Реформа полицейді прокурорға кіріптар ете ме?

Реформа полицейді прокурорға кіріптар ете ме?

Биыл жыл басынан бері про­курорлар полицейлердің қылмысқа қатысы жоқ адам­дарды «күдікті» деп тану ту­ралы 1 мыңнан астам қаулы­сын заңсыз деп танып, күшін жойған. Құқық қорғау органда­ры атына қатаң сын бұрыннан айтылып келеді. Халық та, биз­нес те, сарапшылар да са­лаға реформа керегін ескерт­ті. Көптен күтілген осы түбе­гейлі өзгерістер басталды. Ішкі істер орган­дары қыл­мысқа қатысты адам­дарға өз бетінше күдікті мәртебесін бере алмай қала­ды. Сонда олар немен айна­лыспақ?

Қазір прокурорлар мен тергеу­шілер жиі кездесіп, жаңа процес­суалдық жағдайда қалай жұмыс істеуге болатыны туралы ақылда­сып жатыр. Мысалы, осы аптада Бас про­курор Ғизат Нұрдәулетов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев прокуратура мен поли­ция орган­дарының басшыларын жинап, бірлескен кеңес өткізді. Онда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ен­гі­зіліп жатқан қылмыстық процестің үш буынды моделі және жаңа форматтағы жұмыстың ерекше­ліктері талқыға салынған.

Әр істің артында – тентіреген тағдыр

Бас прокуратура мамандары­ның байламынша, бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстарды ашумен, дәлелдеме-айғақ заттарды жинаумен, оларды бағалаумен, сондай-ақ іс бойынша процестік шешімдер қабылдаумен бір мезгілде айналысамын деп жүріп, кінәні дәлелдеу мәселесіне тиісті көңіл аудара бермейді. Ал бұл болса – ең маңыздысы: қандай да бір адамның қылмыстық жауап­тылығы туралы мәселе де соның негізінде шешіледі. Нақты деректер осы тоқтамды растайды. Статистикалық мәлімет­терге сәйкес, 2015 жылдан бергі 6 жыл ішінде сотқа дейінгі тергеу аясында 2 мыңнан астам, нақтылай айтсақ, 2 197 азамат заңсыз ұс­талған. Азаматтардың конститу­ция­лық құқықтарын бұзу фактілері 3 есеге жуық, яғни 209-дан 598-ге дейін өсіп­ті. Тергеу органдарына қатысты ша­ғымдар 2015 жылғы 2 702-ден 2020 жылғы 6 799-ға дейін 2,5 есе өсті. Төбе шашты тік тұрғызар де­ректер бар: прокурорлар тергеу мер­зім­дерін үзу және істерді тоқ­тату туралы 100 мыңнан астам, атап айтқанда 129 635 шешімнің күшін жойыпты. Әйтпесе, тәртіп сақшы­лары арасында істі ашу орнына оны архивке өткізе салу әдетке ай­налған. Айталық, ұрланған ұялы телефондардың көбі сол бойы табылмайды. 7 мыңға жуық (6 792) істі про­курорлар қосымша тергеуге қай­тарды. Өз кезегінде соттар да өз­деріне түскен 3 мыңнан астам – 3 497 істі кері қайтарды. Осыдан-ақ істердің сапасыздығын байқауға болады. Соның кесірінен қаншама іс сотта жайрап қалып, елді ұлардай шулатқан, мемлекетке аса ірі кө­лемде зиян келтірген қылмыс­кер­лер бостандықта тайраңдауын жалғастырады немесе кейбір тұл­ғалар қылмысы болмаса да, ниеті қарау тергеушілердің қыспағына түсіп, тауқымет тартады, беделіне арылмастай дақ түседі. Ішкі істер қызметкерлерінен жазықсыз жапа шеккен азаматтар жоғарғы инстанцияларға мұңын шағып жүгінеді. Прокурорлар қанағаттандырған шағымдардың саны 46%-ға – 2015 жылғы 10 905-нан 2020 жылы 15 911-ге дейін, ал соттар қанағаттандырған шағым­дар саны 3 есеге – 2015 жылғы 383-тен 2020 жылы 1 076-ға дейін артты.

Үш буынды үлгі ұшпаққа шығара ма?

2020 жылы Германия, Эстония, Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Аустрия, Канада секілді елдер World Justice Project тәуелсіз халықаралық ұйымының «Құқық­тың үстемдігі индексі» рейтингінде алғашқы ондыққа енді. Озық елдердің тәжірибесін зерделеп, үлгісін үйрену үшін қа­зақстандық құқық қорғау орган­дарының делегациялары Гер­манияға, Эстонияға және Грузияға аттанған. Нәтижесінде, Қазақ­станда енгізу үшін қылмыстық процестің үш буынды жаңа моделі пысықталды. Бұл реформа тікелей ел Прези­дентінің тапсырмасымен қолға алынғанын айта кеткен жөн. Мем­лекет басшысы 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауында қылмыстық қудалау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты ажырата отырып, 3 буынды модельді енгізу және ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерінің үлгісі бойынша отандық қылмыстық саланы жаңғырту қажетін мәлім­деді. Жаңа модельге сәйкес, қыл­мыстық процестің негізгі үш мін­детін түрлі орган орындауы тиіс: біріншіден, сотқа дейінгі тергеу, яғни ішкі істер органдары – қыл­мысты ашумен, оның жолын кесу­мен, соған қатысы бар адам­дарды анықтаумен, айғақзат-дәлел­демелерді жинаумен және ары қарай нығайтумен айналысады. Екіншіден, прокуратура – полиция жинаған дәлел-дәйектемелерге тәуелсіз құқықтық баға береді, аза­маттардың құқықтарының бұзы­луына, адал, кінәсіз адамдардың қылмыстық процеске тартылып, күдікті атануына жол бермеуге міндетті болады. Сондай-ақ негізгі процестік шешімдерді қабылдау­мен, сотта айыптау ісін қолдаумен шұғылданады. Үшіншіден, жаза тағайындауға, тергеу әрекеттерін санкциялауға, сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокуратураның заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарды қарауға – сот жауап береді. Құқықтық қызмет саласынан хабары жоқ азаматтарға жаңа жүйенің ескісінен еш айырмашы­лығы жоқтай көрінуі мүмкін. Шынында, айырмашылық жер мен көктей. Жаңа жүйеде полицейлер тек істі ашып, материалдарды жи­найтын төменгі деңгей, «делдал» рөлінде ғана қалады. Ал негізгі шешім қабылдау енді прокурор­ларға көшеді деп күтілуде. Про­курордың мақұлдауынсыз бірінші кезеңдегі басты процессуалдық шешімдердің ешқандай заңгерлік күші болмайды.

Жаңғыру кезеңдері белгілі

Жолдау жарияланғалы бері реформа жылдам қарқын ала бас­тады. 2020 жылғы 19 желтоқсанда «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңды Парламент қабылдап, Президент қол қойды. Бұл заңға сай, полиция қылмыстық істер бойынша тұлғаларды күдікті деп тану туралы шешімдерін прокурорлармен келісуі керек. Сондай-ақ қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешімдерді де прокуратура бекітеді. Шешуші процессуалдық шешімдерді келісімнен өткізудің осы жаңа рәсімі тергеудің ерте сатыларында іске құқықтық баға беруге, адал адамдарды қылмыстық қудалаудан босатуға жол ашыпты. Елде оң өзгерістер байқалуда. «Биыл жыл басталғалы про­курорлар күдікті деп тану (1 084) және қылмыстық әрекетті саралау (514) бойынша 1,5 мыңнан астам қаулыны заңсыз деп таныды. Ал өткен жылы осындай небәрі 88 шешімнің ғана күші жойылған болатын. Қадағалауды күшейту нәтижесінде күдікті деп тану туралы шешім 22%-ға – 29 мыңнан 23 мыңға дейін, ал саралауды ай­қындау 3%-ға – 16 мыңнан 15 мың­ға дейін азайды. Осының арқасында адамдардың едәуір бөлігін қыл­мыстық процеске негізсіз тарту фактілерінің жолы кесілді», – деп хабарлады Бас прокуратура. Бұл заң – тек алғашқы қадам. Оның нәтижелері екінші қадамға – құқық қорғау органдарының жауап­кершілік аймақтарын қайта бөлуге серпін берді. Осы орайда енді «Кейбір заңнамалық актілерге құқық қорғау органдары, прокура­тура және сот арасындағы өкілет­тіктер мен жауапкершілік аймақ­тарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп отыр. Заң қабылданғаннан кейін органдар арасындағы жауапкер­шілік аймағын қайта бөлетін жаңа модель кезең-кезеңмен өмірге жолдама алады. 1-кезеңде – 2022 жылдан бастап адам өлтіру істері бойынша, 2-кезеңде – 2023 жылдан сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істер бойынша, 3-кезеңде – 2024 жылдан кейін аяқталған істердің қалған барлық санаты бойынша жаңа модель енгізілмек.

