Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.
Мемлекеттік комиссия құрамында Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары – барлығы 49 адам бар. Комиссияға Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев басшылық жасайды.Қайғының өзінде қуат болады
ХХ ғасырда қанша қазақ қырылды? Әлі күнге нақты есебі айтылмай келеді. О баста 1 миллионнан астам адам делінген. Кейін 2 миллионның үстіне шықты... Кеңестік кезеңде бұл мүлдем жабық тақырып болды. Тәуелсіздік тұсында ғана қазақтың басынан өткен ашаршылық зардаптары туралы ашық айтыла бастады. Деректер де нақтылану үстінде. 1920-1930 жылдардағы ашаршылық ақиқаты алдымен шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Британдық тарихшы Роберт Конквестiң 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегiнiң алғашқы нұсқасында «қазақтардың шығыны 4 миллиондай» делiнген. Осы тұста қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтiң «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, Екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады» деген мәліметтер жариялаған екен. Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-1922 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді» деп жазыпты. Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды. Президент тапсырмасымен тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл – әділетті шешім. Қайғының өзінде қуат болады! Еврей халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 6 миллион еврейдің мерт болғанын ұлттық бірлік негізі ретінде керемет пайдаланады. Бүкіл Израиль азаматтары тік тұрып, аза тұтып, еске алады. Жалпыұлттық тұтастық пен бірлікке ұлттың қуанышы мен қайғысы қатар қызмет еткенде ғана, біз ұлт ретінде тығыз топтаса аламыз!», – дейді.Өңірлердің өзінде репрессия шарпымаған сала кемде-кем
ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» бірқатар жұмысты атқарып жатыр. Комиссияның ішіндегі ішкі комиссиялардың құрамы бекітіліп, бағыт-бағдары айқындалды. Комиссияның өзі кіші 11 топтан құралған. Олардың бәрі негізгі мәселелер бойынша топтастырылған. Интеллигенцияны қуғын-сүргінге ұшырату, байларды кәмпескелеу, өзге этнос өкілдерін жер аудару репрессиясы – барлық бағыт қамтылған», – дейді. Бүгінге дейін ішкі комиссиялардың өзінде бес-алты жиын өтті. Жиында комиссияның әдістемелік, әдіснамалық негіздері сөз болған. «Өздеріңіз білесіздер, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен үлкен тұжырымдамалық кеңестер өтті. Мұның бәрінің негізі – ортақ іске жұмылдыру. Кейбір мәселелер де жоқ емес. Кей органдар ғылымның ішкі мәселелерін түсінбеуі мүмкін. Нақты жауапты органдарға байланысты жиындар өткізіп, ғалымдарға қолдау көрсету, архивтерге кіру, құжаттарды алуға мүмкіндік жасау мәселелері айтылды. Сонымен бірге шетелдерде де саяси қуғын-сүргін құрбандарына байланысты құжаттар бар. Оған да мүмкіндігінше қағаздарды жеңілдету, түрлі шығыс-кіріс қағаздарын, іссапар шығындарын үйлестіру – осының бәрі бірте-бірте шешіліп келе жатыр. Ортақ іс – үлкен жұмыс басталды. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, атқарылып жатқан игі іс. Ең бастысы, бұған халық та, билік те мүдделі болып отыр. Комиссия жұмысына жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың жетекші мамандары тартылған. Сондай-ақ комиссия облыс орталықтарында, үлкен қалаларда өзінің құрылымдық бөлімшелерін жасақтағалы отыр. Бұл да ортақ іске пайдасын келтіреді. Себебі өңірлердің өзінде репрессия шарпымаған сала кемде-кем. Сондықтан бұл жерде өлкетанушылардың да еңбегі дұрыс көрініп қалады деген ойдамыз. Әдістемелік негіздердің басы-қасында экс-сенатор, «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы Сабыр Қасымов та бар. Ол кісінің тәжірибесі жетеді. Сабыр Ахметжанұлының онлайн беріп отырған кеңестерінің де ғалымдарға тигізер пайдасы көп», – дейді.Деректердің көбі құпия сақталған
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мақсаты – орнықты шешім қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету. Комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтары құрылып жатыр. Соның ішінде құпиясыздандыру бойынша кіші комиссия құрылды. Оған мен жетекшілік етемін. Ендігі жерде алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрмеуі шешуді қажет ететін күрделі тарихи мәселелер тұр», – дейді. Депутаттың айтуынша, ғалымдар тиісті ведомстволардың архивінде жұмыс істеу кезінде көп кедергіге ұшырап жатыр. Оның бірден-бір себебі – деректердің құпия сақталуы. Бұл мәселені шешу үшін Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органы сол мекемелермен келіссөз жүргізіп, біртіндеп-біртіндеп құпиясыздандыруды қолға алған. Ол «деректер тек ғалымдарға емес, ата-бабасымен танысқысы келетін кез келген азамат үшін қолжетімді болуы керек» деген ойда. Комиссия жұмысының арқасында зерттеушілер мен ғалымдарға жабық болып келген архив деректерін алуға, пайдалануға рұқсат беріле бастады. Осы күнге дейін беймәлім болып келген құпия құжаттар аз емес. Ғалымдар «кезінде НКВД қызметкерлері атылған адамдардың мәйіттерін аттарын атамастан көміп отырған. Осындай жайттар анықталып жатыр. Әсіресе, сол кездерде астана болып тұрғандықтан, мұндай жағдай Алматыда көп болған екен. Қазір құпия құжаттарды архивтерден қопарыстырып, Ресейдің ФСБ-сының құпия құжаттары бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын» айтады. Комиссия жұмысының жүзеге асқанына да көп болған жоқ. Жұмыс кеше ғана басталды. Әзірге цифрларды сөйлетуге әлі ерте секілді. Себебі бұл бір күннің жұмысы емес. Өкінішке қарай, ғалымдар зұлмат жылдары қанша адам құрбан болды дегенде нақты цифрды айта алмай келеді. Сондықтан бұл тақырыпқа әлі де ғылыми тұрғыда баға беру қажет. Осы орайда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия тарихи әділеттілікті қалпына келтіре ала ма? Мәселе – осында.Айым БЕКТҰР