Қазақстанда кәмелеттік жасты 18-ден 16 жасқа дейін төмендету қажет екені айтылды. Бұл зорлыққа ұшыраған жеткіншектердің тиісті медициналық қызметке жүгінуіне мүмкіндік беретінге ұқсайды. Дағдарыс орталықтарының одағы осындай ұсыныс айтып отыр.
Одақ мүшелерінің айтуынша, мұндай қадам балаларды әлімжеттіктен қорғап, оңалту шараларын тиімді жүргізуге жол ашпақ. «Жалпы, балаларға арналған жабық мекемелер бақылау камераларымен толық қамтылмаған, жеткіншектердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанына қатысты шағым түсіретін арнайы желі жоқ. Бұдан бөлек, жабық мекеме қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмаған тәрбиеленушілердің құқығына қатысты білгені аз. Сондықтан көп жағдайда бүлдіршіндердің құқығы аяқасты етіледі», – дейді қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Сондай-ақ тұрмыстағы зорлық жасағаны үшін жазаны күшейтіп, қылмыстық жауапкершілікке тарту әлі қолға алынбаған. Бас прокуратураның ресми мәліметі бойынша, былтыр кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлауға қатысты 199 қылмыс тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық.Мадияр ТӨЛЕУ