Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті полицейлердің өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалғанын хабарлады. Оқиға Жансүгіров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде болған.
Оқиға орнына келген патрульдік полиция полкінің инспекторлары – аға лейтенант Руслан Бүркітбаев пен лейтенант Жасұлан Құмарханов үй балконының таянышында отырған ер адамды көрген. Полицейлер үйге кірген. Ал пәтер ішінде ер адамның әкесі жүрген, ол баласын төменге секірмеуге көндіруге тырысқан. Полицейлер де ер адамды әңгімеге тартқан. Сондай-ақ оқиға орнына құтқару қызметкерлері келіп, ер адамды балкон таянышынан ішке қарай итере бастаған. Полицейлер сол мезетте оны қапсыра ұстап, ішке тартып алады. Құтқарылған 33 жастағы ер адамға медицина қызметкерлері көмек көрсетті. «Біз күйзелісте жүрген адамның қандай әрекетке баратынын білмегендіктен, жағдайға қарай әрекет жасадық. Оның төменге секірмеуі үшін бар күшімізді салдық», – деді Р.Бүркітбаев.А. ЖОЛДАС