Дәстүрлі әншілеріміз қайда жүр?
Дәстүрлі әншілеріміз қайда жүр?
622
оқылды

Пандемия дәстүрлі әншілерге де әсерін тигізбей қойған жоқ. Әсіресе, олардың көбі сахнаға шыға алмай қалды. Емін-еркін жүріп қалған адамдардың аядай бөлмеде отырып қалғаны, гастрольдік сапарларға шыға алмауы шығармашылығына кері әсерін тигізген жоқ па? Эстрада әншілерінің көбі вайн түсіріп, жарнамадан қосымша қаржы тауып жатыр. Дәстүрлі әншілер ше? Олар әлеуметтік желіге тәуелді ме?

Белгілі әнші Рамазан Стам­ғазиев қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы VIII республикалық дәстүрлі ән­шілердің үлкен байқауы Сарыарқа төсінде  – Қарағанды қаласында өтіп жатқанын айтты. «Пандемия тек дәстүрлі әншілерге ғана кері әсерін тигізген жоқ. Қазақ «көппен көр­ген – ұлы той» дейді. Карантин кезінде барлық талапты орындап, үйде отырдық. Қазір Аллаға шүкір, онлайннан оф­флайнға көшіп, бетпе-бет отырып, әншілерді тыңдайтын кезеңге жеттік. Мұнда да барлық талап сақталған. Бұған дейін де кон­церт­тер онлайн өтіп жатты. Дәстүрлі әншілердің «Қазақ дауысы» атты халықаралық деңгейдегі байқауы бас­талды. Жағдайымыз жаман деп жантая беруге болмайды. Шүкірлік ету керек», – дейді Рамазан Стам­ғазиев. Дәстүрлі әншілер онлайн ре­жимнің пайдалы тұстары да бар екенін айтады. Бұрын олардың көбінің жұмысы жолда өтетін. Қаланың бір шетінен екінші бір шетіне жету де уақыт алатын. Қазір керісінше уақытты көбірек үне­м­дейді. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай: «Соңғы кездері эстрада әншілері сияқты тойға барып, көп ақша тауып жүрген жоқпыз. Тойға бару деген дәстүрлі әншілерде көп кез­деспейді. Біздің сахнадағы орны­мыз­ды фо­нограмамен айтатын эстрада ән­шілері тартып алған. Қазір дом­бы­рамен айтатын ән­шілерге той та­қырыбы жабық. Пандемияға дейін де тойға барма­ған адам­дар­мыз. Сондықтан той тоқтап қал­ды, ақ­шасыз қалдық деп қамы­ғатын жө­німіз жоқ. Өйткені адамдардың талғамы өзгеріп кет­кен. Қазір көп­ші­лік тобырлық музыкаға елтіп кетті. Дәстүрлі өнер көп сұранысқа ие емес. Талғамы бұ­зылған ұрпақ кел­ді. Солардың тойы болып жа­тыр. Олар сенің әніңді қайтсін?», – дейді. Қазіргі заманауи ән де, әуен де басқа. Дәстүрлі әншілердің көбі байқауларда болмаса, сарайларда көп концерт бере бермейді. Тойға барып жатқаны да бірен-саран ғана. Сонда олардың тұрақты та­бысы қандай? «Барлығы болмаса да, той арқылы табыс тауып жүрген ән­шілер біздің де қатарымызда бар. Бірақ олар көп емес. Олар әрі домбырамен, әрі эстрадамен ән айтады. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген осы шығар. Өзіме келер болсам, карантин кезінде үйде отырып, «Үкілі Ыбы­рай» деген кітабымды жазып шықтым. Биыл тағы бір кітап дайындап отырмын. Жылдың аяғына дейін бітіп қалатын шығар. Одан бөлек, киносценарийлерім бар. Кино саласында шетелдік­термен бірге бір жобаны қолға алдық. Пандемия бізге зиянын тигізбеді деп айта алмаймыз. Бірақ мұның ұтымды тұсы – бізге көп талап қойылмайды. Таңертең 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыста отыр­маймыз. Жұмыстың көбі онлайн істелген соң, уақытты да тиімді пай­даланады екенсің. Бұл бізге еркіндік берді», – дейді дәстүрлі әнші. Әншілер пандемияның ар­қа­сында кеңсе жұмысынан құ­ты­лып, еркін форматқа көшудің тиімді жағы көп деп отыр. Қон­аққа ша­қыру азайып, той