Әдетте бейбітшілік пен тыныштық ұғымдарының мән-маңызына назар аудармайтын кездеріміз болады. Тіпті, кейде оны ел ішіндегі берекенің сақталуымен ғана өлшейтініміз бар. Кәдімгі «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» дейтіндей. Алайда Елбасының ғұмыры мен саяси қызметін шолып шығар болсақ, оның ең басты арманы бейбітшілікті сақтау болғанын байқаймыз. Елдегі, аймақтағы һәм жаһандағы тыныштықты мұрат тұтыпты. Бәлкім, содан да шығар Нұрсұлтан Назарбаев араздасқан жұрттардың арасында арағайын болуға да, шекіскендерді табыстыруға да жол іздеді, ел төрінен алаң ұсынды, аймақтағы, жаһандағы тыныштықтың сақталуы үшін барын салды. Ол Қазақстан ғана емес, дүниежүзінің ядролық қарудан бас тартуы жолында еңбек етіп келеді. Тұңғыш Президенттің «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» манифесі сол сөзімізге дәлел.
2016 жылдың наурызында АҚШ астанасы Уашингтонда ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит өткен-ді. Сол жиында «Әлем.ХХІ ғасыр» деп аталатын Елбасы манифесі жарияланған болатын. Өзгеше сипаттағы құжат-парадигма негізінде еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі сол кездегі БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға, ұйымға мүше барлық елге Тұрақты хат жолдап, үндеу тастаған-ды. Сөйтіп, Манифест БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде тіркелді. Әрине, әлемдік ұйымның құжаты ретінде Елбасы манифесінің тіркелуі Қазақстанның абыройын асқақтататын оқиға болғаны сөзсіз. Бірақ Елбасы үшін ел абыройымен бірге жаһандық қауіпсіздік, бейбітшілік мәселесі өзекті болғанға ұқсайды. Ел іші, төңірек, барша адамзаттың ортақ үйі Жер шары тыныш болмаса, мемлекет абыройынан келер-кетер ештеңе де жоқ. Содан да болса керек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің саяси қызметінде ұдайы алға тартып келе жатқан жолынан жаңылмай сол кезде де бейбітшілікті бірінші орынға қойды. Негізі, манифест – баршаны бейбітшілікке шақырған құжат. Елбасы әлемдік державалар жетекшілері мен мемлекет басшыларын тағы бір жаһандық соғыс қаупінен сақтандыра отырып, бейбітшілікті сақтау жолында не істелуі керек екенін егжей-тегжейлі сипаттап береді. Н.Назарбаев ядролық қаруды таратпау туралы шартқа жауапкершілікпен қарап, оны дұрыс орындаудың маңызды екенін айта келе, халықаралық қатынастарда жанжалдасуға құмар позицияны ұстану пайда болғанын, терроризм қаупінің артқанын атап өтеді. Жаһандағы адамдардың қолында 1 миллиардтан астам атыс қаруы бар екенін де тілге тиек етеді. Технологияның дамуы әскери өнеркәсіпті тым жетілдіріп жібергенін де алға тартады. «ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр. Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен» деген еді Елбасы. Одан соң жалпы жағдайды сипаттай келе, «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет екенін ұсынады. Әрі нақты қадамдарды атайды. Барлығы да соғыссыз әлем құру жолында жасалуы тиіс қадамдар.Елбасы әлемдік державалар жетекшілері мен мемлекет басшыларын тағы бір жаһандық соғыс қаупінен сақтандыра отырып, бейбітшілікті сақтау жолында не істелуі керек екенін егжей-тегжейлі сипаттап береді. Н.Назарбаев ядролық қаруды таратпау туралы шартқа жауапкершілікпен қарап, оны дұрыс орындаудың маңызды екенін айта келе, халықаралық қатынастарда жанжалдасуға құмар позицияны ұстану пайда болғанын, терроризм қаупінің артқанын атап өтеді.
Әрине, манифесте айтылған детальдарды жеке-жеке талдауға болады, дегенмен аталған құжаттың қандай маңызы бар екенін атап өткен жөн. Елбасы айтқанда ХХІ ғасырда ірі көлемдегі соғыс бола қалса, оның зардабы ауыр болады. Манифест жарияланғаннан бергі жылдар ішінде-ақ технологиялық жетістіктердің соғыс тәсілдерін мүлдем өзгертіп жібергенін байқауға болады. Супердержавалар түгілі дамушы, қатардағы елдер де заманауи үлгідегі қарулармен қаруланып жатыр. Пилотсыз ұшатын құралдардың ұрыс тағдырын шешетіні айқындала түсті. Былтыр Таулы Қарабақта болған соғысты экстремистер бақыламады дей аламыз ба? Сол соғыста жаңа технология қолдану террористердің де ондай құралдарға қол жеткізуге деген ұмтылысын арттырғаны анық. Тіпті, Йеменнен дрондар ұшырып, Сауд Арабиясындағы мұнай ұңғымаларын атқылаған қарулы топтар да болған. Одан бөлек, Суэц каналын биылғы наурызда көлденең жауып тастаған кеме оқиғасы да ойлануға мәжбүрлейді. Коронавирус пандемиясы да қауіпсіздік мәселесінің тым нәзік екенін байқатады. Әлем елдері соғысқа қажет технологияны дамытып жатқанда сол дүниеден үлес алып қалуды көздейтін топтар да қарап жатпауы мүмкін. Пандемия адамзаттың ярдолық, химиялық қарулардан бөлек биологиялық қарудан да зор зардап шегуі мүмкін екенін көрсетті. Тіпті, терроризмнің сипатын өзгертіп жіберуі де мүмкін. Яғни, қауіпті вирус жұқтырған бір қаскөй ел ішіне кіріп кетсе, жаңа індет жайылуы да ықтимал. Мұның барлығы ХХІ ғасырдағы сын-қатерлер шеңберінің жылдам кеңейіп бара жатқанын көрсетеді. Ал Елбасы жағдайдың күрделеніп бара жатқынын әу баста-ақ байқады. Сөйтіп, әлемге сауын айтып, ұран тастады. Негізі, манифестегі ойлармен кез келген сауатты адамның келісері сөзсіз. Әлемдік көшбасшы мемлекеттердің басшылары да мәселенің маңызды екенін біледі. Алайда мемлекеттер арасындағы бәсеке, пенде баласының тойымсыздығы, өзгеге билік жүргізуге ұмтылатын болмысы адамзаттың суық ақылға жүгінуіне мүмкіндік бермей тұр. Әйтпесе, манифестегі бір ғана «өзіңді демилитиризациялау» дейтін ойдың өзі сансыз игілікке бастар еді. Бір қызығы, манифесте айтылған бейбітшілікті сақтауға деген ұмтылыстың қаншалықты маңызды екенін кейде өзіміз де түсіне аламй қалатын тәріздіміз. Бүгінде ғылымдағы жаңалықтардың ішінен әскери техникаға қатысты дүние болса жұрт тамсана қарайды. Соңғы кездері саяси текетіреске барып жүрген мемлекеттердің әскери қуатын салыстырып, бірінің жеңіп, екіншісінің ыдырағанын қалайтындар, ксенофобияға берілетіндер де кездесіп қалады. Алайда іс жүзінде әлемде ірі әскери жанжал бұрқ ете қалар болса, оның зардабы тым ауыр болатынын аңғара бермейміз. Айталық, ядролық қаруы бар елдер жанжалдасып қалар болса, олардың сол қаруды қолданбасына кепілдік жоқ. Одан арғысы белгілі. Демек, «өзіңді демилитиризациялау» деген ойдың астарында «санадағы соғыстан» құтылуға деген ұмтылыс жатқанға ұқсайды. Сана тазармай өмір түзелмесін көз көріп жүр. Демек, «әлем ххі ғасыр» манифесін санға төңкеріс жасайтын құжат қатарына қосуға болатын сияқты.Ардақ СҰЛТАН