Энергияны тиімді пайдалану – уақыт талабы
Энергияны тиімді пайдалану – уақыт талабы
320
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Видеоконференция ре­жимінде өткен жиынды ашқан Мемлекет басшысы еліміздің электр энер­гетика саласын да­мытудың маңы­зын атап өтті. Бүгінде энергети­каның Қазақстан экономика­сындағы рөлі зор. Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді. – Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыс­тырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кә­сіпорын­дар­дың негізгі қоры мен құрал-жаб­дық­тары Экономи­калық ын­ты­мақтастық және даму ұйымы­ның және әлемдегі басқа да озық елдер­дің заманауи стан­дарттарына сай келмейді дегенді білдіреді, – деді Мемлекет бас­шысы. Қасым-Жомарт Тоқаев та­риф­тердің әділдігі мен қол­жетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төм­ен­дету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін бар­лық тариф түрлері кейінге ше­герілді. Сонымен қатар та­рифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шы­ғындарды жабуға және са­ланың дамуына мүмкіндік ту­ғызуы тиіс. – Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақ­тарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарық­тың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигіз­бей­ді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орын­далмай отыр. Егер электр қуа­ты босқа ысырап болса, онда өте қым­бат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдық­тарды пайда­ланудың не қажеті бар?! – деді Президент. Мемлекет басшысы қуат бе­ретін жаңа көздерді жаңғыртудың және іске қосудың маңызын атап өтіп, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны газға көшіру жобасына арнайы тоқталды. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегіні аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, елі­міздің 2035 жылға дейінгі энер­гиялық теңгерімі дайындалып отыр. – Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу стансалары 40 жыл­дан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәй­кес, олардың 50 пайыздан астамы тозған. Бұл электр стан­сала­рын­дағы технологиялық заң­бұзу­шылықтардың артуына әкеп соқ­тырады. 2019 жылы – 4 010, 2020 жылы – 4 458 заң­бұзу­шылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 пайызға артқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. – Бұған дейін біз жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін стансалардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді  мін­деттеймін, – деді Мемлекет бас­шысы. Президенттің пайымдауынша, Қазақстан қуат көздері бойынша бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші ор­нын сақтап қалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жаңар­тылатын қуат көздерін пайдалану­­ға ынталандыру қажет екенін атап өтіп, «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын стансаларды пайдаланудың пи­лоттық жобаларын жүзеге асыруды ұсынды. Мемлекет басшысы атом энер­гетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес деген ма­ман­дардың пі­кірімен келісті. – Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Де­ген­мен тұрғындар арасында түсін­діру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом стан­саларының құры­лысын бастауға асықпаймыз, алай­да бұл істі кейінге ысыруға да бол­май­ды, – деді  Президент. Мемлекет басшысы өз сөзінде электр желілері компанияларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы аталған са­ла­ны дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды міндет екенін айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Еуропаның басқа да мемле­кет­терінің инвесторларымен келіс­сөздер жүргізіліп жатыр. Оның пікірінше, халық са­ны­ның артуы және эко­номиканың өсімі жаңа қуаттарды енгізуді та­лап ететіні сөзсіз. Алайда мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан эко­но­ми­каның энергия сыйымдылығын азайту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы Үкіметке аталған мә­селені бақылауда ұстауды тап­сырды.