Қытайдан келген 23 адам күдікке ілінді
Қытайдан келген 23 адам күдікке ілінді
351
оқылды
Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов Қытайдан және іргелес мем­лекеттерден келген қа­зақстандықтардан ем­ханаға қаралуды өтінді. – Бұл сіздердің қауіп­сіздік­теріңіз үшін жасап отырған шара. Денсаулық нашарлаған жағдайда біз шара қолданып, сізді және отбасы мүшелеріңізді оқ­шау­лауымыз керек. Біз қайта-қайта хабарласа алмаймыз, – деді министр. Оның сөзінше, соңғы уақытта Қазақстанға Қытайдан 25 800 адам келген. Арасында Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бар. 23 адамның температурасы жоғары екені анықталып, 4 адам әртүрлі инфекция бойынша күдікпен ауруханаға жатқы­зыл­ған, нақты диагноздары үш күнде белгілі болады. – Қытайдан Қазақстанға өткен адамдар жайлы ақпаратты шекара қызметі береді. Біз ары қарай жергілікті атқарушы билік пен шекарадан өткен азамат­тар­дың тұрғылықты емханаларына жолдаймыз. Сөйтіп, барлығы тек­серіледі. Дегенмен азаматтар өз еріктерімен келіп тексерілгені де жөн. Өйткені жұқпалы дерт белгілері 14 күн ішінде белгілі болады, – деді Е.Біртанов.

Коронавирустың ошағы са­на­латын Ухань қаласында 11 мил­лионнан астам адам тұрады. Уханьнан келетін қазақстандық студенттер 14 күнге карантинге оқшауланады. Мұны Қазақ­стан­ның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

Елжан Біртанов жұқпалы дерт­тің алдын алу шаралары жа­салып жатқанын, егер Қазақстан аумағында тарай қалса, онымен күресуге дайын екенін және қазір 4,5 мың науқас төсегін әзірлеп, медициналық құрал-жабдық­та­рын сайлап қойғанын мәлімдеді. Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінде ҚХР-дағы коро­навирусқа байланысты жедел желілер ашылған. Жұмыс уақытында Қазақстан азаматтары мына нөмірлерге хабарласа алады: +7 (7172) 72-05-49, +7 (7172) 72-01-98, +7 (7172) 72-04-93. Жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері +7 (7172) 72-01-11 нөміріне хабарласуға болады.  Сондай-ақ Қытайдың кейбір қалаларында карантиннің енгі­зілуіне байланысты Қытай аума­ғындағы біздің азаматтар үшін Қазақстанның Бейжіңдегі елші­лігінде +86 10 65324189 телефоны бойынша тәулік бойы жедел желі іске қосылған. Қытай билігі вирустың таралу мүмкіндігі өсіп бара жатқанын айтады. Коронавирусты жұқтыр­ған адамдар Германия, Шри-Ланка, Малайзия, Оңтүстік Ко­рея, Тайвань, Таиланд, Канада, Непал, Вьетнам, Сауд Арабиясы, Сингапур, Жапония, АҚШ, Фран­ция, Австралияда кезіккен.   Айдар ДӘУІТҰЛЫ