Қызылордада 1 айда 3 оқушы суға батып, қаза тапты
Қызылордада 1 айда 3 оқушы суға батып, қаза тапты
252
оқылды

Қызылорда қаласында каналға суға батып кеткен 8 жастағы ұл баланың денесі табылды. Оқиға облыс орталығына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Қазсушар» РМК филиалына қарасты «Байқадам» су торабында болды.

25 мамыр күні кешкі сағат 20.30 шамасында ол үй маңындағы жүргіншілер көпірінен абайсызда құлап, каналдағы суға батып кеткен. Құзырлы сала мамандары оның денесін екі күн іздестірді. Нәтижесінде кеше кешкілік марқұмның денесі табылды. «Қызылорда сушар» өндірістік учаскесінің бастығы Жорабек Ибрагимұлы су арнасының бойында орналасқан көпір тұрғындардың пайдалануына арналмағанын, су шаруашылығының өлшеуіш құралдарына арналған өткел екендігін айтады. Бала сол жерге су алу мақсатында барған. Қолындағы ыдысы каналға түсіп, соны алуға ыңғайланған сәтте құлап кеткен көрінеді. Бұл осы айдағы орын алған үшінші оқиға. Бұған дейін де соңы қайғылы жағдаймен аяқталған бірнеше дерек тіркелген. «Соңғы үш күнде оқушылардың қатысуымен үш қайғылы оқиға тіркелді. 24 мамыр күні №271 мектеп-лицейі оқушысы, 25 мамыр күні №280 мектеп оқушысы, 26 мамыр күні №11 мектеп оқушысы суға кету жағдайларымен қаза тапты. Суға кету жағдайының басым көпшілігі мектеп жасындағы балалар арасында болып жатқандығына байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде», – деді қала әкімдігінде өткен жиында Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева. Жалпы, Қызылорда облысында жыл басынан бері 14 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның 9-ы кәмелетке толмаған. Ал былтыр дәл осы кезеңге дейін 9 адам суға батып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған еді. Биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25 % көбейіп отыр. «Осы айдың өзінде 3 төтенше жағдай тіркелді. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Облыстың су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында, азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде» – дейді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин. Негізінде Қызылорда облыс аумағында 19 ірі канал, 220 шағын канал, 207 көл орналасқан. Жалпы 64 жабдықталмаған учаске қауіпті саналады. Су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері белгілі. Бірі ағын суға шомыламын деп, суға батып кетсе, енді бірі балық аулауға кетіп, үйіне қайта оралмаған. Мамандар су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында, азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын айтады. «ТЖ департаментінің қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында, балық аулайтын орындарда 144 рейд өткізіп 724 балықшыға судағы қауіпсіздікті түсіндіріп үнпарақтар таратты. Облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізіліп, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне және тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берілді. Суға түсуге қауіпті аймақтарға ескерту тақтайшаларын орнату мәселесі бірінші кезекте тұр. Жалпы бүгінгі күнге дейін 65 тақтайша орнатылып, бұл жұмыстар жалғасуда» – деді Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Сырдария өзенінде адамдардың суға кету дерегі азаймай тұр. Су айдындарында қаза тапқандардың саны биыл жаз келмей жатып күрт көбейді. Облыс аумағынан өтетін дарияның ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Өзенге шомылуға рұқсат етілмеген. Алайда, көпшілігі ескертуді елемейді. Себебі тұрғындар облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген жағажай тапшы екенін алға тартып отыр. Сол себепті көпшілігі арықтар мен өзен-көлге шомылуға мәжбүр екендіктерін айтады.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы