Тас лақтырсаң, талаққа тиеді...
Тас лақтырсаң, талаққа тиеді...
439
оқылды
Екі жігіт  ойлағандарын зерттеуге кірісті. Көшеге шықты да, бір дорба майда тастарын алып, базарға келді. Бір топ қыздар кетіп бара жатыр еді, кішкентай тасты оларға жіберіп қалды. Маңдайына тас сарт ете қалған қыз тоқтай қалып, шекесін сипады. Құрбылары қүрбақа көргендей, жиырыла қалды. – Не болды? –деп сұрады жақын құрбысы Нәзира. – Кім ол саған тас лақтырған? –деп сұрады Жазира. Олардың жанына жігіттер жақындап, кешірім сұрады. – Кешіріңіз, тас лақтырған біз едік. – Жындысың ба не? – Жоқ, біз зерттеу жүргізіп жатыр едік. –Тас лақтырғандарың қалай? – «Тас лақтырсаң, талақ тастағандарға тиеді» деген сөзді зерттеп жүрміз. – Өләә, менің ажырасқанымды қалай білдіңдер? Жігіттер таң қалды. Сосын, олар көшеде келе жатып, бір келіншекке тас лақтырып еді, білегіне сарт ете қалды. Қасындағы досы да тас лақтырып еді, беліне тиді. Ол бұрылып қарады. – Не істеп келе жатырсыңдар? – Тас лақтырып. – Полиция шақырамын қазір... Жігіттердің бірі ақталды. – Кешіріңіз, зерттеу жүргізіп келеміз. –Тас лақтырып, тайқар мінетін бе едіңдер? Сөйлесе келе, ол келіншек те күйеуі­нен ажырасқан екен. Екі тастың да дөп тигені сол, екі рет ажырасыпты. Айты­сына қарағанда, күйеуі нашақор дейді ме? Екіншісі мұның бетін қаси береді дейді ме? Айтатын сылтауы сол болды. Енді жігіттер темір жол вокзалына келді. – Бір топ қыздар тұр, тас лақтырамыз ба? – Лақтырайық! Олар тас лақтырды. Қыздар дегенде, тас біреуінің бөксесіне тиіп, жалт қарады. – Дурак что ли? – Жооқ. Сөйлесе келе, оның да, күйеуінен ажырасқаны белгілі болды. Айтысына қарағанда, күйеуі ішкіш екен. Шәй ішкіш. Азаннан кешке дейін, сораптап, шәй іше береді екен, іше береді екен. Оған қосылып, бұл да іше беріпті, іше бірепті, сосын шыдай алмай, ажырасып кетіпті.  Жігіттер таң қалды. Тас лақтырса, ажырасқандарға тие береді. Олар ойлады: «Ер кісілерге, жігіттерге лақтырып көрсек қайтеді?» Осылай ақылдасқан олар топтанып тұрған полицейлерге қарай тас атты. Тас атқаны құрысын, бұларды қуалап жүріп ұстап алды. Ал, сосын тергесін. – Өлетін бала молаға жүгіреді, неге тас аттың? –деп сұрады полйцей. – Ажырасқан, ажыраспағандарды білейік деп. – Ойбай, менің ажырасып кеткенімді біліп лақтырдың ба? – Жоқ, тас лақтырсаң, ажырасқанға тиеді деген соң.. Олар полицейлерден әрең құтылды. Сосын, жүгіргеннен жүгіріп отырып, облыс мәслихатының жиналысына кіріп кетті. Есік жақта тұрып, ортаға тас атты. Бәрі жапырыла қарады.  Тас тиген депутат: – Тағдырыма тас атылып, ажырасып тынып едім, енді кім тағы тас атып жатқан? –деп айқайлады. Бұлар тұра қашты. Шынында, тас лақтырсаң, ажырасқандарға тиеді. Неге? Өйткені, бүгінде жастар арасында да, орта жастан асқандарда да ажырасулар көп.  Биылдың өзінде еліміз бойынша ажырасқандар саны 8  мыңнан асып, алақайлап барады екен. 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылып, оның  22,5 мыңы екі бөлек жатып жүр екен. 2013 жылы еліміз бойынша ажырасқандар санынан қорқып кетесіз, 59,9 мың ажырасу тіркелген. Ал, карантин кезінде ажырасулар сәл бәсеңдепті. Бұған да шүкір.

 Ақмарал АБДРАМАНОВА