Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шымкент қаласындағы филиалы өкілдері үшінші мегаполистің орталығында жүк көліктерінің көп жүретінін айтып шағымданады. «Карьерден шыққан ауыр жүк көліктері құрылыс материалдарын қаланың сыртымен тасуы тиіс», – дейді олар. Салдарынан қала жолдары жиі кедір-бұдыр болып бұзылып жатады. Тұрғындардан да шағымдардың жиі түсетіні сондықтан.
Шымкент қаласындағы жолдар әр оське (доңғалаққа) 8 тоннадан рұқсат етілген. Алайда жаңа салынған жолдарды 40-50 тонна көтеретін жүк көліктері жермен-жексен етеді. «Қандай технологиямен салсаң да теп-тегіс жол түйенің өркешіндей болады», – дейді олар. Бұл тұрғыда осынау мәселені қадағалайтын көліктік бақылау инспекциясының жұмысы сылбыр. Мекеменің баспасөз қызметі өздігінше зерттеу жүргізіп, қала орталығынан 3 сағатта 40 КамАЗ-дың өткенін байқаған. «Мұнымен жол патрульдік полициясының да ісі жоқ», – дейді ол. Ал мекеме тарапынан құм, тас, топырақ алып бара жатқан жүк көліктерін бірнеше рет бейнежазбаға түсіріп, автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс жолданған.
Сонымен қатар осынау мекеме басшылығы жол салу шаралары кезінде іргетасынан бастап, яғни топырағынан асфальтіне дейінгі жұмысты бақылап, қадағалайтын техникалық бақылаушылардың өз жұмыстарына салғырт қарайтынын айтады. «Әрбір жүріп жатқан құрылыста мемлекеттік тапсырыс бойынша жеңіп алған техникалық қадағалаушы болады. Ол адам объектіде күн сайын жүруі тиіс. Пайдаланылып жатқан құрылыс материалы мен істеліп жатқан жұмыстың сапасы қатаң қадағалануы тиіс. Біз техникалық қадағалаушыны құрылыс объектісінен таппаймыз. Өзіміз баратын кезде арнайы шақыртамыз, кейде келсе, кейде келмей қоя салады. Өткен жылы осы мәселе бойынша Шымкент қаласының Орта сапасын бақылау басқармасына 9 учаске бойынша шағымдандық. Үшеуі 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлесе, біразының аттестатын 6 айға дейін тоқтатып тастады. 6 ай бойы тапсырыс ала алмағаннан кейін нәтиже шығарған шығар деген ойдамыз. Алайда мұндай кемшіліктер әлі де орын алып жатыр», – дейді мекеме басшысы Мұхтар Дүйсембеков.
Биыл Шымкент қаласында жол құрылыстары бойынша 200-ге жуық нысан бар. Дәл қазір құрылыстың қызған шағы. Мекеме қызметкерлері күн сайын 2-3 объектіге барып, құрылыс материалдарын зерделеу үшін зертханаға қажетті затты алып қайтады. Мәселен, шағал тас, құм, цемент, асфальт қоспалары сыналып тексеріледі. Шымкент қаласы жеке өз алдына республикалық маңызы бар қала атанған соң жаңадан құрылған осынау мекемеде бүгінде жол салуға қажетті материалдың бәрін зерттейтін арнайы құрылғылар алынған. Жылжымалы зертхана да жұмыс істейді. Топырақты кептіріп, құмды майдалап електен өткізіп талапқа сайлылығы тексеріледі. Температурасы да қадағаланады. Жыл өткен сайын ескіретін битумның жарамдылығын да көруге болады. Тіпті, асфальт бетон қоспаларының 50 градус ыстыққа шыдамдылығы тексеріліп, егер төзімсіз болса зауытқа ескертіледі. «Кемшілік жұмыс барысында анықталып, оны дер кезінде жойған дұрыс. Алайда асфальт толық салынып қойғанның өзінде тесіп тексеруге де мүмкіндік бар», – дейді мекеме басшысы.
«2019 жылы жарты жыл жұмыс істесек те, бірнеше сапасыз жұмыстың куәсі болдық. Мәселен, 19 нысанға жүргізілген 44 рет тексеру кезінде 968 ақау анықталды. Былтыр тексерілген 300 нысанның 1 186-нан кемшілік белгілі болды. Оның 191-і өрескел кемшілікке жатады. Жалпы, кеткен шығынның көлемі 135 868,35 мың теңге. Бұдан жол құрылысын жүргізетін мердігерлердің бір жылдың ішінде едәуір жұмыстың сапасына мән беретін болғанын байқауға болады. Мәселен, жыл басынан бергі 5 айда тексерілген 154 нысанның 105-інен кемшілік байқалған», – дейді тағы бірде Мұхтар Манасұлы.
Мекеме басшылығы биыл көктемде өткен жылы салынған 261 нысанның барлығын аралап шыққанын айтады. Кемшіліктер бойынша акт түзіп, әр тапсырыс берушіге орындау үшін қағаз берілген. Көп ақаулар анықталған. Негізгі анықталған ақаулардың басым бөлігі тұрғындардың жолға жаны ашымай, салғырт қарауынан болып жатады. Мысалы, біреу кәріз жүргізіп, асфальтты қазып тастайды, біреуі кранмен зат түсіретін болса бордюрді аяқ жолға шығарып жібереді. Алайда мекеме тарапынан қандай кемшілік болмасын, оны орындау 5 жыл кепілі бар мердігер компанияға жолданады.
Қалай болғанда да жол сапасы барлығымызды да бейжай қалдырмайды. Ең алдымен жолды салған мердігерге өкпе артатынымыз рас. Одан бөлек, ауыр жүк көліктерінің де өздеріне бекітілген қала шетіндегі жолдармен емес, қаланың қақ ортасында жүруі өкінішті. Осынау заңсыздықты қадағалайтын инспекцияның жұмысы әзірге байқалмай тұр...
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы