Қазақстанда бір ғана қызметі үшін бірнеше миллион теңге ақы алатын мамандық иелері бар. Бірақ әңгіме брокерлер не заңгерлер туралы емес, риэлторлар туралы. Бұл кәсіп өкілдері үй сатушыдан да, сатып алушыдан да ақы алады. Құзырлы органдарға риэлторлар ісіне қатысты көп шағым түседі. Сарапшылар бұлардың қызметін реттейтін жеке заң қабылдауды ұсынып отыр. Әйтпесе, олар баспана бағасын қымбаттатуға үлес қосуда.
Қара риэлтордың қарекеті де қарау
Риэлторлық қызметтің бір ұшы қылмыспен ұштасып жатқаны жасырын емес. Ондайларды «қара риэлтор» деп атайды. Азаматтардың үйін арзанға не тегін алу үшін бұл қаскүнемдер психотроптық заттарды қолданудан арланбайды. Сондай-ақ азаматтар атына несие ашып, борышы үшін үйін тартып алу схемасы да пайдаланылады екен. Биыл жыл басында Алматыда қайтыс болған және өз әрекетіне жауап беруге қабілетсіз жарымжан жандардың баспанасын тартып алып, миллиондап пайда тапқан қылмыстық топ анықталды. Бір жыл ішінде олар алты пәтерді заңсыз қолға түсірген. Құқық қорғау қызметкерлері жолын кеспегенде бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Топқа 49 жастағы полиция подполковнигі жетекшілік еткені белгілі болды. Ол Алматының Криминалды полиция басқармасының ерекше маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі болып қызмет атқарған. БАҚ хабарлауынша, басты мегаполисіміздегі қылмыстық ахуал жөніндегі жедел баяндамаларға, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық базаларына қол жеткізе алған полицей мұрагері жоқ жалғызбасты азаматтар туралы мәліметтерді іздеумен айналысқан. Бұл деректерді полиция офицері таныс риэлторына – 55 жастағы алматылық әйелге беріп отырған. Мәселен, ол көп жыл қамқорлық жасап келген анасынан айырылып, жалғыз қалған шизофрениямен ауыратын мүгедекке, күн сайын тегін арақ жеткізіп, маскүнем еткен. Соңынан сеніміне кіріп, баспанасының кілтін, барлық құжатын қолға түсірген және кейін сату үшін оны өз атына көшіріп алған. Осы арқылы бір ғана зардап шегушіге 4,4 миллион теңгеден астам сомаға шығын келтірді. Сондай-ақ мұндай зәлім риэлторлардан пәтер сатып алған өзге адал адамдар да алданып, сан соғады, мол қаражатынан айырылады. Әрине, риэлторлық қызметпен айналысатын мамандардың басым көпшілігі қылмысқа бармайды. Алайда соның өзінде қарекеті заңсыздық пен бассыздыққа көбірек ұқсайды. Қарағандылық Марат Қосшиев бұлармен бірге жұмыс істеймін деп проблемаға жолыққанын жеткізді. Ол басқа қалаға көшетіндіктен, Қарағандыдағы баспанасын сатпаққа ниеттенеді. «Содан «Срочно куплю квартиру в вашем доме!» деген хабарландыруды байқап, көрсетілген телефонға хабарластым. Үй іздеген біреу болар дегенмін. Риэлтор болып шықты: «Сіз қалаған бағаға тез сатып беремін» деп асты-үстіме түсті. Хабарландыру бермеуімді сұрады. «Жарайды» деп келісе салдым. Келісімшарт бекіттік. Арада біраз уақыт өтті. Лайықты клиент тауып бере алмады. Амалсыз қолды бір сілтеп, өз бетіммен іздеп, сатып алушыны таптым. Үй өтіп кеткенде, риэлтор есік қағып, жаңа қожайынды қорқытыпты. Сондағы айтатыны, бұл пәтер оның базасында тұр, иесімен келісім бекітілген, сондықтан сатып алушы оның қызмет ақысын төлеуге міндетті. Әйтпесе, таныс ЖСО-ларын салып, баспананы тартып алатынын мәлімдеп, доқ көрсеткен. Маған да әртүрлі нөмірден қоңырау соғып, мазалап жүр», – дейді М.Қосшиев.Ештеңеге жауап бермейтін мамандық
