Шекарадағы жұрт шет қалғандай
Шекарадағы жұрт шет қалғандай
358
оқылды

Елімізде шекара маңында тұрған елді мекендер жетерлік. Осы кезеңге дейін ол өңірлерге көңіл бөлінбей келе жатқаны жайлы талай рет мәселе көтерілді. Екі ел арасында қалған соң өліара тәрізді күй кешетіндері жасырын емес. Бірінде тұрақты жұмыс табылмаса, келесісінде отандық телеарналар көрсетпей, жат жұртта қалғандай сарсаңға түседі. Мұндай аймақтарға көрші елдер көзінің сұғын қадамай кетпесі анық. Соның нәтижесінде шекара іргесінде даулы мекендер пайда болады. Жуырда Үкімет қазақ-өзбек шекарасында жатқан екі ауылды Түркістан облысының еншісіне қайтарды. Ал назардан тыс қалдырмауға тиіс мұндай аймақтар әлі де бар.

20 жылдық сергелдең 

25 мамырда Өзбекстанмен шекаралас жердегі Бағыс және Хиебон елді мекендері Түркістан облысына ресми түрде қосылғаны жарияланды. Үкіметтің №326 қаулысында осы арқылы облыстың аумағы 795,62 гектарға ұлғайып, шекараның өзгертілуі жайлы айтылған. Негізі, осы екі ауыл, әсіресе Бағыс елді мекені талай жылдан бері күрмеулі мәселені бастан өткерді. Тарқатып айтсақ, елді мекен картаға енбей қалғандықтан, тұрғындар 2000 жылдардың басынан бері құжаттарын реттей алмай келген болатын. Яғни, сол кездерден-ақ аталған ауылдар қай елге жататынын білмей, жер дауы басталды. Тұтанған даудың кесірінен ауыл адамдары өздерін «жеке мемлекет» деп жариялаған кездер де өтті. Бірақ бұған түсіністікпен қарауға болатын еді. Себебі көрші жатқан екі ел де ауылды қараусыз қал­дыр­ғандай сыңай танытқаны жасырын емес. Бірақ көп ұзамай Қазақстан мен Өзбекстан келісімге келіп, ауыл тұтастай елімізге өткені­мен, тұрғындар осы күнге дейін үйі мен жерін тіркеп, заңдастыра алмай жүрді. Сол үшін бір­неше рет наразылық та көрсетті. Әйт­кенмен, бұл тұста Үкіметтің емес, жергілікті биліктің шикілігі болған тәрізді. Мысалы, жергілікті әкімдік ауылдың Қазақстанға кірмегенін, рати­фикация­ланбағанын айтып келсе, Сыртқы істер министрлігі даулы жердің әлдеқашан, 2001 жылы-ақ ратификация­ланғанын жет­кізген. Биыл наурыз айында ауыл тұрғындары кезекті рет наразылығын білдіріп, елордаға арыз жолдағанын білеміз. Осыдан кейін наурыздың орта ширегінде Бағыс ауылына Үкіметтен арнайы делегация келіп, мәселені күн тәртібіне қойған болатын. Делегация сапарынан кейін арада екі апта өткенде Сарыағаш ауданы әкімдігі мен мәслихаты бірлескен қаулы шығарып, Түркістан облысы әкімдігіне Бағыс ауылын Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округіне, Хиебон ауылын Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қосу туралы ұсыныс жасаған. Облыс әкімдігі дәл осындай бірлескен қаулы қабылдап, соңынан Үкіметке жолдаған еді. Нәтижесінде, Үкімет ауылдарды заңды түрде түбегейлі облысқа қосқан секілді. Сонымен, Шымкенттен шамамен 150 шақырым қашықтағы қос ауыл Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарайтын болды. Дегенмен бір жайтты ескерусіз қалдырмаған жөн. 20 жылға жуық уақыттан кейін ғана заңдастырылып жатқан елді мекендердің жайы шекара маңында орналасқан өзге де аймақтардың жағдайын ескеруді қажет ететіндей. Түрлі проблемадан көз ашпай отыр­ған мұндай ауылдар елімізде көптеп саналады.

Шекаралық аймақтар жайсыз ба?

Жыл сайын шекараға жуық орналасқан ауылдарда халық саны азайып, бірқатары жойылып та жатыр. Әсіресе, елдің шығысында мұндай келеңсіз құбылыс үздіксіз жүріп тұр. Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ең үлкен шекаралық аймағы. 2 100 шақырымға созылып жатыр. Ресей, Қытай мен Моңғолия секілді үш бірдей мемлекетпен шектесіп жатқан Қатон­қарағай ауданында шешімін таппаған мәселе аз емес. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл жердің халқы 2,5 есеге кеміген. Қазір 10 мың­нан аса тұрғыны қалған. Ал шекараға жақын Талды, Қарайрық, Маралды ауылдары жойылып, үңірейген орны ғана қалды. Бұдан бөлек, тағы 7 ауыл жойылуға шақ тұр. Жастары қалаға ағылып, көшуге мұршасы келгендер елді мекенді тастаған. Осы жерде тағы урбани­зацияны себеп ретінде алға тартуымыз мүмкін. Бірақ ол да көп себептің бірі ғана сынды. Бастысы – шекаралық аймақтың халыққа жай­сыз болуы әсер ететіндей. Бір қарасаңыз, тури­зм үшін сұранып тұрған аймақ. Табиғаты, бал өндіру кәсібі мен бұғы-марал өсіруге қолай­лы. Негізі, үдере көшудің басы әріден бастал­ғандай. 1997 жылы шекаралық аудандарды ірілендіру саясаты жүргізілгеннен кейін аудан тұрғындары Алматы, Семей, Өскемен қала­ларына, басқа облыстарға тірлік үшін толассыз көшуді баста­ған, сол көш әлі тоқтамапты. Мәселен, 1997-2011 жылдар аралығында аталған облыстың шекаралық аудандарына қарасты 45 елді мекен картадан жойылса, 2018 жылға дейін Зайсан, Қатон­қарағай, Күршім, Үржар аудандарынан көшіп кеткен тұрғындар саны 100 мыңға жуық­таған. 1997 жылы жүз мың халқы бар Қатон­қарағайдың халқы 55 пайызға кеміген. Тұрғын­дардың орта жасы бұрын 30-50 жас болса, қазір 55-63 жас екен. Заманның қиындап тұрған тұсында шекара­лық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру сол кезде дұрыс шешім сияқты болғанымен, қазір оның арты үлкен ағаттыққа апарып соқтырғандай. Аудандарды ірілеп, қаржыны үнемдейміз дегенмен, шекарамыз іргесі босап, елді мекендер иен қалды. Ал шек­ара­ның арғы жағында ентелеген өзге елдердің отырғаны жасырын емес. Шекараның мықты болуы ел шетіндегі сарбаздардың санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың шоғы­рына да байланысты екенін ұмытпасақ керек еді. Әлемде шекара маңындағы елді мекендерге қатты көңіл бөлетін елдер бар. Оның алдыңғы қатарында Қытай тұрғанын білеміз. Өзгеге деген өшпенділік тудырар ниет жоқ, дегенмен көршіміздің халық саны тығыз болғаны бір бөлек, елдің шоғырлануын біркелкі ету – басты мақсаты болды. Ал бізде урбанизация ылғи мәселенің себебі ретінде көлденең шығады. Ал бос жатқан жерлердің жайы не болмақ? Бәлкім, шекара маңына қала салармыз.

Мадияр ТӨЛЕУ