Ғарасат майданы

Ғарасат майданы

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.  Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. Зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.  

Тәкен Әлімқұловтың әкесі туралы естелік

– Әкеңе қарызым көп еді, бір мен емес, ел қарыздар еді, – деп Жүсекең ойға шомып отырды да, әңгімесін біраз күттіріп барып бастады. – 1931 жылдың, ұмытпасам, ақпаны ма екен, қызмет бабымен ел аралап шықтық. Мен әрі көмекші, әрі атқосшымын. Елді сұрапыл аштық жайлап тұрған кез. Арқадан босқан аш-арық тағы да шұбырып келіп жатыр дегенді естігенбіз. Қыс қарлы да аязды болды. Күн шатынап, терістен соққан қызыл шұнақ сырманы сумаңдатып айдап тұр. Жол ауырлап қалған екен, шыға бере-ақ малтыға бастадық. Жылқы жарықтық сезімтал ғой, әлденеден сескеніп, жол жиегіндегі қожыр-қожыр үрдесіннен құлағын салып осқырынып өтеді. Шана сүріп кеткен күртік астынан бір кезде салынды сияқты бір нәрсе серең ете қалғаны. Не болды екен деп барып көрсем... өндірдей жас жігіттің өлігі. Сырма көміп тастаған екен. Ана күртіктің асты да өлік, мына күртіктің асты да өлік. Ілгері басқан сайын итқұс соңынан шұбырған қарға-құзғын да көбейе бастады. Науа жолдың жиегі теңкиіп-теңкиіп жатқан... құданың құдіреті кіл ер адамдар. Еркектің әйелдерден гөрі аштыққа осал екенін сонда білдім... Қош, содан ауылдан ауылға жеткенше көргеніміз осы. Әкең елдің шамасы бар ер-азаматтарын көтеріп көлік шығарды, өліктерді көмдіріп, бойында жаны барларды жинастырып, ас-су ұйымдастырды. Бойдан қуат кеткен соң болмайды екен, талайы үсіктен өлді, бұрлығып өлді, тірі қалғандары некен-саяқ-ау... Қайран қазақ қар кеткенше итқұс пен қарға-құзғынға жем болды ғой, амал қанша! Содан қайтар жолда әкең марқұм шанаға етпетінен жатып алып, ал кеп жыласын. Бар айтары: мынау ит заман, сұм заман не болып барады?! Содан жылай-жылай, өкси-өкси, үйге жеткен соң да өксігін баса алмай, өксіктің аяғы ықылыққа айналды да ықылықтан ішегі түйіліп дүниеден қайтты. Азаматтың арысы еді, аман қанша, ел күйігіне шыдай алмай кетті ғой...

Қалихан ЫСҚАҚ, «Келмес күндер елесі»

 

Ғарасат майданы

Кісі арып-ашқанда қарға адым жер мұң болатын әдеті ғой. Ертесіне түске таман тіптен естен тануға айналды Хансұлу. Жапырақтап үзіп беріп үнемдегенмен нан да бітті. Баласы нан сұрап қақсағанда алғаш жын қағып кетермін деген. Бірақ оған да көнді. Еті үйренді. Балалар қақылдап-қақылдап ақыры, нәтиже шықпағасын олар да тыншықты. Біресе арқалап, біресе жаяу жетелейді баласын. Балапанды жемдегендей ауық-ауық аузына бидай салып қояды. Бала соны талмап жатып, кейде арқасыңда ұйықтап та кетеді. Өз өзегі талып, көзінің алды қарауытса дагы сылпытып келеді. Әйтеуір, сылпытып келеді. Алдында таяғы тырсылдап, өңкендеп адымдаған Дәу апа. Дәу апа... Япыр-ау, бұ неткен қажырлы кісі. Шаршағаннан, қалжырағаннан Хансұлудың кейде тізесі бүгіліп-бүгіліп кетеді. Сондайда отыра кетейін десе Дәу ападан қорқады. Дәу апаның түсі өрт сөндіргендей ызбарлы. Іштей ширыққан, жаныққан қолбасшыдай айбатты. Шаршағанын айтуға Хансұлу сескенеді. «Жас басыңмен бұ не, тақа, қамырдай езіліп! Кәне қимылда, бас аяғыңды!» деп тастауы ықтимал. Өмірінде кісіден сөз естіп көрмеген Хансұлуды намыс қамшылай түседі. Жас басымен жетпіске келген кемпірден кем соққысы келмейді. Бір жағынан, арқасына жабысқан қаршадай нәрестесін ойлағанда кеудесінде жан барда қыбырлай беру керек екенін біледі. Божырауға, босауға хақы жоқ еді Хансұлудың. – Балам, шаршадың ба? – деп қояды Дәу апа. Үн қатуға шама жоқ Хансұлуда. Дыбыс қатпайды. – Жә, шыда, қазір дем аламыз! – дейді тағы да Дәу апа жұбатып. Жиде, тораңғыл, тал өскен үлкен бір ұзынша аңғар сайдың шетіне жетіп іркілді түске таяу. Жар басына қоржынын қойды Дәу апа. Хансұлу арқасында ұйықтап жатқан баласын жерге түсірді. Байғұс балада үн жоқ. Әлсірегенге ұқсайды. Екі баланы жерге көрпеше төсеп соның үстіне отырғызды. Алдарына орамал жайып, орамал үстіне азғана бидай шашты. Балалар бидайды балапанша шұқып теріп жеуге кірісті. Бәрінде де үн жоқ. Дәу апа да, Хансұлу да қытыр-қытыр шайнайды бидайды. Жарықтық қуырылған қызыл бидайдың иісі-ай. Дәмі балдай ериді таңдайда. Арандары ашылып өңіреңдеп жалмап барады дастарқаңдағы бидайды, түйіріне дейін теріп жеп. Әсіресе, екі бала шүйкілдеп өліп барады. – Жә, болды! Қанағат! – деп, Дәу апа орамалды жинады. Екі бала еріндерін жалап, жұтынып жәутең қақты. Баласының түріне одан әрі қарауға дәті жетпей, көзіне жас айналып назарын шөл далаға бұрды Хансұлу. Аспан таза, ашық. Жазғытұрғы жалпак, әлемге Күн нұрын риясыз төгіп тұр. Көгеріп, түлеп жатқан қырлар, сайлар, алыс-жақын көк сағым көлкіген алаптар. Тұла бойы зіл тартып, шаршаған Хансұлу отырған жерінде қоржынды жастанып қисайды. Сол-ақ екен, күллі денесі маужырап ештеңені ойлатпай ұйқы шақырды. «Ух» деп, жаны жай тауып күрсінді.

Смағұл Елубай, «Ақ боз үй»

 

Адам өлерінде көз қарашығы үлкейіп кетеді екен

…Күлиза өте пысық, ұзын бойлы, жүрген жерiңде сөзi өтiмдi, тапқанын бөлiсiп жүретiн келiншек. Күйеуi Абыхан ағай опат болып, үш жасар ұлы Нахамен жесiр қалған. Безiп жүрiп бидай сұрайды да жүредi. Мен барғанда кимешегiнiң ұшына түйiп алған бидайды алақанына салғанда, бiр уыс болды. – Мұны қуыру керек, – деп, қызып тұрған пешке жақындай бергенде, салдырлаған агенттiң дауысы шықты да, есiктi сықырлатып, жұлқа тартып, үйге кiрiп келгеңде Күлиза уысындағы шикi бидайды баласының аузын ашты да, құйып жiбердi. Наханың аузы бидайға толып, мелшидi де қалды. Сол мезетте агент баланың алқымынан ұстай алды. Наханың бетi қып-қызыл болып, аузынан сiлекейiмен бiрге шуатылып бидай шыға бастады. Оң қолымен екi ұртын қысқанда, Наханың аузы арандай ашылды. Иегiнiң астына алақанын тосып, сiлекейленген бидайды алақанына түсiрiп алып, мөшегiне салып едi, сiлекейленiп, алақанына жабысып қалған бидай мөшекке түспедi. Бидай тұрған қолымен мөшектi бұрап-бұрап, қолтығына қысып, Күлизаға көзiн алартып қарады да, мiндетсiп шығып кеттi. …Адам айтса нанғысыз, жантүршiгерлiк жалпылама кырғын сүйретiле келiп-келiп, 1931 жылдың қараша-желтоқсан айларынан басталды. Сләннiң көшесiнде өлiк, тамдардың сыртын айналсаң, бiрiн-бiрi құшақтап жатқан өлiк, тамның iшiне кiрсең зәрең кетедi. 40-30 см-дей терезесiнен сәулесiн түсiрiп, күңгiрттенiп тұрған тамның iшiнде үнсiз мүлгiп отырған ата-ана, немере-шөбере, келiндерi, қыздары, туыстары, ағайындары, басқалары бар бiр тамда отырған жандардың өлi-тiрiсi белгiсiз. Тек төрт-бес есе үлкейiп кеткен көз қарашығының төңiрегi аппақ болып, бадырайған ала көздер маңайларында тұрғандай, үрейiңдi ұшырады. Адам өлерiнде көз қарашығы үлкейiп кететiнiн содан берi бiлем…

Бағдад ЖАНДОСАЙ, «Шошқаның құмы»