Балалар Түркістанға саяхат жасады
Балалар Түркістанға саяхат жасады
500
оқылды

1 маусым – Балаларды қорғау күні халықаралық мерекесіне орай «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен «Jas Otan» Жастар қанаты игі істі үйлестіріп, балаларға тамаша сый жасады.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 50 бала Түркістан қаласына саяхат жасап, жаңа әрі тартымды демалыс орындарын аралады. Атап айтар болсақ, Сайрам ауданын­дағы балалар үйінің 30 тәрбиеленушісі мен Отырар ауданы және Кентау қала­сын­дағы көпбалалы отбасылардан шыққан 20 жасөспірім бала Түркістан­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті. Сонымен бірге кесене маңындағы жаңа кейіпке енген демалыс орындарын аралады. «Керуен сарайда» тыныққан балалар қабылдау орталығына келіп, Түр­кістанның тарихымен, туристік орын­дарымен танысты. «Сиқырлы керуенде» асыр салып ойнап, тарихи-мәдени эт­но­гра­фиялық орталығын та­машалады. «Хандар ордасы» монументіне барып, қазақ хандарының тарихымен танысты. Түркістан Балалардың демалуына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егамбердиева, Кентау қалалық мәслихатының хатшысы Талғат Балабиев және отырарлық жеке кәсіпкер Мерей Дүйсенбай демеушілік жасады. «Жасотан­дық» жастар оқушыларды алаңсыз қы­дыртып, көңілдерін көтерді. Сонымен бірге партияның облыстық филиалының бастамасына «Керуен сарай» ойын-сауық орталығының басшылығы да қолдау көр­сетіп, жеңілдіктер жасап, әдемі саяхатқа үлес қоса білді. Түркі әлемінің орталығын алаңсыз аралап, қиялдарына қанат біткен балалар Түркістанның көз тартар сұлулығына сүй­сінгендерін жасыра алмады. Олар өздеріне керемет мереке сыйлаған аза­маттарға алғысын білдіріп, оқуда озат болатындарын жеткізді.

Әбілмансұр ЖАСАН