Қазақстанда үйлердің үштен бірі 1970 жылға дейін салынған, сондай-ақ 60%-ы Кеңес заманындағы тұрғын үйлер. Қазір 24,4 мың адам апатты баспанада өмір сүріп жатыр. Одан бөлек, 550 мың адам мемлекеттік қордан берілетін үй кезегінде тұр. Егер олардың сыртында есепке енбеген отбасы мүшелері тұрғанын ескерсек, жағдай күрделі. Осынау көкейкесті мәселенің тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қалай шешіліп жатқаны жөнінде ой қорытып көрген едік.
Қазір құрылыс нарығындағы ең ірі инвестор – мемлекет. Бұл салада 700 мыңнан астам адам еңбек етеді. Тіпті, әлемді жайлаған індеттің өзі құрылысқа кесірін тигізе алмады. Қайта Маңғыстау облысынан басқа барлық өңірде оның екпіні үдей түскен. Былтыр жаңа үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші алғашқы үштіктегі Нұр-Сұлтан қаласында – 34 пайыз, Алматы облысында – 31 пайыз, Шымкент қаласында 22 пайыз өсті. 2020 жылы құрылысқа 1 968 млрд теңге салынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 4 920 млрд теңгеге жетті.Үйі жоқтың күйі жоқ
Халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет көптеген мемлекеттік бағдарлама жариялады, ол жүзеге асырылып та жатыр. Бірақ бұл істе кемшіліктер де аз емес. Соның салдарынан қалың бұқараның бір бөлігі үйінің тарлығына, жайсыздығына шағымданса, енді көп бөлігі осы тар баспананың өзіне зар. Қатардағы адамдардың көпшілігінің ақша жинап, үй алуға жалақылары мардымсыз, күн көруінен аспайды. Баспананың бастапқы жарнасын жиған күннің өзінде банктің ай сайынғы төлемдеріне шамалары жетпейді. Жер алып, үй салайын десе, ол мүмкіндіктен де айырылған. Жердің құны удай, оған қоса құрылыс жүргізу үшін де көп қаржы керек. Міне, осы әлеуметтік ахуалдың жайсыздығы отбасындағы татулықты бұзып, ажырасып жатқандар қаншама, ол енді басқа тақырып. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы, ең бастысы баспана мәселесімен байланысты екенін айтқан. Ол үшін қалың бұқараның күнкөрісі төмен бөлігін, сондай-ақ осал топ санатындағыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар жүргізіліп жатқанын ескертті. Алайда бұл істен де шикілік шықты. Кейбір шенеунік өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үй кезегіне «өз адамдарын» қойған. Соның нәтижесінде жалға алуға көлденең 3 мың адам еніп кеткені әшкере болды. Осының кесірінен баспанаға шын мұқтаж мүгедек жандардың, көпбалалы отбасылардың, жетім мен жесірдің құқы шектелді. Сондай-ақ соңғы үш мемлекеттік қордан заңсыз үй берудің 400 фактісі анықталды.Баспана мен баға
Күні кешеге дейін, сегіз жыл бойы жұмыс істеп келген «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы жарияланғанда Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Қазақстанда жыл сайын 6 млн шаршы метр пайдалануға берілетін болады» деген еді. Бір қуаныштысы, қазір осы жоспар үш есеге жуық асыра орындалып отыр. Мәселен, 2020 жылы 15,3 млн шаршы метр, яғни 140 мың жаңа тұрғынжай бой көтерген. Ал 2021 жылы бұл межені тіпті 17 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланған. «Отбасы банк» АҚ құрылды, оның негізгі мақсаты – қалың бұқара үшін тұрғын үйлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2020 жылдың қортындысы бойынша республикада 2,4 млн тұрғын үй есепте тұр. Оның 60 %-ы тәуелсіздік жылдарында салынған, қалғаны кеңес заманынан қалған мұралар. Жалпы, 30 жылда 170 млн шаршы метр, тұрғын үй бой көтеріп, 1,6 млн адам баспаналы болған. Дегенмен құрылыстың жоғары қарқыны және індетке байланысты әлемдік нарықтағы күрделі жағдай құрылыс материалдарының қымбаттауына соқтырды. Оған жылжымайтын мүлікке деген сұраныстың күрт артуы да түрткі болды. Өйткені 139 мың қазақстандық баспана сатып алу үшін өздерінің зейнетақылық жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алып алған. Оның жалпы сомасы – 721,7 млрд теңге. Бұған енді ақшаның құнсыздануынан қауіптенген қалталылардың қос-қостан, үш-төрттен үй ала бастағанын тағы қосыңыз. Мұның бәрі әлбетте баспана бағасына да тікелей әсер етті. ҚазҚСҒЗИ мамандарының бақылауынша, кейінгі 20 жылда тұрғын үй нарығында баға ұдайы өсіп отырған. Бірақ биыл үй нарығындағы дүрбелең ерекше болды. Оқырманды жалықтырар, бірақ жылжымайтын мүлік бағасының өсу динамикасы туралы есепті бере кетуді жөн көрдік: 2000 жылы жаңа үйдің шаршы метрі орташа есеппен – 21 мың теңге, ал қосалқы нарықта 8 мың теңге болған. 