9 күн бойы табылмаған әйел ауылда аспаз болып жүрген
9 күн бойы табылмаған әйел ауылда аспаз болып жүрген
180
оқылды

Осыдан тоғыз күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысында жоғалған әйел Ақмола облысының Қорғалжын ауданында аспаз болып жұмыс істеп жүрген жерінен табылды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Туған-туыстарына еш хабарламастан ұшты-күйлі жоғалған Солтүстік Қазақстан облысынан келген әйелді қос облыстың полициясы бірлесіп іздеген. – Петропавл қаласы полицейлері ұсынған бағдар бойынша жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылған. 26 мамыр күні Қорғалжын ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 28 жастағы әйелдің тұрған жерін анықтады. Ол Қоржынкөл ауылында жүрген жерінен табылды. Әйелдің айтуынша, ол таныстарының ұсынысы бойынша Қоржынкөл ауылындағы жергілікті шаруашылық серіктестігіне аспаз болып орналасқан. Полиция қызметкерлеріне серіктестіктің беретін жалақысына қызығып қалып қойғанын айтқан, – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Естеріңізге сала кетсек, 20 мамыр күні Петропавл қаласы полициясына жоғалған әйелді табу үшін жәрдемдесуге әйелдің туыстары жүгінген. Әйел ешбір туыстары мен жақындарына өзінің қандай себеппен кеткенін хабарламаған. Әйел бұл қылығы туралы полицияға еш жауап бермеген.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы