Баланың бал күлкісін көргеннен асқан бақыт бар ма? Олар біздің болашағымыз, еліміздің келешегі. Ендеше олардың жазатайым жағдайға ұрынып қалмай аман-есен ержеткеніне, жоғары дәрежеде білім алып, денсаулығы мықты болып, түрлі үйірмеде өзін-өзі дамытқанына, ал ең бастысы құқығының бұзылмағанына және ар-намысының тапталмағанына бәріміз де жауаптымыз. Бұл – мемлекеттің ең бірінші кезектегі міндеті. Өркениетті қоғамның бір белгісі осы болса керек. Бұл жұмыстардың еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда жоғары дәрежеде жүргізіліп келе жатқанын атай кету керек. Қазақстан егемендік таңынан-ақ бала құқығын қорғаудың ұлттық моделін құра білді.
Бала саны артып келеді
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бала құқығына қатысты 15 халықаралық құжатты ратификациялаған екен. Олардың ең негізгілері – 1959 жылғы Бала құқы туралы декларация, 1989 жылғы БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясы және 1990 жылғы Балалардың өмір сүруін, қорғалуын және дамуын қамтамасыз ету туралы Бүкіләлемдік декларация. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бала құқығы туралы» конвенциясына қосылғаннан бастап бала құқығын қорғау жұмысына баса назар аударып, күш салып жұмыс істеп келеді. Елбасымыз бағдарламалық құжаттарда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде балалардың құқығының қорғалуын белгіледі. БҰҰ-ның Балалардың құқықтары жөніндегі комитеті ұсынымдарына сәйкес 2006 жылы балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Ал балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (БҚУ) институты құрылды. Елбасының бұл шешімі Қазақстандағы балалардың құқығын нығайтуға және жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес болды. БҚУ институты құрылғаннан бастап қысқа мерзім ішінде республикада балалардың құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін дамытудың белгілі бір орталығы қалыптасқанын мойындау керек. Бүгінде бұл институтқа Аружан Саин басшылық етеді. 2020 жылғы соңғы мәлімет бойынша бүгінде елімізде 6,1 млн-нан астам бала бар екен. Яғни, бұл Қазақстандағы халық санының 3/1-ін 17 жасқа дейінгі балалар құрайды деген сөз. Бұл осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда 20%-ға артық. Соның ішінде 3,5 миллионы оқушылар болса 2,6 миллионы – мектеп жасына дейінгі балалар. Олардың 894 мыңнан астамы балабақшалар мен миниорталықтарға барады. Осы алты миллион баланың денсаулығын сақтап, білім беріп, бос уақытын тиімді өткізіп, әлеуметтік қолдап, құқығын қорғау, заңмен шатылғандарына жеңілдік жасап, жасөспірімдерінің жұмыс істеп, табыс табуына жағдай туғызу – мемлекеттің міндеті. Демографиялық ахуал бойынша 2000 жылдан бері елімізде бала туу көрсеткіші жылына 400 мың нәрестеге дейін өскен екен. Яғни, 20 жылда 1,4 есеге артқан. Бұл тұста Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстары көш бастап тұр. Ал 1990 жылдан бергі кезеңде Қазақстанда ана мен бала өлімі 3 есеге кеміп, йод жетіспеушілігі себебінен болатын аурулар толығымен жойылған. Сонымен қатар еліміз АИТВ мен ЖИТС ауруларының анадан балаға берілуін толықтай дерлік жоя алды. 2008 жылдан бері Қазақстан бала туудың халықаралық критерийіне өтіп, перинаталдық орталықтар құрылуына сәйкес елімізде нәрестелердің өлімін азайтуда үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізді. Тіпті, неонаталды өлім-жітім 50%-дан астам көрсеткішке дейін қысқарды. Әйтсе де, сәби өлімі Қазақстанда әлі де болса өзекті болып отыр. Аймақтарда перинатальды және неонатальды күтім мен туғаннан ауру болған нәрестелердің күтімі туралы бағдарламалар соншалықты тиімді жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл тұрғыда ЮНИСЕФ қоры жаңа туған нәрестенің бастапқы даму кезеңін қолдау мақсатында медицина қызметкерлерінің машығы мен біліктілігін арттыру үшін техникалық көмек көрсетуде.Омбудсмен – ұлттық жүйені жетілдіруші
Елімізде балалар құқығы туралы уәкіл жайлы 2002 жылдан-ақ айтыла бастаған болатын. БҰҰ комитетінің ұсынысымен бұл ұғым «Бала құқы туралы» заңға енгізілген еді. Ал одан соң 2016 жылы оның нақты өкілеттігі бекітілді. Балалар құқығын қорғаушысының маңызды өкілеттігінің бірі - оның мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне ықпал ету құқығы. Омбудсмен институты еліміздегі балалардың құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіре алды. Әйтсе де, балалардың құқығын қорғаудың ұлттық жүйесінің әлі де пысықтауға жататын тұстары баршылық. Мәселен, бүгінде елімізде «Омбудсмен туралы» заңды қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанында Аружан Саин көптеген мәселе көтерді. Кездесу барысында уәкіл институтын «Омбудсмен туралы» заң қабылдау арқылы және мемлекеттегі құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан қолдау мәселесі талқыланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе көтерілген мәселе бойынша бірқатар тапсырма беріп, мұны әрқашан жіті бақылауында ұстайтынын айтты. Президент барлық баланың құқығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орындалуы, балалардың мұқтаждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажеттілігіне жұмсалуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы балалардың құқығына қатысты заңбұзушылықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттің жолы кесіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, балалар құқы уәкілінің қызметі қоғамдық бастама негізінде жүзеге асырылады. Яғни, онда ешқандай да штат немесе еңбекақы мәселесі қарастырылмаған. Ал шындығында, қыруар жұмыс атқарылып жатқанын ескерсек, бұл жұмысты жүргізу үшін омбудсменге әділет, заң, медицина, экономика, педагогика, спорт, мәдениет сынды түрлі саладағы сарапшылар аппараты, ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыратын материалдық-техникалық база керек. Бүгінде бұл қызметті Аружан Саин өзінің «ДОМ» қайырымдылық қорының көмегімен жүзеге асырып отыр. Оның сыртында түрлі саладағы волонтерлер көмектесуде. Сондықтан да оның мақсаты бұл лауазымға келетін келесі омбудсменге заңмен бекітілген, тиімді жұмыс жүргізе алатын команда қалдырып кетпекші. Президентпен кездесуде Аружан Саин балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған Мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі Жол картасының орындалуы жайында айтып, талма, орфандық және басқа да ауруларға шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шешілмеген проблема барын жеткізді. Балалар омбудсмені 2020 жылғы 30 желтоқсанда Президент қол қойған заңның күшіне енуіне байланысты қалыптасқан ахуал жайында сөз етті. Аталған заң мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар туралы түсінікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді. Бұл ретте Аружан Саин мемлекеттік тапсырысты орындау үшін әкімдіктер бөлген бюджет қаржысының аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президентке денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру жүйелеріндегі мекемелерде, оның ішінде интернатта, балалар үйінде және мамандандырылған интернаттарда білім алатын балалардың құқығын қорғауға бағытталған бірқатар ұсынысты айтты. Сондай-ақ балалар құқығын қорғауға байланысты заңбұзушылықтар анықталғанын атап өтті.Нұрлан ҚОСАЙ