жасау да тыйыл­ды. Мұның да дәстүрлі әншілер үшін пайдасы көп се­кілді. «Жауапты адам үйде отырса да, жұмысқа жауапкершілікпен қа­райды. Пандемия осының мән-маңызын ұқтырғандай. Осы тұр­ғыдан карантиннің тигізген әсері көп. Әрине, көп ақша таба алған жоқпыз. Нан-суға жететін күнде­лікті табысымыз тоқтаған жоқ. Мол қаржы таппасақ та, шығар­машылық әлеуетімізді пай­да­ланып, жоспардағы біраз дүниені жүзеге асырдық. Біздің бір ғана мұратымыз бар, ол – ұлттық өнер­ді өлтірмеу. Сол мұраттың жолында еңбек етіп келеміз. Мен үлкен буын туралы айтып отырмын. Ал жастарға келер болсақ, әрине, оларға пандемия қиындау тиді. Олардың көбі кітап жазып, кино түсіріп жүрген жоқ. Кейбірі он­лайн концерт қойып, сол арқылы жалақысын тауып жа­тыр. Ал жұ­мыссыз жүрген дәстүрлі әнші­лердің жайы бөлек», – дейді Ерлан Төлеутай. Ж.Жабаев атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясының әншісі Біржан Бәзілжанов емін-еркін жүріп қалған қазаққа, соның ішінде өнер адамдарына төрт қа­бырғаға қарап, аядай бөлмеде ты­ғылып отыру – қиынның қиыны екенін айтады. «Біраз жоспар­ла­рымыз, концерттер мен гас­троль­дік сапар­лар шегеріліп қал­ғаны болмаса, біздің шығар­ма­шылы­ғы­мызға аса бір нұқсан келді деп айта алмаймын. Әр қиын­дықтың ар­тында бір жақсылық бар деген­дей, бұл пан­демия бізге біраз дү­ниенің қадірін арттырды», – дейді әнші. Ол сон­дай-ақ панде­мияның өзіне оң әсері болғанын да жасырмайды. «Жұ­мысымыздың онлайн фор­матқа ауысқаны бір жағынан пай­далы болды. Бұрын көп уақы­тымызды жолға кетіре­тінбіз. Ал­матының ана шетінен мына шетіне жетуге біраз уақыт кететіні белгілі. Жолға кететін уа­қы­ты­мызды өзі­мізге жұмсап, ден­сау­лыққа, рухани дамуға көңіл бө­ліп, біраз пайдалы дүниелермен айналысып қал­дық», – дейді ол. Эстрада әншілерінің көбі той­дан табыс табады. Ал дәстүрлі ән­шілердің тұрақты жұмысы бар. Бірі филармонияда, енді бірі «Ала­тау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істейді. Енді бірі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берсе, біреулері «Шабыт» уни­верситетінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Дәстүрлі әншілердің дені жұмыссыз қалып қойдық, тойға бара алмадық деп қамықпайды. Олардың көбі тұрақ­ты жалақы алады. Сондықтан «пан­­­­­­де­мия қиындық тудырды, оларға кері әсерін тигізді деп айта ал­­маймыз» дейді дәстүрлі әншілер. Жалақысы аз, тұрақты жұмысы жоқ жастар болмаса, дені онлайн концерт өткізіп, жалақы алып отырды. Карантин кезінде айына бір-екі рет онлайн концерт берген­дер де бар. Олар тіпті тікелей эфир­ге де жиі шықты. Керісінше, дәс­түрлі әншілер карантин кезінде көбірек жұмыс істеді деп сенімді айтуға болады. Мәселен, Ж. Жабаев атындағы ұлттық филармонияда жұмыс іс­тейтін әншілер үнемі онлайн кон­церттер беріп отырды. Әртүрлі тү­сірілімге қатысты. Тек үйде оты­рып жұмыс істегені болмаса, олар­дың концерті тоқтаған жоқ. Бюд­жеттен жалақылары да толық тө­леніп отыр­ған. Қара домбырасы қасында, онлайн форматта әнін шырқап, тыңдармандардың көңі­лін аулады. Олардың әлеу­меттік желі­лер арқы­лы ұсынылған он­лайн концерттері мен эстафета-чел­лендждерінің қаралымы өте көп болды. Бұл кон­церттердің халық­тың көңілінен шық­қанын аңғар­тады. Карантинде отырған көрер­менге мұның да ти­гізген пайдасы көп.

Айым БЕКТҰР