Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Сарыөзек ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Ержан Жаңабаев пен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кенжекүл Бақыбаеваның директордың кабинетінде кездескен сәті видеоға түсіп қалған. Бұл туралы Маржан Әуезова есімді желі қолданушысы жазды.
«Директор мен орынбасары арасындағы «Служебный роман» жайлы мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар білген. Олардың мұндай қылығы көптің наразылығын тудырды. 25 сәуірде екеуінің арасында болған «ашық махаббат» видеоға түсіп қалған. Бұл жағдайды Қамқоршылық кеңесінің төрағасы білсе де, Білім және ғылым министрлігіне хабарламаған.
Достар, мектеп директоры мен оның орынбасарының осылай үлгі көрсетіп жүргені дұрыс деп ойлайсыздар ма? Жастарымыз олардан қандай үлгі алады?», – деп жазды ол.
Бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысы Білім басқармасы пікір білдірді.
«Ержан Жаңабаев Мойынқұм ауданы Сарыөзек ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп директорының міндетін уақытша атқарып жатыр. Бейнероликтегі мәселе бойынша Е.Жаңабаевқа 2021 жылдың 26 мамырында Мойынқұм аудандық білім бөлімінің №140 бұйрығымен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолданылды.
Директордың міндетін атқарушы Е.Жаңабаев пен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Бақыбаева отбасын құрмаған. Олар алдағы уақытта үйленетіні белгілі болды», – деп мәлімдеді Білім басқармасы.