2004 жылы оның 1 м2 – 70 мың теңгеге,қосалқы нарықта 40 мың теңгеге бағаланған. 2007 жылы баға күрт секіріп, баспананың шаршы метрі үшін – 161 мың теңгеге, қосалқы нарықта 136 мың теңгеге көтерілген. Бағаның екінші секірісі 2015 жылы орын алыпты, жаңа үйлердің шаршы метрі 258 мың теңгеге, қосалқы нарықта 190 мың теңгеге қымбаттады. Үй нарығындағы жаймашуақ заман 2016 - 2018 жылдар аралығында орнады. Баға тұрақтады, тіпті біршама төмендеді. 2018 жылы оның шаршы метрінің орташа құны 186 мың теңгеге дейін арзандаған. Дегенмен тұрғын үй бағасы 2019 жылы тағы күрт өсіп кетті: жаңа құрылыста 1 м2 үшін – 294 мың теңгеге, қосалқы нарықта 200 мың теңгеге жетті. Ал 2021 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша, жаңа үйлердің бағасы – 319 мың теңге, қосалқы нарықта – 245 мың теңге. Бірақ бұл өсім тек Қазақстанда ғана болып жатқан жоқ. Бұл – әлемді жаппай жайлаған жағдаят. Мәселен, АҚШ-та тұрғын үйдің бағасы пандемияның алдыңғы мезгілімен салыстырғанда 2% өскен. Қытайдың мегаполистерінде 10%-20% дейін жеткен.«Сақалды құрылыстар» және реновация
Қалың бұқараны сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі тек жаңа құрылыстардың салынуымен шешілмейтіні белгілі. Ол үшін халықтың үлестік әдіспен қатысқан қаржысына салынған «сақалды құрылыстарға» жан бітірудің де, апатты тұрғынжайлардың мәселесін шешудің де маңызы үлкен. Жалғыз астана мысалында ғана қарастырсақ, 2019 жылдың басында ұзақ жылдар бойы құрылыс тоқтап қалған 52 үлескер нысаны болды. Қарапайым еңбек адамы арқа еті арша, борбай еті борша болып, күні-түнгі еңбектен тапқан ақшасын құрылысқа қосты. Бірақ бұл нысандар «сақалды құрылысқа» айналды. Олардың мердігерлерінің бірі халықтың ақшасын арқалап шетелге қашты, бірі абақтыға қамалды, енді бірі әлі соттасып жүр, әйтеуір бұл істе шырғалаң көп. Бірақ одан қара халыққа не пайда? Алаяққа бар жиған-тергенін беріп, енді баспаналы боламыз деген үміті үзілуге шақ қалған. Өткен екі жылдың ішінде 52 проблемалық үйдің 30-ның мәселесі шешілді. Проблемалық жайттарды шешу үшін Елбасының тапсырмасымен 40 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржы да аздық етті. Сондықтан ел басшылығы тағы қосымша қаржы қосты. Ол құрылысы тоқтап қалған нысандарға жан бітірді. Қазір кейбір нысандар пайдалануға беріліп, үлескерлер көп жыл күткен тиесілі баспаналарына кіріп те алды. Қалған 22 проблемалық құрыстарды пайдалануға беру мәселесі биылдың және одан кейінгі жылдардың еншісіне жазылды. Тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік. Енді бір мәселе – тозығы жеткен үйлерге қатысты. Бас қалада мұндай тұрғын үйдің саны 200-ге жуық. Жергілікті биліктің бекіткен жоспар бойынша апатты жағдайдағы 5 үй (209 пәтерлік) – 2020 жылы, 4 үй (216 пәтерлік)– 2021 жылы, 16 үй (125 пәтерлік) 2022 жылы сырылуы тиіс. Ал оның қоныстанушыларына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қордан жаңа баспана берілетін болды. Ескі астанамыз – Алматыда 2024 жылға дейін 1 034 ескі үй реновациялау бағдарламасына енгізілді. Яғни, кәдеге жарайтын тұрғынжайлар жөндеп-жаңартылады, ал мүлдем іске татымағандары сырылып тастап, оның тұрғындары жаңа мекендерге қоныстанатын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл шаруалардың бәрі тек «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы емес, жеке инвестицияның есебінен де іске асырылуы керек екені ескеріледі.Дәулет АСАУ