Ғарышқа ұшқым келеді, өйткені, қоғамдағы жиіркенішті оқиғаларды көріп, құсқым келеді.
Бетсіздердің бетін көргім келмейді, солармен бірге қартайып, ауызым аңқайып, бірге өлгім келмейді! Түрмелерде темір тор, айналаң толған жемқор. Біреу біреуді атып кеткен. Енді бір алаяқ, шетел асып кеткен. Есеп бергіш әкімдер халықты алдайды, жалақорлық, жағымпаздық сүмеңдеп, қыр соңыңнан қалмайды!
– Сен бетсізсің! – десең:
– Жоқ, бетім қаңылтыр! – деп жауап беретіндер, әсіре дінге еретіндер, шақырмасаң да, пышақтап кетуге келетіндер көбейді. Оқушылар да атысып жатыр, қайын атасы келініне үйленіп, мына өмір шатысып жатыр. Әлеуметтік желілер былапыт сөздерге толды, шенеуніктер бюджеттің қаржысын шашып жатыр, оңды-солды... Мысалы, Шымкентте Наурыз мерекесіне пәленбай миллион қаржы бөлініп, арты айқай-шу болды дейді, қара халық қара нанды жейді...
Осыларды көріп, айдалаға, жо-жоқ, ғарышқа ұшып кетікім келеді. Бірақ, маған ақша жинап, «мә, ұша ғой!» деп кімдер береді? АҚШ-та ғарышқа ұшуға алғашқы билет саудаға түсіп жатыр екен. Оған әлемнің есалаңдары мен «мен» деген миллиардерлері таласып, тас шайнап отырған көрінеді. Аукционды өткізіп жатқан әйгілі миллиардер Джефф Безосты әрең таптым. Ағылшынша жақсы білемін.
– Қазақстанның қатынысың ба? – деп сұрады ол.
– Неге олай дейсіз?
– Қазақстанның еркектері мадамдарын қатын дейді деп естігенімін.
– Е, бұл біздің еркектердің еркелеткен сөздері ғой..
– Ғарышқа ұшқыңыз келеді ме?
– Бір ғана битлетке таласып жатқандардың қатарына қосылғым келеді.
– Ақшаңыз жете ме?
– Біздің елдегі жемқорлардан жылу жинаймын.
– Ол немене, жылу? Шуба ма?
– Жоқ, олар көмектесетін шығар? Елімізде млллиардтарды шашатын шенеуніктер көмектессе деймін...
Джефф маған күлімсірей қарады. «Ғашық болып қалса жақсы болар еді» деп қоямын ішімнен. Бойдақпын ғой... Әй бірақ, шетелдікке күйеуге тигенше, тентек Текебайымның қасында жүргенім артық шығар?
– Көмектессе дейсіз бе? Демек, ақшаңыз жоқ екен ғой?
– Айлығымды жинаймын.
– Қанша?
– Қырық мың теңге.
– Билет құны 200 мың доллардан басталадығой, – деген Джеффтің күлгені соншалық, аузы ашылып, қайта жабылмай қалды. Жағы қарысып қалыпты. Көздерінен екі шелек күлкі жасы ақты. Ішін ұстап, отырып қалды. Американдыққа күлкі болғаныма жыным келіп тұр.
Мына сөзден кейін ұшқым келмей қалды. Еңіреп жылап, елге қайтып кеттім. Кетерімде «Мені мазақтама! Біз әлі, сіздерді басып озамыз! Тойларға барудан!» деп айтып кеттім.
Шынында, біздің елде ой ойлаудан гөрі, той ойлайтындар, елге пайдам тисін дегеннен гөрі қу құлқындарын ойлайтындар бар ғой, несін жасырайық? Мысалы, Ақмолада мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй мен мемлекеттік мекеме ғимараттарын жөндеуге жыл сайын миллиондаған қаражат бөлініп келеді. Бөлінген сайын, кейбір шенеуніктердің сілекейлері ағып кетеді. Сондықтан болар, кеңес дәуірінен қалған тұрғын үйлер сапасыз әспеттеліп, жел тұрса, шатырлары ұшып кетеді. Қатты дауылдан облыс аумағында 276 шатыр ұшып кеткен. Күрделі жөндеулерден өтсе де, ұшып кеткен. Мұның бәріне кінәлі оңбаған жел. Желге сөгіс беріп, тіпті, соттау керек. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та жарты миллионды жұтып қойыпты деп ұсталғанын білеміз. Министр «жеген жоқпын» деп мәлімдеп жатыр. Тергеушілер құстырамыз деп шырылдауда. Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс, осы жағы анықталғанша, ғарышқа ұшып келейін, ақша жинап бересіздер ме?