Түркістан облысының Төлеби ауданында тауға кеткен 7 жігіт үш күннен бері іздестіріліп жатыр. Жас туристер «Сары – Айғыр» шатқалына жаяу жетеміз деп кеткен. Олар 21 мамыр күні жолға шығып, 24 мамырда оралуы тиіс болған. Алайда айтылған күні таудан оралмағандықтан, олардың жоғалғаны туралы 25 мамыр күні түнде құтқару қызметіне хабарланады.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, іздеу шараларының жағдайын жеткізді. Бүгінде 7 жігіттің 3-еуі табылған. Ерік Сарыбаевтың айтуынша, 3 турист Өгем шатқалынан табылыпты. «21 мамырда 7 адамнан тұратын топ «Сайрам – Өгем» мемлекеттік ұлттық паркі аумағында орналасқан тауға шығып кеткен. Олар Сарыайғыр шатқалы, Су сіңген көлі жаққа баратынын айтып кеткен. Шұғыл топ құрылып, 26 мамыр күні таңнан бастап Ұлттық табиғи паркінің аумағында іздестіру жұмыстары басталды. Алғашқы күні 25 адам, 21 ит, 4 полиция, жергілікті атқарушы органнан 6 адам, ҰҚҚ-ның шекара қызметінен 3 аттылы адам бөлініп жан-жақтан зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ұшқыш дрон пайдаланылып, 4 шақырым радиуста зерттеді. Ол күні ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ әуеге көтеріле алмады. 27 мамыр таңғы 7-ден іздестіру шаралары басталды. Тікұшақ түскі 12-де ғана әуеге көтерілді. 2 рет 900 шақырым таулы шатқалды әуеден бақылау болғанымен нәтиже шықпады», – дейді спикер. 28 мамыр таңғы 6.30-дан бастап 6 топ 6 бағытта іздестіру жұмыстарын бастаған. Сайрамсу көлі жағына, Сарыайғыр шатқалына, Қасқасу, Төңкеріс бағытына бөлініп іздестіріледі. Ал ҰҚҚ шекара қызметінің 8 қызметкері Өгем бағытына атпен іздестіруге бет алады. Сонымен қатар тағы бір тікұшаққа Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, 1 медицина қызметкері, сол аумақты бес саусағындай білетін альпинист және жоғалған бір азаматтың әкесі отырып, әуеге ұшады. Алайда Ерік Сарыбаевтың айтуынша, жергілікті тікұшақтың жоғары көтерілуіне техникалық дайындығы болмағандықтан, Алматы қаласындағы Боралдайдан қосымша ЛИ-703 тікұшақ шақырылған. 10.30-да әуежайға қонып, іздеуге көшті. Ұшу барысында сағат 10.58-де Сайрам Өгем бойында тұрған жоғалған азаматтардың 3-еуі байқалады. ЛИ-703 тікұшағы әуеге көтеріліп, 2 тікұшақты іске қосып, 12.40 шамасында құтқару жұмыстарын бастайды. Әуеде қалқып тұрып жүргізілген құтқару жұмыстарының арқасында жоғалған 3 жігіт те аман-есен табылған. Құтқарылған туристер алдымен әуежайға жеткізіліп, одан соң Сайрам Өгем ұлттық паркіндегі ата-аналарына табысталған. Олардың айтуынша, қалған 4-еуі 4 күн бұрын ары қарай жол жүріп кеткен. Олардың бөлініп қалуына табылған үшеудің бірі сырқаттанып қалып, артынан қуып жетеміз деп қалып қойған. Спикер осы күндері ауа райы күрт бұзылып, найзағайлы жаңбыр болуы салдарынан бағыттарынан айнып кеткенін, оның үстіне туристердің альпинист емесін, тау қатпарын жетік білмейтінін де атап өтті. Шатқалдарының бір-біріне ұқсауынан олар адасып та қалған. Сондай-ақ ол маңда желі дұрыс ұстамай, байланыстан тыс болуы да адасуға сеп болады. «Аздап тамақтан қиналғаны болмаса, үшеуінің де денсаулығында кінәрат жоқ. Әлсіреп жатып қалмаған», – дейді спикер. Табылған 3 жігіт – Ақтөбе, Орал және Жезқазған қаласының тумалары. Енді 4 жігітті іздестіру шаралары жалғасуда. Табылған жігіттердің айтуынша, олар Өгем шатқалының төменгі жағына кеткен.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы