Ұсыныстар Miras кеңесінің хаттамасына енгізілді
Ұсыныстар Miras кеңесінің хаттамасына енгізілді
266
оқылды

Түркістандағы Н.Төреқұлов атындағы мұражайда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Түбі бір Түркі үшін Тұранның төрінде туғандар» атты жиын өтті.

«Nur Otan» партиясы Түркіс­тан облыстық филиалы жанын­дағы Miras қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйым­дастырған жиында жиырмасын­шы ғасырдағы зұлмат ашар­шы­лық пен репрессия жылдарындағы деректер сөз болды. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің төра­ғасы, жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Қ.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын тоталитарлық қоғамның оспадарсыз саясаты кесірінен құрбан болған отандас­тарымыздың санын анықтау, тізімін нақтылау және осы кезеңді ғылыми жүйелеу керек екеніне тоқталды. Түркістан қаласы да бұл нәубеттен шет қалмағанын айтты. «Алаш» қозғалысы орта­лық­тарының бірі болған қала төңіре­гінің қаншама оғланы саяси се­бептермен оққа ұшты. Арқадан ауған қалың жұрт ілініп-салынып Түркістанға құлады. 1930 жылдың ақпанында болған Созақ көтері­лісіне түркістандықтар да қа­тысты. Облыс орталығы мәрте­бесін алған Түркістанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған музей бой көтерсе деген ұсынысын жеткізді. Ал Н.Төреқұлов мұражайы­ның басшысы Омар Жексенбаев өңірден шыққан ұлы тұлғалардың есімін дәріптеу бағытында жұмыс жанданса деген ұсынысын жет­кізді. Сонымен бірге саяси қу­ғын-сүргін құрбаны, мемлекет қайраткері С.Қожановтың не­мере інісі Сұлтанбек Қожанов ұлт көшбасшылары мәңгі ел есінде қалатынын жеткізді. Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов та тарихи сананы жаң­ғырту бағытындағы ойларын ортаға салып, қиын-қыстау ке­зеңде күштеп көшірілген мыңда­ған адамды, ондаған этнос өкілін бауырына басып, мейірімін ая­маған қазақ халқының мейірбан­дығын әрдайым айтып жүру керек екеніне тоқталды. Жиынды «Nur Otan» пар­тия­сы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынба­сары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қорытындылап, өңірдің зиялы қауым өкілдері айтқан әрбір ұсыныс Miras кеңесінің хаттамасына енгізіліп, тиісті жұ­мыс жүретінін айтты. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құ­рыл­ған саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия алдында үлкен жауапкершілік пен міндет тұр­ғанын атап өтті. – Түркістан шын мәнінде мәдени орталыққа айналуы үшін рухани салаға да басымдық берілуі тиіс. Ал бұл жұмыстарды жүргізуде зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәдениет­тану­шылар, ғалымдардың маңызы зор, – деді ол. Түркістандағы келелі кеңес қорытындысы бойынша бірқатар хаттамалық шешім қабылданды.  

А.ЖАСАНҰЛЫ