Мемлекет коллекторлардың және жеке сот орындаушыларының қызметін біршама реттеді. Оларға өзге нөмірлерден телефон соғуға, борышкердің туысқандары мен таныстарын мазалауға, демалыс және мереке күндері кездесуге шақыруға тыйым салынған. Риэлторлардың мінез-құлық, жүріс-тұрысы бұлай реттелмей тұр. Елордалық Әсет те осы кәсіп иелерінің алдауына түскенін айтады. Сүйікті қызы екеуі жеке үй жалдап тұруға бел буады. Сайттардың бірінен қалаған жерден пәтер табады. Оны жылжымайтын мүлік агенттігі жалға береді екен. Оның өкілі баспана қожайынымен жүздестірген. «Жұмысқа жақын, Жеңіс көшесіндегі тұрғын үйде орналасқан пәтерді көрдік, ұнаттық. Иесі кексе әйел екен, өзара телефон нөмірін алмасып, ертесіне, сенбі күні көшіп келуге уағдаластық. Себебі ол күні жұмыстан сұранып барған болатынбыз. Риэлторға қызметі үшін ақысын төлеп, бейбіт тарастық. Бір сағат өтпей жатып, үй қожайыны хабарласып тұр: біз кеткесін ойласа келе, аренда құнын азсыныпты. Тағы 10 мың теңге қосуды сұрайды. 26 жастағы риэлторымызға телефон шалып, жағдайды баяндадым, мәмілелескендіктен, жалдау ақысын өсіргені дұрыс емесін ескерттім. Ол ештеңе істей алмайтынын мәлімдеп, телефонын өшіре салды. Артынша үй иесі басқа адамға жалға беріп жібергенін жеткізді. Осыдан кейін риэлтор өзге пәтерлердің дерегін WhatsApp арқылы қаптатып лақтыра бастады. Жұмыстан сұранып, оның бәрін аралап жүруге уақыт жоқ. Ақыры пәтер де қолға тимеді, риэлтордан да ақымызды қайтара алмадық» деп ренжиді Әсет. Тұтынушыларды осы сала қызметкерлерінің сауатсыздығы, жалқаулығы, біліксіздігі ашындырады. Кәсіпкер Жарас Омарханов Алматыдағы көпбөлмелі пәтерін жалға бермек болады. «Тендер ұтып алып, басқа қалада тұрақты жұмыс істейтін болдық. Таныстар ұсынған жылжымайтын мүлік агенттігінен риэлтор шақырдым. «Маған ай сайынғы ақыны адал төлейтін, үйді бүлдірмей ұстайтын отбасы керек. Гастарбайтерлерді, жеңіл жүрісті қыздарды маған бағыттамаңыз. Сіздер клиенттердің ішінен парасатты, келісті, табысты дегендерін іріктеп жіберіңіздер!» деймін ғой өз талабымды нақтылап. Риэлтор бас шайқайды: «Біз олай іріктемейміз, ағасы! Кім пәтеріңізді жалға алуға тілек білдірсе, соның бәрін әкелемін. Олай таңдап отырсақ, бұл ғасырда клиент таппаймыз», – дейді. Егер қалаған адамның бәрі келіп көре берсе, үйім базарға айналып кетпей ме? Сонда агенттіктің көрсететін қызметі қандай?» деп ашуланады кәсіпкер.Саланы реттейтін заң керек
Қоғам белсендісі Кенжегүл Таласбаева осы саланы реттеуді сұрап, Үкімет мүшелеріне жүгінді. «Жылжымайтын мүлкін сатқысы келетін адамдар «Этажи», «Крыша», OLX, «Маркет» және басқа сайттарда хабарландыру орналастырады. Риэлторлар осы сайттарды жағалайды. Яғни, сайттарда онсыз да тегін орналастырылған хабарландыруларды сатып алушыларға ақыға сатып, делдалдық қызмет көрсетеді. Қазір риэлторлар қызметі заңнамада толыққанды реттелмеген. Олар Азаматтық және Кәсіпкерлік кодексті басшылыққа алады. Салдарынан еліміздің әр өңірінде риэлторлық қызметтер құны, тарифі әртүрлі болып келеді. Бірқатар қалада риэлторлар сатушыдан да, сатып алушыдан да ақы алады. Сонымен бірге риэлторлар жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеуде көмек көрсетпейді. Үй сатыла салысымен, ақысын алып, тайып тұрады. Баспананы көрсеткеннен басқа ештеңе істемейді. Сонда бұларға тұтынушылар не үшін ақы төлейді деген сауал туады», – деді ол. К.