Полиция мен прокурор бірге отырады

Жалпы, прокурорлар біраздан бері онсыз да Ішкі істер министр­лігінің жұмысын түзеумен айна­лысып келеді. Нақтылай кетсек, соңғы 2,5 жылда прокуратура өзіне келіп түскен 1 097 айыптаушы актіні қайта құрып шықты: 2019 жылы – 135 іс, 2020 жылы – 253, ал 2021 жылдың басынан бері – 709 іс. Яғни, прокурорлар қайта жазған айыптаушы актілерінің саны еселеп өсуде. Бас прокурор Ғ.Нұрдәу­летовтың мәліметінше, қаулысы прокурорлардың келі­сімінен өткен осындай қылмыстық істер бойынша сотта ақтаушы үкімдер шығарылмаған. «Егер прокурорлар қайта құрмағанда, айыптаушы істер сотта «жайрап» қалатын ба еді?!» деген пікір туады. Негізі, Израиль, Ирландия, Исландия және Испанияны қоспағанда, ЭЫДҰ-ға мүше 37 елдің 33-інде тек прокурор ғана адамға күдік пен айып таға алады. Адамдардың бас бостандығын уақытша шектеуді, тұтқынға алуды сұрап, сотқа да тек прокурор жү­гінеді. Айыптау актісін құру және оны сотқа жіберу – ЭЫДҰ-ның барлық елінде прокуратураның ерекше функциясы саналады. «ЭЫДҰ елдерінің осы тә­жіри­бесі қазақстандық құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі жетіл­діру және жаңғырту үшін үлгі. Германия, Грузия және Эстонияда полиция – қылмыстарды ашумен және дәлелдемелер жинаумен ай­налысады. Азаматтарды қылмыс­тық қудалау аясына тарту енді про­курорларға байланысты бо­лады. Сондықтан прокурорла­рымыз кәсібиліктің, адалдық пен әділет­тіліктің үлгісі болуы керек. Жаңа модель заманауи құқық қорғау жүйесін қалыптастыру кезеңдерінің біріне айналады», – деген ұстаным білдірді Бас про­куратура. 3 буынды модельді енгізу қо­ғамның құқық қорғау органдары мен сотқа деген сенімін өзгертуге, әділдікті арттыруға, азаптау және тергеу секілді рұқсат етілмеген әдіс-тәсілдерді болдырмауға, сы­байлас жемқорлық пен бюрокра­тияны қысқартуға әкелуі тиіс. Сондай-ақ реформа аясында тергеу бөлімдерін білікті маман­дармен толықтыру, материалдық-техникалық жарақтандыру жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әзірше көзге ұрып тұрмағанымен, құқық қорғау жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Мысалы, ШҚО-ның Полиция департаменті бастығы­ның орынбасары Елдос Закимов Мемлекет басшысының тапсырма­сымен, өңірде үш буынды модель енгізіліп жатқанын айтады. «Бү­гінге дейін біздің 5 722 шешіміміздің 5 509-ы прокурорлармен келісілді, бұл 96,3% болды», – дейді ол. Маңғыстау облысында қыл­мыс­тық істі тергеудің үш буын­ды моделі аясында алдағы уақытта қалалық Полиция басқармасының ғимаратында прокурорлар мен тергеушілер бір кабинетте отырып, бірге жұмыс істейтін көрінеді. Қазір облыс прокуратурасының бес қызметкері қалалық Полиция басқармасының тергеушілеріне жетекшілік етеді. Корпоративтік ортада поли­цейлер мен прокурорлар бірін-бірі жақтыра қоймайтыны құпия емес. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» дегеннің кері келмесе болғаны. Жаңа реформа саланың ізгі жолмен ілгерілеуіне түрткі болса, халық тек құптайды. Жаңа модельдің жақсы және жаман қырларын, оң және теріс жақтарын тек өмір мен тәжірибе ғана көрсете алмақ.

Елдос СЕНБАЙ