Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді, - деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.
Қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді, ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы болған Талғат Әшім жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
ЖШС өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.
Мердігердің өкілі Дәурен Әбдіхамитов заңсыз жолмен алынған басқа тұлғалардың меншігіндегі мүлікті тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мердігер өкілі Дулат Мусенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мердігердің өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетейік, 24 мамырда соттағы соңғы сөзін айтқан Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы Жанат Нұрпейісов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, «Astana Innovations» АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім, «Нұр-Трейд» серіктестігінің бұрынғы директоры Ұлықбек Ачилов және мердігер компанияның басшысы Тимур Қасабаев тағылған айыптар бойынша кінәсын мойындамады.
Нұр-Сұлтанда LRT салу кезіндегі ақша жымқыру іс бойынша сот 2020 жылдың қазанында басталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы сол кездегі әкімнің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Талғат Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.
Талғат Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін «Астана LRT» төрағасы болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден кетіп қалған.