Таласбаева Үкіметке біріншіден, «Риэлторлық қызмет туралы» жеке заң қабылдауды ұсынды. Мысалы, Өзбекстанда, Ресейде осындай бөлек заңдар бар. Екіншіден, нотариус, ЖСО-лар секілді риэлторлар қызметінің де бірыңғай тарифін не шекті межесін бекіту қажет. Бұл ретте оларды тек бір тараптан ақы алуға міндеттеген жөн. Үшіншіден, барлық жылжымайтын мүлік агенттігіне, риэлторларға жаппай тексеріс жүргізіп, тіркеуге алу керек. Төртіншіден, сала мамандарының қатарын «қара риэлторлардан», біліксіз, тентек, жалақор адамдардан тазартқан маңызды. Бесіншіден, риэлторларды лицензиялаған абзал. Тиісінше, егер заң бұзса, қылмысқа барса, лицензиясынан айырылады. Бұл мәселеге орай тұрғын үй саласына жауап беретін меморган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түсініктеме берді. «Бүгінде риэлторлық қызметтер нарығы заң жүзінде реттелмейді. Бұл қызметтер өзін-өзі реттейтін салаға жатады. Риэлторлық қызметтер секторында қатысушылар арасындағы қарым-қатынастар өзара бекіткен келісім аясында реттеледі. Демек, Азаматтық кодекске сай, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады. Әйткенмен, бұл мәселе бойынша құзырлы меморган – Сауда және интеграция министрлігіне жүгінген жөн» деп түсіндірді ИИДМ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов риэлторлар қызметін реттеу өз министрлігінің құзырына кірмейтінін мәлім етті. «Риэлторлық қызметтер мемлекет тарапынан мүлдем реттелмейді деуге болмайды. Рас, оларға арналған жеке заң жоқ, олардың қызметі басқа заң мен заңнамалық актілерде қамтылған: Кәсіпкерлік, Азаматтық, Салық кодекстері, «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы», «Жарнама туралы» заңдары риэлторлық қызметті белгілі бір шамада реттейді. Яғни, заңдар бар. Заңнамада жазылмаған жалғыз нәрсе – риэлторлар алатын комиссия мөлшері. Бірақ комиссия сомасын уағдаласушылар өзара келісіп, белгілей алады», – деді министр ресми блогында. Мамандардың мәліметінше, риэлторлар қымбат пәтерлер мен коттедждерді өткізсе, сату құнының 1-2%-ы көлемінде комиссия алады. Сала мамандарының форумында алматылық риэлтор Медеу ауданындағы элиталы 1 пәтерді сатудан 4 миллион теңгеден астам пайда тапқанына мақтанады. Арзанқол пәтерлер мен үйлер үшін риэлторлар 400 мың теңге сұрауы мүмкін. Ал аренда саласында тариф тұрғын үйдің мәртебесіне байланысты: бюджеттік баспаналар үшін риэлтордың қызметі – жалдау ақысының шамамен 20%-ын құрайды. Сән-салтанатты тұрғын үйлерде бұл делдалдың комиссиясы ай сайынғы жалдау құнының 30–100%-ына дейін жетуі мүмкін. Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан мен Алматыда риэлтор қызметінің ақысын екі жақ та төлейді. Делдалға жүгінбей-ақ, өз бетінше үй іздейтіндер бар. Дегенмен ол үшін адамның қолы бос, уақыты көп, әрі астында көлігі болуы керек. Оның үстіне сатып алушы өзге өңірден келсе, бөтен қаладағы жағдайдан хабарсыз болуы мүмкін, сол себепті жергілікті жылжымайтын мүлік маманының ақылына жүгінуге мәжбүр. Салдарынан кикілжің туады, онсыз да шарықтаған баспана бағасы тіпті көтеріледі. Мысалы, Өзбекстанда арнайы заңға сәйкес, осы делдалдар қызметі лицензияланады. Бұл қызметпен айналысу үшін маман «риэлтордың біліктілік сертификатына» ие болуы шарт. Бұған қоса, әр риэлтор азаматтық жауапкершілігін сақтандырып, полис алуға міндетті. Нәтижесінде, егер ол тараптардың біріне материалдық шығын келтірсе, лицензиясынан айырылады, ал залалын сақтандыру компаниясы өтейді. Бәрін нарықтың реттеуіне жіберген дамыған, көп алға озған елдерге жалтаңдай бермей, кейде іргедегі елдің ілкімді, ізгі үлгісін өзімізге қабылдаған да дұрыс-ау. Риэлторларға ынсап-қанағатқа мойынсұнып, тарифін түсіргені маңызды. Сонда лицензиялау қаупі төнбейді, өзін-өзі реттеу аясында қалады.Айхан ШӘРІП