Алаш зиялыларының шет тілінен аударған еңбектері
Алаш зиялыларының шет тілінен аударған еңбектері
981
оқылды

Соңғы жылдары Алаш тақырыбын зерттеп жүрген ға­лымдар өте көп. Олардың осы тақырыпта жариялап жатқан жаңалықтары да көп. Сондай ғалымдардың бірі – филолог Айбек Нәби алашордашылардың шетел классиктерінен аударған, еш жерде жарияланбаған тың туындыларын тапқан екен. Қазір бұл еңбектер жинақталып, зерделеніп жатыр. Бұл аудармалардың ерекшелігі неде? Біздің ғалымнан білгіміз келгені де осы.

– Айбек мырза, ел-жұрттың көзі түспеген жауһарларды қайдан тауып алдыңыз? – «Отбасы хрестоматиясы» сериясын баспаға даярлау бары­сында қа­жетті материалдар іздеп ар­хив­терге түскенде, латын қарпі­мен жазылған кітапшаларды көр­дік. Мұны Ұлттық кітап­хананың си­рек кітаптар қорынан көр­генмін, дегенмен жұмыс істеуге қолайлы болу үшін еліміздегі си­рек кітап­тар орналасқан Kazneb порталы­ның цифрлы қорынан алдық. Қарасақ, шет тіліндегі әдеби кі­таптардың қазақша ау­дармасы. Авторы «Сәлкен», «Ысқақ», «Ра­қым», «Ғ.Себепов» сынды ла­қап атпен берілген. 2020 жылы карантин кезінде жұрттың көбі үйге қамалып, бос отырды. Жалпы, осындай дү­ние­лер шығарып жүрген соң бізге во­лонтерлер көп хабарласады. Қо­лынан келгенше көмек беріп, мәнді бір іспен айналысқысы ке­­леді. Сондай бір кезде Динара Сұлтанқызы есімді қыз телефон соғып, көмек қолын созды. Есіме баяғы архивте көрген кітаптар түсті. «Жан Кристоф» деген бір кітапты кирилл әрпіне түсіріп беруге өтініш жасадық. Екі күн болмай әлгі қыз кітапты дайын­дады. Оқып шыққанда, таңғалдық. Тілі өте шұрайлы. ХХ ғасырдың басындағы қаймағы бұзылмаған қазақ тілі. Кітаптың кейіп­кер­ле­рінің орнына құдды бір қа­зақ­тың би-шешендері сөйлеп жат­қандай. Осылайша, бұл про­цесс жалғасып кетті. Карантин кезін пайдаланып, 40-50 кітапты редак­циялап, бас­паға дайындап қой­дық. Бірақ мақсат үлкен болға­нымен, көп нәрсе қаржыға тіре­леді емес пе? Шама жеткенше, 11 кітап шы­ғарып үлгердік. – Бұл қашан жарық көрген кітаптар? Қайда басылған? Кімнің демеушілігімен жарыққа шыққан? Оның Алаш ардақтыларының ең­бегі екенін қайдан білдіңіздер? – Бұл кітаптар 1935-1940 жыл­дар аралығында жарық көрген. Алғашқысы төте жазумен шықса, кейінгісі латынмен басылған. 1940 жылы біз кирилл альфавитіне ауысқанда бұл кітаптар бірте-бірте ысырылып, архивтің түбінде қалып қойған. Біздің есебімізше, шамасы 200-ден астам дәл осындай кітап бар. Енді бұл кітаптарды кім шы­ғарды дегенге келсек, оның та­рихы былай. 1922 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Мәскеуге «культурный ссылкаға» жіберіледі. Алашорда үкіметі та­райды. Әлиханның саяси іспен айналысуына тыйым салып, күні-түні бақылауда отырады. Яғни, мырзақамақта болады. Тек бір ғана ағартушылықпен айна­лысуына рұқсат етіледі. Сөйтіп, «Интернационал» баспа үйіне қызметке тұрады. Сол жерден қазақ бөлімін ашады. Бұл баспа орны негізінен әр тілде әртүрлі кітап шығарумен айналысады. Әлихан сонда келген соң жанына Мағжанды алады. Сөйтіп, екеуі шет тілінен аударылатын кітаптың тізімін жасайды. Сосын ол кі­таптарды сатып алып, Қа­­зақ­стандағы бұрынғы Алаш зия­лыларына жолдайды. Олар шет әдебиеттерін қазақшаға аударады. Шамасы, «Қазақ көркем әдебиет» баспасынан шыққан болуы керек. Оны қайдан білдің дейсің ғой?! Алаш зиялысы А.Байтасовтың Жүсіпбек Аймауытовқа жазған хаты бар. Сонда «Қазір Әлихан мен Мағжан «Восиздатта» жұмыс істейді. Соларға хабарласып, аударуға кітап аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кі­таптарын қазақшаға аудару керек деп жүрген. Қаласаң қа­зірден бастап аударуға кітап сұрауың керек», – дейді. Көрдіңіз бе, осылайша Алаш зиялылары Әлиханнан аударуға кітап алып тұрған. Тағы бір мысал, Абайдың баласы Тұрағұлға Джек Лон­донның кітабын жібереді. Ол Лондонның «Мартин Иден», «Киш туралы аңыз» деген кі­тап­тарын қазақшаға аударады. Бірақ өз атын көрсетпей, «Рақым» деген лақап ат қолданады. – Аударманың тілі, ерекшелігі туралы не айтасыз? – Аударманың тілін жоғарыда бір айтып өттім. Еркін аударма әдісін қолданған. Немесе нәзира дәстүрі деп айтса да болады. Нәзира дәстүрін мынадай мы­салмен түсіндірсе болады. Мә­селен, Фердауси «Шахнаманы» жазып шығады. Оны Тұрмағамбет Ізтілеуов сөзбе-сөз аудармайды, бір оқып алып, өз түсінігімен жа­зып шығады. Сол сияқты Тұрағұл да Джек Лондонның шығар­маларын сөзбе-сөз аударып отыр­майды. Бір оқып алады да, түсінігін қазақша жазып шығады. Оқығанда шетел әдебиеті деп ойламайсың. Қазақтың туындысы сияқты. – Өте игілікті іс жасап отыр­сыздар. Енді осы істе мемлекет тарапынан қандайда бір көмек көр­сетіліп отыр ма? – Енді кітапты шығаруға кел­сек, мемлекет тарапынан қол­дау көрсетілген жоқ. Бірнеше лауа­зымды шенеунікке апарып көр­сеттік. Көбі «Алаш» деген ат­тан қорқады. Осы үрей батыл ше­­шім қабылдауға мұрсат бермеді. Сон­­дықтан жеке азаматтардың қол­­дауымен шығарып жатырмыз. Кітаптардың сапасы ескірген болуы керек. Мен сирек кездесетін кітаптар қорынан көргенде көбі тозған. Сондықтан оларды цифр­лап, kazneb порталына ор­на­ластырған. Біз сол жерден алып, пайдаланып жатырмыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Әзірге баспаға дайын тұрған 40-50 кітапты басып шығарамыз. Сосын архивте жатқан қалған кітаптарды редакциялауға, яғни латыннан кирилл әрпіне түсіруге кірісеміз. Елдегі кітапханаларға да прайс-листін жіберіп көрдік. Мүмкін, мемлекеттік тапсы­рыс­пен алар деп ойлағанбыз. Кей­біреулері алды. Ал енді бі­реулері келер жылы жоспарға енгіземіз деп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