Мемлекет қоқысты кәдеге жарата алмай отыр
Мемлекет қоқысты кәдеге жарата алмай отыр
303
оқылды

Қарап тұрсаң, жерінде бір түйір пайдалы қазбасы жоқ көптеген елдердің тұрмысы Қазақстаннан көш ілгері кеткен. Олар жоқтан барды жасап, барын ақылмен іске асырып, ғылым-білімін дамытып, шалқып өмір сүріп отыр. Бас­қа­сын айтпағанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратып, пайдаға шаш етектен кенелуде. Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарға қатысты проблема жетерлік. Соның ең негізгісі: бірі – қоқыстың шамадан тыс көптігі әрі олардың түр-түрге жіктеліп бөлінбейтіні, екіншісі – оның өңделу үлесінің тым аздығы. Егер осы проблемалар шешілсе, атшаптырым аумақтарды алып жатқан күлтөкпелер де азаяр еді және отандық кәсіпорындар да шикізатқа байып қалар еді.

Әлемде жыл сайын 2 миллиард тонна қат­ты тұрмыстық қалдық шығарылады, оның 5 миллион тоннасы – Қазақстанда. Ал ел ішінде көп жылдан бері қордаланып қалған қоқыстың мөлшері 150 миллион тон­надан асады. Отандық кәсіпорындар 2020 жылы 4 мил­лион тоннадан астам тұрмыстық қал­дық жинаған, оның 1 миллионы сұрып­тал­ған, тек 13 мың тоннасы шикізат ретінде қай­та өңделген. Қайта өңделген қалдықтың үле­сі 18,3% аспайды, қалғандары полигонда тау болып үйіліп жатыр.

Қалдықтардан қайтсек құтыламыз?

Жалпы, елімізде 625 кәсіпорын қоқыс бизнесімен айналысады. Көпшілігі қалдық­тарды тек тасымалдайды, сұрыптау­мен, оның ішінде өңдеп, кәдеге жаратумен айналысатындары некен-саяқ. Ресми дерек бойынша, республикада соңғы жылдары 1,5 мың заңсыз күлтөкпе жойылған екен. Алайда әлі 6 мың заңсыз күл­төкпе бар. Ал жұмыс істеуге рұқсат етіл­­ген 3,5 мың полигонның тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талап­тар­ға сай. Тау-тау қоқыс үйілген күл­төк­пелер атшаптырым аумақтарды иеленіп, оны басқа мақсат үшін пайдалануға мүм­кін­дік бермей жатқаны өз алдына, ток­син­дер бөліп, топырақты, ауаны, суды аяусыз лас­таған үстіне ластай түседі. Оның адам денсаулығына қаупі зор. 2019 жылдан бастап елімізде полигон­дарда пластмасса, пластика, полиэтилен, полиэтилентерефталат қапшықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар шамдар мен аспап­тар­ды, қорғасын-қышқылды батарей­ка­лар­ды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған. Бірақ көпқабатты үйлер­ден шығатын қалдықтардың тек 1 пайызы ғана сұрыпталатындықтан, қоқыс жәші­гін­де олардың бәрі араласып кеткен. Қал­дықтарды арнайы жәшіктерге бөліп салуға көп­шіліктің мойны жар бермейді. Соның сал­дарынан тыйым салынған заттар күл­төкпеде ыбырсып жатыр. Бір ғана мысал, ма­кулатура өңдейтін «Алматықағаз» бен «Карина» компаниялары ай сайын қажетті 7 тонна шикізаттың 1 тоннасын Ресейден ал­дыруға мәжбүр. Республикада қалдық өңдейтін 160 кә­сіп­орын бар. Олар қағазды, шыныны, ре­зи­наны, алюминий мен қаңылтыр бан­ка­лар­ды қайта өңдеумен айналысады. Тұр­мыс­тық қалдықтар, тиісінше сұрыпталмауы сал­дарынан, бұлардың қай-қайсысы ши­кізат тапшылығын сезінуде. Отандық кә­сіп­орындар макулатурадан қораптар, әжет­ха­на қағазын, қағаз сүлгі жасайды. По­лиэ­тилен пакеттерден – пластик құбырлар, ней­лон жіптер, қаңылтыр банкалардан – ыдыс-аяқ, резинадан шланг өндіреді. Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің ай­­­туынша, Қазақстанның «жасыл» эко­номикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, жа­қын жылдары Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Ал­маты, Атырау, Шымкент және Тараз қа­ла­ларында қоқыс жағатын зауыттар салына­ты­нын жеткізді. Аталған тұжырымдама бойын­ша, елімізде қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылы – 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс. Қазір 204 қала мен ау­дан­ның 51-інде қалдықты бөліп жинайды, 30-ында сұрыптайды.

Өңдеудің жаңғырған технологиясы

Нұр-Сұлтанда қоқыс өңдейтін зауыт қай­та жаңартылып, өңдеу қуаты екі есеге дейін ұлғаяды, – дейді елорда әкімі Алтай Көл­гінов. «Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына кү­ніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс сұрып­та­лып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заң­намалық базаны қамтамасыз ету мен waste to energy технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерек­ше көңіл бөліп отыр», – дейді әкім. Тұрғындардың күнделікті тұрмысынан шық­қан қоқыстардан және түрлі ұйым­дар­дың өндірістік қалдықтарынан қоғам өмі­ріне қажетті әрі пайдалы кішкентай бұйым­нан бастап, ауқымды жабдықтарға дейін жасауға болады. Оны өркениетті елдердің мы­салынан білеміз. Ол мемлекеттік ресурс­тар­дың есепсіз қолданылуына үлкен үнем жә­не аумақтың тазалығына тікелей әсер ете­ді. Астанада қалдықтардан қоқыс жәшік­тері мен сәкі жасайтын кәсіпорынның бө­лім басшысы Ерлан Мәмбетовтің ай­туын­­ша, қоқыс жәшіктері мен сәкілер по­­­­­лимерден, полиэтилен қалталардан жа­салады. Ең алдымен аталған шикізат ұсақ­талып, оған белгілі мөлшерде құм қо­сы­ла­ды. Әлгі ұнтақ арнайы пеште өртеледі. Пеш ішіндегі шикізат соның нәтижесінде бал­қы­тылған көмір түстес қоймалжың ма­териал­ға айналады екен. Одан кейін ол ар­найы қалыптарға құйылады. Сөйтіп жа­салатын заттың пішінін келтірген соң, жар­тылай дайын материал 24 сағат бойы суы­тылады. Әбден суып, қатқан тақтай­ша­лар қолмен өңделеді. – Әрине, қай істі болсын бастау оңай емес, әсіресе қазіргідей індет етек жайып тұр­ған шақта оның қиындығы тіпті еселеніп кетеді десе болады. Кәсіпорынды ашарда бі­раз кедергілерге тап болдық. Ұйымдастыру ісін­де аяққа тұсау болар жайттар кезікті. Оның бәрін айта берудің қажеті жоқ, – деп Ерлан Мәмбетов бір қайырып алып, негізгі мә­селеге көшті. – Біз жасайтын өнімдер на­рық­қа енді келіп жатқаннан кейін оған то­сырқау, көз үйрету, адамдардың сенімін арттыру деген сияқты объективті себептер де бар. Біздің тауарға қызығушылық та­ныт­қандар ең бірінші оны ұстап, сынап көруі керек... Бір ғажабы, бұл өнімдер табиғи ма­те­риал­дан жасалған заттарға қарағанда ана­ғұр­лым төзімді әрі берік. Күн көзіне желін­бей­ді, аяз-борандарға шыдамды, тіпті отқа да жанбайтын көрінеді. Мұндай сәкілер мен жәшіктерді сындырып, бүлдіру де мүм­кін еместей көрінеді. Олардың қаттылығы бо­латтан да берік. Сондықтан ұзақ уақыт бойы пайдалана беруге болады. Тағы бір ай­та кетерлігі, экологиялық таза.

Шетел тәжірибесі

Жапонияда тұрмыстық қатты қалдық­тар­дың 90 пайызы өңделеді. Әйтсе де, осы­дан 40 жыл бұрын күншығыс елі қоқыстың астында қалғанын бұл күнде біреу білсе, біреу біле бермес. 80-жылдардың басында Жапонияда экологиялық проблема бірінші кезекке шықты. Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын кәсіпорындар саны мен олардан шығатын өндіріс қалдықтары күрт өсті. Салыстырмалы түрде алғанда көлемі жа­ғынан аумағы онша үлкен емес мемле­кет­те жылына 450 миллион тонна қалдық шы­ғарылатын еді. Мұндай орасан мол қал­дықты үйетін орын табу көкейкесті мәсе­леге айналды. Сондықтан жапон үкіметі қо­қыспен күресуге бар күш-жігерін салды. Осының арқасында бүгінде Жапония әлемдегі ең экологиялық таза елге айналды. Ел заңы азаматтарды қоқысты сұрыптап жи­науға міндеттейді, сондай-ақ тұрғын­дар­дың азаматтық саналылығы күншығыс елін осы дәрежеге жеткізді. Мәселен, ел ас­та­насы Токио – әлемдегі тұрғындары аса ты­ғыз қоныстанған қалалардың бірі. Қала­ның әр ауданында қоқысты сұрыптау, жи­нау ережесінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Қоқыс өңдейтін және өртейтін зауыт­тарға қалдық тиелген көліктер әрбір 10-15 минут сайын тоқтаусыз кіріп, жүктерін тү­сіріп кетіп жатады. Елде қоқыс ірі көлемді немесе техника­лық күрделі қалдықтарды өңдейтін зауыттар көп. Олар тіпті көп шоғырланған аудан­дар­да, қала ортасында да орналасуы мүмкін. Білмейтін жұрт зауыттардың мұршасынан түтін «шықпайтынына» қарап, олар жұмыс істемей тұрған шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ түтін шығатын мұржалар жоғары тех­нологиялық сүзгілермен жабдықталғаны сон­шалық, кәсіпорын жұмыс істеп тұр­ған­ның өзінде олардан түтін шығып жатқаны көрінбейді. Финляндияда қоқысты өңдеу жал­пыұлт­тық сипат алған, бұл елде 99 пайыз қал­дық өңделеді. Дизайнерлік киімдерді ескі желкендерден, ыдыс жуатын щетка­лар­ды пластик пакеттерден, ауыл­шаруа­шылық тыңайтқыштарын батарейкалардан, түтіндік өңешін күл-қоқыстан жасайтын озық технологиясы бар елдің бірі – Финлян­дия. Оның 41 пайызы екінші қайтара қол­да­ныл­ған қалдықтардан жасалып, қалған 58 пайызы өртеліп, энергия мен жылу көзі ре­тінде пайдаланылады. Жаппай қоқыс өң­деу ісімен айналысатындықтан, елде кейін­гі жылдары 2 000 күлтөкпе жабылған. Финляндияда муниципалитеттер қоқыс жинау ісіне тікелей жауапты. Батарей­ка­лар­ды кез келген тұрмыстық дүкендерге өт­кізуге болады. Жиһаз, құрылыс материал­дары, электр жабдықтары арнайы орталық­тарға жөнелтіледі. Тұрмыстық қалдықтарды қа­былдайтын пункттердің үйге жақын ор­на­ласуы ескерілген, олар әр аулада дерлік бар. Швецияда қалдықтардың 96 пайызы өңделеді. Сондықтан мұнда тұрмыстық қал­дықтар мүлдем тапшы. Қазір шведтер оны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәж­бүр болған. Норвегиядан жылына 800 мың тонна қалдық сатып алуға тілек біл­дірген. Бұл елде қолданыста болған бір плас­тик­ті жеті рет жаңартып, қайта пайда­ла­ны­лады. Осыдан кейін ол электр стансасына өр­телуге жіберіледі де, электр қуаты ретінде іс­ке асырылады. Стокгольмде электр энер­гиясының 45 пайызы қалдықтардан өң­де­леді. Шведтер ғимараттарды да мұқият бөл­шектеп, құрылыс материалдарын бірнеше қайтара пайдалана береді. Еуропаның басқа көптеген елдері сияқты елде қаңыл­тыр және пластик құтылар ақшаға өткі­зіледі. Мерзімі өткен дәрі-дәрмек дәрі­ха­на­ға тапсырылады. Онда шприцтер мен ине­лерді де қабылдайды. Стокгольмде тіпті кішкентай баланың өзі кәмпиттің қағазын басқа, су ішкен құ­ты­сын басқа контейнерге тастайды. Бала­бақ­шаларда және мектептерде қоқысты дұрыс сұрыптауға үйретеді. Теледидар, диван, құрылыс материалдары сияқты көлемі үлкен заттар арнайы стансаларға та­сымалданады. Оларды сол жерде бөл­шектеп, тауар өндірушілерге сатады. Бояу, қышқыл және басқа зиянды заттар тұрмыс­тық химияны өңдейтін зауытқа жіберіледі. Қоқыс жерасты дәлізі арқылы жеткізіледі. Шведтер осы ісі арқылы ел ішін қоқыс­тан тазартып қана қоймай, оны залалсыз өңдеу тәсілін меңгерген. Қоқыс өртейтін зауыт­тардағы жаңа технологиялардың ар­қасында өңделетін заттардан атмосфераға шы­ғарылатын зиянды қалдықтар 1 пайыз­ды ғана құрайды.

Түйін:

Қазақстанда бұл салаға өркениетті жұрт­тардыкіндей мол қаржы әлі жетпей жатыр. Егер инвестиция жеткілікті түрде тартылса, онда жаңа технологиялар келіп, қалдықтарды өңдеу көлемі ұлғаяр еді әрі оның өңделу сапасы да арта түсер еді. Содан соң тұр­ғындардың экологиялық сауат­тылығын да күшейткен абзал-ау.

Дәулет АСАУ