктір­ген­нен кейін, біз ауылды қаржыландыру кө­лемі ұлғаяды деп үміттенген едік. Алай­да Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, «Аграрлық несие кор­пора­циясы», «Ауыл шаруашылығын қар­жы­лық қолдау қоры», «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамдарының 2021 жылға жоспарлаған несие қаражатының көлемі өткен жылдармен салыстырғанда шамамен 30 млрд теңгеге төмендеп, бар болғаны 416 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар АШМ деректері бойынша, ауыл тұрғын­дары­ның несие қаражатына жыл сайынғы қа­жеттілігі 1,5 трлн теңгеге дейін құрайды. Міне, бұл  мәліметтердің өзі ауылды жер­лерді дамыту мәселесінің ешқашан  на­зар­дан тыс қалмауы керек екенін көр­се­теді. Біздің қол жеткізген табыстары­мыз­дан гөрі алда атқарар ісіміз,  жүзеге асы­рар жобаларымыз әлдеқайда көп.  

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты